Танымал әнші Индира Елемес журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында қоғамда қызу талқыланып жатқан отбасылық өмірі мен марқұм сазгер Арман Дүйсеновке қатысты қаржылық дау жайлы бар шындықты айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әнші көпшілік арасында тараған «екінші әйел» деген қауесетке нүкте қойып, күйеуіне тағылған айыптауларға жауап берді.
Индира Елеместің айтуынша, ол болашақ жарымен мерекелік кештердің бірінде танысқан. Көпшілік болжағандай, әнші оның екінші әйелі емес. Таныстық кезінде жолдасы заңды некеде болмаған, яғни бойдақ болған.
«Қазір жұрттың бәрі мені біреудің отбасын бұзды немесе екінші әйел болды деп жазып жатыр. Бұл – қате пікір. Біз танысқанда ол кісі бос еді. Арамызда 19-20 жас айырмашылық бар. Ол кезде жолдасым өте сымбатты, көрікті жігіт болды», – деп ағынан жарылды әнші.
Сұхбат барысында ең өзекті мәселе – марқұм сазгер Арман Дүйсенов пен Индираның күйеуі арасындағы ірі көлемдегі қарыз мәселесі де көтерілді. Әнші екі достың арасындағы қаржылық келісімдерден мүлдем бейхабар болғанын жеткізді.
Бұл туралы ол алғаш рет маусым айында Арман Дүйсеновтің жесірі Айсұлу ханымнан естіген. Бірақ оқиғаның екінші жағы бар болып шықты.
«Мен олардың арасында ақшалай алыс-беріс барын білмедім. 67 миллион теңге туралы әңгімені естігенде, жолдасымнан сұрадым. Ол бұл ақпаратты жоққа шығарды. Тіпті, керісінше, «олардың маған қарызы бар» деп айтты», – дейді Индира Елемес.
Еске сала кетейік, бұған дейін Арман Дүйсеновтің жұбайы марқұм күйеуінің атынан ірі көлемде ақша алынғанын айтып, халыққа үндеу жасаған еді.
