in

Аңыздар алаңда айқасты

Айтулы мерекеге орай ел астанасында футбол тарихындағы әлемдік деңгейдегі жұлдыздар мен Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншылары жолдастық кездесу өткізді. 

Футболдың бастауы

Ұлтымызға аяқ доп со­нау Кеңес үкіметінің дәуі­рінде кірген. Алғашқы­лар­дың бірі болып Семейде «Олимп», «Лас­точка», «Ор­ля­та» және «Ярыш» командалары құрыл­ған. Қазақ әдебиетінің тау тұл­ға­лы жазушысы Мұхтар Әуе­зов өз заманында осы «Ярыш» клу­бында доп тепкен. Мұх­тар­мен ілесіп қазақ жас­тары да фут­болға кіре бастады. Се­мей­лік футбол жылнамашысы Ев­гений Один тапқан деректерге сүйенер болсақ, «Ярыш» ха­лық­аралық бәсекеге қатысқан алғашқы команда болып есеп­теледі. Әңгіме «Ярыштың» Се­мей қаласындағы Бірінші дү­ниежүзілік соғыс тұтқын­да­рынан жасақталған командаға қарсы өткізген кездесулеріне қа­тысты. Әскери тұтқындар арасында біздің командаға қар­сы 1912 жылғы Олимпиада ойын­дарының екі қатысушысы өнер көрсеткен. Қазақстандық фут­болдың қарлығаштары ал­ғашқы ойындарын Қазан төң­керісіне дейін күз сайын өткі­зі­летін атақты Семей жәр­мең­кесі өтетін алаңқайда өткізіп келді.

Бертінге дейін қазақ фут­болы талай эволюция­лық төңкерістен өтті. Ақыры еге­мендік алғаннан кейін 1992 жы­лы Қазақстан Футбол  фе­де­ра­циясы өз қазығын қадады. Одан тағы бірнеше жылдан кейін 2002 жылдың 25 сәуірінде ресми түр­де Еуропалық футбол қауым­дастықтар одағының (УЕФА) құра­мына кірдік. Дәл осы күннен бас­тап футболымызда жаңа леп пай­да болды.

Тірі аңыздар – Астанада

Елордамызда Қазақстан фут­бол қауымдастығының ұйым­дас­тыруымен аңыздар ойыны өтті. Жал­пы, футбол әлемінде аңыздар ойы­ны жиі болып тұрады. Өз за­ма­нының жұлдызы әрі шебер атан­ған ойыншылары өзара жол­дас­тық кездесу өткізіп, халықтың қо­шеметіне тағы бір бөленіп қайт­ты. Бұл – футбол тарихын дә­ріптеу, аңыз ойыншыларды құр­меттеу мақсатында өткізілетін ша­ра. Футболдың екі патшасы ата­нып кеткен Пеле мен Мара­до­на да сонау 90-жылдары бірге матч өткізген деседі. Содан бері бұл дәстүр жалғасын тауып келе жа­тыр.

Жолдастық кездесуге әлем аңыз­дары құра­ма­­­сы­ның сапында Пор­туда қақпашы бо­лып талай трофейді қанжы­ла­ған  Витор Байя, әйгілі Зидан­ның ба­сын кеудесімен тосқан Мар­ко Ма­терацци, Ин­терде ең көп матч өт­кізіп, ре­корд тір­ке­ген Хавьер За­нетти, әлем чем­пионы Крис­тиан Зак­кардо, өзінің жыл­дам­ды­ғымен елдің назарын аударт­қан  Дуглас Майкон, қорға­­­нысты бек ұстау­шы Макелеле және де үш түрлі клубпен Чемпиондар ли­гасын ұт­қан жалғыз футбол­шы Кла­ренс Зеедорф ойнады. Тірі аңыз­­дарды көргенде жан­күйер­лер ыстық қолдау көр­се­тіп, бір қуанып қал­ды.

Ал Қазақстан аңыздары құ­рамасы сапында Нұрбол Жұ­мас­қалиев, Давид Лория, Таңат Нөсербаев, Ұлан Қонысбаев және басқа да танымал футбол­шы­лар алаңға шықты.

Ойын басталғалы-ақ қа­зақстандық футбол­шы­лардың белсенділігі байқалды. Олар көбіне бірінші нөмірмен ойнады. Сондай сәттердің бі­рін­де шабуылшы Мұрат Тілешев португалиялық қақпашы Витор Байядан айласын асыра алмады. Көп ұзамай қазақстандықтар өз қақпаларына гол кіргізді. Голды Гаизка Мендиетаның өзі соқты.

Екінші таймда жерлестеріміз та­разы басын теңестіруге ты­рыс­ты. Нәтижесінде, Азат Нұр­ға­лиев өз мүмкіндігін сәтті орын­­дады. Бірінші голдан кейін ол лезде қарсыластың айып алаңын торуылдап жүріп, дәл кел­ген пасты қақпаға түзу тепті. Со­лай командасын алға шы­ғарды. Матч аяқталуға 10 минут қалғанда Давид Лория қорғаған Қазақстан футболының аңыз­дарының қақпасына пенальти белгіленді. Пенальти айып до­бын Англияда ең үздік сұрмер­ген атанып, атақты Манчестер Юнайтедтің атағын көкке кө­терген Димитар Бербатов еш мүлтіксіз орындады. Осылайша, жолдастық кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды.

SMH SPORTS бас дирек­то­ры­ның орынбасары Ника Кев­хишвили ойын туралы қуаны­шын білдірді. «Біз Legends Match-ті Қазақстанға әкел­гені­міз­ге қуаныштымыз және жан­күйерлерге қазіргі заманның ең үздік футболшыларын көзбен көрудің бірегей мүмкіндігін бере­міз. Қазақстандағы ұлттық фут­бол күнінде мұндай матч жас та­ланттарды шабыттандырып, жанкүйерлердің басын бірік­тіріп, матчты одан да көп өткізу үшін барымызды саламыз», – деді ол.

«Біз Legends Match-ті қол­дап, Қазақстандағы спорттық рух пен футболға деген ынта-жігерді ілгерілетуге көмектесуге қуаныштымыз», – деді 1XBET қа­зақстандық маркетинг жө­нін­дегі директоры Юрий Матиун.

Әсет ҚАЛИ