in

«Бағбанның» бағы керемет

Биыл 86 жасты толтырған қызыл­ордалық Бектай Сүлей­меновтің тынымсыз жасап жат­қан еңбегіне Сыр жұртшылығы құрметпен қарайды. Әсіресе, қарт бағбанның бау-бақшасына қызығатындар аз емес. 

Бектай ақсақал өзінің ең­бекке ысылған сәтін сағымдай артта қал­ған балалық кезеңімен байла­ныстырады. Ең алғаш тал егуге құштарлығы 12 жасында пайда болыпты. Содан бері 2 млн-ға дейін көшетті көгертіп, жер ана­дан несібесін теріп кел­еді.

Бар ғұмырын дала жұмысы­мен байланыстыратын бағбан 34 жылдан бері қаладан 20 ша­қыр­ымдай қашықтықта орналас­қан жалғыз үйде тұрып келеді. Ертер­екте «Бағбан» шаруа қожа­лығын құрып, содан бермен қа­рай бау-бақшасын жайқалтып отыр. Бүгінде қожалық иелігіндегі 25 гектар жердің 8 гектарына түрлі жеміс ағаштарын жайқал­тып, «Қызылордада тал өспейді» деген кейбір теріс пікірлердің айқын дәлелін көрсетіп келеді.

Қазір бағбанның бағында не өспейді десеңші. Атап айтқанда, алма бағы, алмұрт, шие, қара өрік, сары өрік, қарақат, 240 түптей жүзім сынды жемістер төгіліп тұр. Бұдан өзге, бақша­сы­нан қауын, қарбыз, қияр, қыза­нақ, баклажан сынды көкөніс түрі көп. 

«1964 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын ор­ман шаруашылығы факультеті бойынша бітіргенмін. Содан бері қарай Қызылорда облысы аума­ғында көркейту-көгалдандыру бағытында көп жұмыс істедім. Оның ішінде Қызылорда қала­сынан бөлек, Қармақшы, Жала­ғаш және Сырдария аудандарын­да еңбек еттім. Зейнет демал­ы­сы­на шықсам да, еңбектен қол үзіп қала алмадым. Қара нанды қажырлы еңбекпен тауып, қара суды қайғысыз ішу өмірлік басты ұстанымыма айналған. Сол мақ­сатта бау-бақшамды жайқалтып, берекелі күздің көл-көсір несібе­сіне кенеліп отырмын», – дейді қарт бағбан. 

Бектай қария мал өсіруді де сүйікті кәсібіне айналдырыпты. Жайылымдық жеріне азын-аулақ қойы мен сиырын жайып, түлігін түлетіп отыр. Жемісі жайқалып, көкөнісі көктеген бау-бақшасы­нан бөлек, таулы жерде өсетін арша, қарағай мен қайыңды да Сыр табиғатына жерсіндіріпті. 

Бір қызығы, қарт бағбан шаруа қожалығына мемлекеттен бір тиын да көмек алмайтынын айтып қалды. Тек маңдай тер, адал еңбегінің арқасында жерден несібесін теріп, күнкөріс қамын күйттеп отырғанын жеткізді. 

Қария қолы қалт етсе, кітап жазуды үйреншікті әдетіне ай­нал­дырған. Бүгінгі күнге дейін 20 шақты ғылыми еңбегі жарық көріпті. 

«Көпжылғы тәжірибеме сүйе­не отырып, табиғат әлемінің тыл­сымына терең бойлайтын ғы­лы­ми еңбектерімді өскелең ұрпаққа өмірлік азық етіп қал­дыр­сам деген мақсатым асқақ. Сол мақсатта Қызылорда об­лысы­ның өсімдіктер дүниесіне негізделген көптеген еңбек жаздым. Соның ішінде 20 шақты ғылыми еңбегім жарыққа шық­ты. Бір көлемді мақаламды амери­каның беделді журналы ағылшын тілінде жариялады «Қайнар» баспасынан өздерінің арнайы сұрауымен бірнеше кітабым басылып шықты. Жал­пы, қолым қалт етсе, өсімдіктер әлеміне негізделген ғылыми дүние­лер жазатыным бар», – дейді Бектай ата. 

Қорасын төлге толтырып, бау-бақшасын жасыл желекке көмкерген қария өзін толған­дыр­ған мәселесін де бүгіп қалмады. Қаладан тыс жалғыз үйде тұрмыс кешіп жатқан ақсақал жаңбыр мен қар суынан үйінің айналасы ми батпаққа айналатынын қын­жыла жеткізді. Әсіресе, көктем айларында жағдай қиындап, адам тұрмақ, көліктердің өзінің жүруі қиындап кетеді екен. Осы жайын­да құзырлы орындарға сан мәрте айтқанымен, ешқандай көмек болмай тұрғанын қинала жеткізді. 

«34 жылдан бері мені жол мә­селесі қинап тұр. Талай әкімнен жәрдем сұрадым. Еш қолдау болар емес. Жуырда ғана тас тө­сеп жүрген мекемеге қолқа сал­ып жүріп, ми батпаққа ай­нала­тын үйіме дейінгі қара жолға 11 көлік болатын құм төсетіп ал­дым. Бірақ бұл да қиындықтан түбегейлі құтқарады деген сөз емес. Бір жауыннан кейін қайта­дан қаз қалпына түседі. Сондық­тан жер­гілікті әкімдік өтінішімді ескеріп, жол салып берсе деген тілегім бар», –деп ағынан жарыл­ды. 

Қарт бағбан үш ұл, ұш қыз тәрбиелеп өсірген. Ұл-қыздарын құтты ұясына қондырып, немере-шөбере сүйіп, шөпшегінің қолынан су ішу бақытына кенеліп отыр. 

Бүгінде қарт бағбан қала сыр­тын­дағы үйінде кенже ұлымен мамыражай тұрмыс кешіп жатыр. Еңбекке жаны құмар ақсақал ала таңнан қас қарайғанша бау-бақ­шасын жайқалтып, содан бойына ерекше қуат алатынын жасыр­майды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы