Қаншама жыл өтсе де, аталмыш туынды қазақ баласының сүйіп тамашалайтын мультфильмдерінің қатарынан түскен жоқ. Дегенмен көпшілік «Тоқты мен Серке», «Қажымұқан», «Толағай» атты мультфильмдердің Шымкентте шығарылғанын біле бермейді. Біз режиссер-сценарист, мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбековпен сұхбаттасып, «Сақ» киностудиясының жобалары, қазақ анимациясының болашағы жайлы сұрадық.
– «Тоқты мен Серке» әу баста «Қошқар мен Теке» атауымен жарық көрген еді. Кейін жобаның аты не үшін ауысты?
– Иә, мультфильмнің бастапқы атауы «Қошқар мен Теке» болды. Бірақ ол 2D форматында жасалған еді. Ал «Тоқты мен Серке» Balapan телеарнасымен бірігіп жасап жатқан жоба болғандықтан атын өзгерттік. Өйткені авторлық құқық бойынша «Қошқар мен Текенің» 1-2 сериялары Қазақфильмнің тапсырысымен жасалған. Сондықтан авторлық құқыққа байланысты мультсериалдың атын өзгерттік. Кейбіреулер «Тоқты ұрғашы қойдың аты емес пе?» деп сынап жатады. Қазақта «Еркек тоқты құрбандық» деген сөз бар. Жылқы тай, дөнен, құнан болып бөлінетіні сияқты, қой да жас айырмашылығына қарай бөлінеді. Қозы алты айға толғанда тоқты болады. Тіпті, журналистер де төрт түліктің жас ерекшелігін зерттемей жатып, осындай жаңсақ сұрақтар қойып жүр. Серке көбіне үйірдегі ешкілерге басшылық жасайды. Халық арасында «көшті серкедей бастап жүр» деген теңеулер де бар. Мультфильмді тек балалар ғана емес, үлкендер де көреді. «Тоқты мен Серкеде» айтылған сөздер ел арасына кең тарап, жастардың трендінен түспей жүр десек те болады.
– «Тоқты мен Серкенің» толықметріне кішкентай көрермендерді қандай қызықтар күтіп тұр?
– Balapan телеарнасымен бірігіп жасаған жоба болғандықтан, біз бір сағаттық оқиға ойлап таптық. Толықметрде Тоқты мен Серкені ет сататындар қорадан ұрлап, басқа жаққа қамап тастайды. Ол жақта Тоқты мен Серке басқа да жануарлармен танысады. Ауылын, өз қораларын, атасы мен апасын сағынады. Осылайша, олар қамаудан шығудың неше түрлі әдістерін ойлап табады. Толықметрлі анимациялық фильмге жаңа кейіпкерлер де қосылды. «Қыли» деген қоян басында Гектордың көмекшісі болып жүреді де, кейін Тоқты мен Серкені жақсы көріп кетеді.
– Кішкентай көрерменнің көбі Тоқты мен Серкеде Апокты жақсы көреді. Апоктың бұзықтығына қол соғып қуанып отыратындар да бар. Жалпы, қазіргі балаларға қандай кейіпкер ұнайтынын зерттейсіздер ме? Апок бар сериялар неге аз?
– Иә, Апоктың образы өзімізге де ұнайды. Бірақ мультфильм Тоқты мен Серке туралы болғандықтан, Апоктың сериялары аз. Ол қаланың баласы. Атасы мен әжесіне тек демалыста келіп тұрады. Апок келсе, Тоқты мен Серкенің мазасы кетеді. Себебі ол Тоқты мен Серкеге тыныштық бермейді. Біз де ауылда өскен баламыз. Кішкентай кезімізде қой шомылдырып, қойдың үстіне мінген қызықты оқиғалар бізде де болған. Сондай өмірден алынған оқиғаларды Апок арқылы жеткіздік. Тоқты мен Серке де қарап отырмай, Апокқа қарсы әрекет етеді. Балаларға мультфильм қызық болуы үшін, біз балалардың өз тілінде мәтін жазамыз. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Қазіргі балалар әзіл сөз болмаса, қимыл-қозғалыстары жылдам, қызық болмаса мультфильм көрмейді.
Қазақ ертегілерінде шетелде жоқ кейіпкерлер бар
– Осы уақытқа дейін «Сақ» киностудиясы «әл-Фараби», «Төле би», «Домалақ ана», «Дина. Күй құдіреті» сынды бірнеше туынды жасап, қазақ анимациясына ғана емес, кино индустрияға да елеулі үлес қосуда. Киностудияның негізгі мақсаты қандай? Жалпы, мекемеде қанша кадр жұмыс істейді?
– Кино саласында Қазақстан ұлттық телеарнасының тапсырысымен тарихи фильмдер түсірдік. «Төле би», «әл-Фараби», «Дина. Күй құдіреті» фильмдері осыған мысал. Бірақ «Сақ» киностудиясының негізгі бағыты балалар фильмдері мен мультфильмдер. Атап айтсам, Balapan телеарнасында 7 жыл бойы рейтингте көш бастап тұрған «Томпақ» фильмін біз жасадық. Қазір де балалардың сүйіп көретін сериалдарының бірі. Сосын бүлдіршіндерге әр күн сайын жақсылық жасауды насихаттайтын, тәрбиелік мәні бар «Қалқанқұлақ» телесериалы да біздің өнім. «Сақ» киностудиясында 20 шақты адам жұмыс істейді. Олардың кейбірі – 3D, спецэффект жасайтын мамандар. 3D жасаған кезде әрбір кейіпкерді қаңқасынан бастап құрастырады. Оған терінің түсін таңдап, кейін түгіне дейін қаптап, дайын болған кезде аниматорларға береді. Ал аниматорлар кейіпкердің қимыл-қозғалысын жасайды. Мульфильм жасау – «инемен құдық қазғандай» жұмыс. Сапасы жағынан біз жасап жатқан туындылар «Маша мен аюдан» кем емес. Оны өздеріңіз салыстырып көрсеңіздер де болады. Қазір тапсырыспен «Алан туралы аңыз» деген мультфильм жасап жатырмыз. Бұл жобада Барыстың баласы Алан елін, жерін қорғайтын батыр ретінде танылады. Шетелде «Кунг‑фу Панда» сияқты танымал мультфильмдер бар. «Алан туралы аңыз» да сапасы жағынан жоғары, шетелге де шығаруға лайық мультфильм болып шықпақшы.
– Тарихи жобалар жасаған кезде балаларға қызықты болуы үшін қандай әдістер қолданасыздар?
– Балаға тәрбие беру үшін анимация мен киноның рөлі өте зор. Бізде балалар фильмдері өте аз. Жоғарыда айтып өткендей, «Томпақ», «Қалқанқұлақ» сияқты балалар фильмін көбірек жасауымыз қажет. Мұндай туындылар балаларды елін сүюге, еңбекқорлыққа, білім алуға баулиды. Сосын ертегілерді фильм ретінде жасауымыз керек. «Сақиналар әміршісі», «Нарни оқиғасы», «Хәрри Поттер» туралы фильмдерді бәрі қызыға тамашалайды. Қазақ ертегілерінде шетелде жоқ кейіпкерлер бар. Солардың бірде-біреуін әлі ешкім кино ретінде таспалаған жоқ. Ұлттық кино қорына «Алтын сақа» деген ертегі фильмді 3-4 рет ұсындық. Бәрі жақсы бағаласа да, белгісіз себептермен ертегі киномыз өтпей қалды. Таусоғарларды тірілтуге де, спецэффект жасауға да біздің тәжірибеміз жетеді. «Сақ» киностудиясы ертегілерді экранға шығаруға дайын. Бірақ соған министрліктен, жоғары жақтан қолдау керек. Алпамыс, Қобыланды батыр жырларын да көгілдір экранға шығаруымыз қажет. Көрші Ресей өздерінің «Три богатыря» ертегісіне мультсериял түсіріп тастаған. Шетелдік «Муланның» ішінде біздің көшпенді ата-бабаларымыз бейнеленген. Сол сияқты біз де халық ауыз әдебиетіндегі аңыз-ертегілерімізді жаңғыртуымыз керек. Сонда шетел қазақ тарихымен, мәдениетімен жақынырақ таныса алар еді.
«Толағай» мультфильміндегі мәселе қазір де бар. Қаншама ауыл әлі де ауызсусыз отыр. Толағай өз ауылына су жеткіземін деп тауды көтеріп әкеледі. Біз оны саршұнақты құтқару үшін аяғы тайып, таудың астында қалғандай етіп көрсеттік. Қазір де ауылдан шыққан мықты азаматтар өз туған жеріне су құбырларын тартып, гүлденуіне атсалысып жатса қуаныш емес пе? Олардың Толағайдан несі кем? Міне, бүлдіршін бойындағы патриоттық сезімді мультфильмдер арқылы осылай көрсетуге болады. Менің арманым – қазақ ертегі кейіпкерлерін экранға шығару. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Ертегінің тәрбие құралы екенін министрлер түсініп, қаржы бөліп жатса, экранға шығару біздің қолымыздан келеді.
