in

«Бақытты отбасы»: балаларға арнап танымдық іс-шара өткізді

Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан партия мүшелері балаларымен бірге Хан ордасы аумағында орналасқан Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығымен танысып, тарихи-мәдени ескерткіштер мен Жәңгір ханның қазақ жұртына қалдырған тарихи құнды жәдігерлерін тамашалады. Музей-қорықтағы «Бөкей ордасының тарихи музейі», «Қару-жарақ палатасы музейі», дәрігер А.Сергачев тұрған үйде – ақын «Ш.Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейі», Қыздар училищесі ғимаратында (1883) – «Халыққа білім беру музейі», «Тұңғыш қазақ баспаханасы» және «Хан сарайы» музейлерін көріп, балалар ерекше әсер алды.

Сонымен қатар іс-шара аясында партия белсенділері мен қатысушы ата-аналарды сергітіп, логикалық сұрақтарға ойландырып, командалық рух беруге бағытталған «AMANAT IQ» интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды. Сайысқа түскен командалар арасында үздік топ жеңіске жетіп, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында кешкі бағдарлама аясында аниматорлар түрлі ойындар ұйымдастырып, балалармен бірге би билеп, ерекше әсерлі кеш өтті.

Екі күндік танымдық іс-шараға «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы А.Сафималиев және Орал қалалық мәслихатының депутаты, «Бақытты отбасы» партиялық жобасының амбассадоры А.Губашева қатысты. Оқушылармен, ата-аналармен бағдарлама аясында барлық бағыттағы шараларға қатысып, мерекеге орай құттықтау тілектерін жеткізді.

– Балаларды қорғау күніне орай әр уақытта да тек құттықтау мен концерттік бағдарламаларды ғана көретін едік, бүгін «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен танымдық іс-шараны көріп, балалардың қызығушылықпен қатысып, тарих музейімізді көріп, білгеніне ерекше қуанып отырмын. Өлкеміздің құнды мұрасы Хан ордасы біздің мақтан тұтар мекеніміз, осындай ерекше бағытта мереке сыйлаған партияластарыма алғыс білдіремін! – деді Орал қалалық мәслихат депутаты Азима Губашева.

Іс-шараның екінші күні «Балалар туризмі – болашаққа жол» атты туристік-эстафеталық ойындар спартакиадасы оздырлып, қатысушы балалар арқан тарту, садақ ату, туристік эстафета сайыстарына қатысып, бақ сынасты. Ер балалар мен қыздар арасындағы сайыстарға қатысушылар асқан қызығушылық танытып, топ ішінде үздіктері анықталды. Жеңімпаз өрендерге арнайы дипломдар мен медальдар табысталды. Сонымен бірге мерекеге орай барша балаларға мерекелік сыйлықтар табыс етілді.