Депутаттар ратификациялауға қатысты бірнеше заң жобасын қарастыратын болады. Олардың қатарында – Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісім, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шарт бар.
Түрікменстанмен жасалған келісім инвестициялық қызмет үшін қолайлы жағдай жасауға, тікелей шетелдік инвестициялар ағынын ынталандыруға және екі елдің экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Ал Қырғыз Республикасымен жасалған шарт ынтымақтастықтың саяси, экономикалық, көлік, су-энергетика секторы және ауыл шаруашылығы сияқты кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Ерекше назар азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне аударылған, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар құру арқылы бұл бағыттағы ынтымақтастықты күшейту көзделген. Құжат сондай-ақ бауырлас халықтардың рухани және мәдени жақындығын нығайтуға екі мемлекеттің ұмтылысын растайды.
Сонымен қатар күн тәртібі жобасына инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда қарау енгізілген. Құжатта бірыңғай инновациялық кластер құру және оның қатысушыларына көрсетілетін қолдау шараларын кеңейту көзделген.