Орталықтың мақсаты – Қытай аудиториясын Қазақстанның мәдени мұрасын, дәстүрлерін, тілін және заманауи өнерін көпшілікке таныстыру. Бұл тек көрме залы ғана емес, сонымен қатар концерттер, дәрістер, кино көрсетілімдері, тіл үйрететін және білім беру бағдарламалары өтетін мәдени хаб болмақ, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.
Бұл жоба екі мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып, Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық деңгейде дамып келе жатқан берік байланыстардың символына айналды.
Жаңа мәдени орталық Бейжіңнің Чаоян ауданында орналасқан. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің келісімі нәтижесінде жүзеге асқан бірлескен жоба. Қазақстан тарапының бастамасы – көршілес елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, өнер мен дәстүрді кеңінен насихаттауға бағытталған.
Аумағы 620 шаршы метрді құрайтын орталықта кітапхана, концерттер мен лекцияларға арналған зал, қазақ тілі мен музыка кабинеттері бар. Мұнда еліміздің туристік әлеуеті де таныстырылады. Көрме залында сақ дәуірінен бастап бүгінге дейінгі 100-ден астам тарихи жәдігер қойылған. Олардың қатарында Есік пен Берел қорғандарынан табылған артефактілер, ұлттық музыкалық аспаптар, зергерлік әшекейлер және тұрмыстық бұйымдар бар.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева орталықтың ашылуы қазақ мәдениетін Қытайда кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бұл жерде қазақ тілін үйрету, домбыра үйрету сыныптары ашылады. Қазақтың мәдениеті мен дәстүріне қызығушылық танытқан қытайлықтар үшін үлкен мүмкіндік туады», – деді министр.
Ашылу салтанаты барысында Қазақстанның мәдениеті мен табиғатын таныстыратын мультимедиялық стенд, кітапхана және шығармашылық кабинеттер таныстырылды. Сондай-ақ Абайдың шығармаларының тұсаукесері өтті.