Қазақ анимациясы бөлек отау тігуі керек
– Қазақ анимациясы қай деңгейде? Болашақта қай бағытта дамуы керек?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын министрліктің бір жиналысына қатыстым. Сол жерде барлығы «Кинодан қалай пайда табамыз?» деп талқылады. Сол кезде Президентіміздің «Балаларды отансүйгіштікке, еңбекқорлық пен жақсылыққа мультфильм арқылы тәрбиелеңдер» деген сөзін атап айттым. Мемлекет басшысы «Мультфильмнен пайда табыңдар» деп айтқан жоқ. Біз балаларды тәрбиелі, еңбекқор, мейірімді, жақсы азамат етіп өсірсек, біздің пайдамыз сол. Жиналыста отырған азаматтар осы сөзден кейін «бұл да жөн екен» деп бір-біріне қарап бас изеді. Нарықта қазақтың төл ертегілері болмағаннан кейін, балаларымыз шетелдің мультфильмдерін көріп, солардың менталитетімен тәрбиеленіп жатыр.
Мемлекет кино индустриясына жыл сайын белгілі бір мөлшерде қаржы бөледі. Мысалы, сол қаржыны торт деп елестетсек, тарихи фильмдерге, мықты режиссерлерге торттың үлкен бөлігін бөліп береді. Ал балалар фильмдері мен анимация ұмытылып, торттың кішкене бөлігіне ғана ие болады. Мұндай жағдай болмас үшін, қазақ анимациясы өзі бөлек отау тігуі керек. Кеңестік дәуірде «Союзмультфильм» бөлек болған. Сол сияқты балалар киностудиясы Қазақфильмнің ішінде емес, бөлек болуы керек. Президентіміз мультфильмдер мен балалар фильмдерін креативті индустрияға кіргізді. Алайда креативті индустрияда тек туризм бағыты ғана жұмыс істеп тұр.
– Қазақстандық тұңғыш телевизия аниматоры Әмен Қайдардың өзі сіздердің еңбектеріңізді оң бағалап, батасын беріпті. Сол жайлы айтып беріңізші?
– Бастапқыда киностудиямыздың аты «Жебе» болған. Алғашқы өніміміз «Алдар көсе мен шайтандар» атты мультфильм еді. Бірінші жасаған мультфильміміз болғандықтан Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына Әмен Қайдаров ағамызды іздеп барып, жобамызды көрсеттік. Ол кісі: «Шымкентте жүріп қалай мультфильм жасап жатырсыңдар? Біз мында курстық жұмыс қана жасап жүрміз» деп таңғалды. Аудиторияда студенттермен отырып, біздің мультфильмді көріп, көзіне жас алды. «Бар екенсіңдер ғой. Қай жақта жүрсеңдер де қазақ анимациясын дамыта беріңдер» деп батасын берді. Кейін біз «Алтын Жебе» деген халықаралық анимациялық фестиваль өткіздік. Сол кезде оңтүстікте анимацияның жақсы дамып жатқанын көрді. «Шымкент анимацияның отаны болуы керек» деп өз аузымен айтты. Қазір «Сақ» киностудиясының 20 жылдам астам тәжірибесі, қоржынында 50-ден астам мультфильм бар. Оның сегізі қазақфильмнің тапсырысымен жасалған. Керей мен Жәнібек хандар туралы «Қазақ елі» толықметрлі анимациямыз Каирде 90 мемлекет қатысқан додада, 3 бірдей жүлдені жеңіп алған.
– «Сақ» киностудиясының алдағы жоспарлары қандай?
– Біздің алға қойған мақсатымыз шетелдік нарыққа шығу. Қазіргі толықметрлі «Тоқты мен Серкені» де өзге тілдерге аударып, шетелге шығарсақ болады. Себебі оқиғасы қызық. Ал «Алан туралы аңыз» патриоттық бағыттағы «Кунг фу Пандадан» кем емес туынды болмақ. Осы жылдың аяғына дейін бұл жобаны бітірсек, үлкен экранға келесі жылы шығады. Режиссері Азамат Ерназаров деген жас маман. Әрине, біз қазір жастарды да үйретіп, қазақ анимациясына өз үлесімізді қосып жатырмыз. 3D, спецэффект жасайтын мықты мамандарымыз бар. Айталық, «Қазақ хандығы» киносында әскерлерді, киіз үйлерді көбейткен, шайқастағы садақ қадалатын сәттердің барлығын «Сақ» киностудиясының мамандары жасап шыққан. Фильмнің соңында да жазылған.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН