in

Бейжіңде өткен Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының салтанатты ашылуына мыңға жуық адам қатысты

Бейжің қаласында Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының ашылуына арналған салтанатты Гала-концерт өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы уағдаластықтар аясында ұйымдастырылды. Осы келісімге сәйкес, 2026 жыл Қазақстан мен Қытайдың Мәдениет жылы болып жарияланған еді.

Салтанатты кештің құрметті қонақтары қатарында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері мен Қытайдың шығармашылық зиялы қауым өкілдері болды.

Қытай ұлттық опера театрының сахнасында құттықтау сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа мазмұнмен толыға түскенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылып, гастрольдер, концерттер, көрмелер мен фестивальдер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығының ашылуы екі ел арасындағы байланысты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Министр мұндай бастамалардың болашаққа берік негіз қалайтынын және жас ұрпақты жаңа жетістіктерге жігерлендіретінін ерекше атап өтті.

«Бүгінгі кеш – жай ғана концерт емес, аударманы қажет етпейтін мәдениеттер диалогы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мәдениет – ұлттың бет-бейнесін айқындайды, ал әлем елді ең алдымен оның өнері арқылы таниды. Осындай кездесулер, музыка, театр және шығармашылық арқылы біз бір-бірімізді тереңірек түсініп, жақындай түсеміз. Мәдениеттердің тоғыспалы жылы бізге жаңа мүмкіндіктер ашады. Бірлескен жобаларға жол ашып, шығармашылық ізденістерді жандандырып, өзара рухани байытуға серпін береді», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары.

Өз кезегінде Қытайдың Мәдениет және туризм министрі Мәдениет жылының гуманитарлық байланыстарды тереңдетіп, екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды алаң екенін айтты.

«Қытай мен Қазақстан мәдениетінің тоғыспалы жылы аясында екі елдің музейлері мен ғылыми-зерттеу құрылымдары бірлесіп археологиялық зерттеулер жүргізуге, өнер қайраткерлері Қытай–Қазақстан музыканттарының дөңгелек үстелі сияқты алаңдарда терең диалог орнатуға мүмкіндік алады. Сахналық өнер мен креативті индустрия салаларында бірлескен кадр даярлау жұмыстары да күшейтіледі. «Қытай мен Қазақстан мәдениетінің тоғыспалы жылы» мәдениет және өнер ұйымдары арасындағы практикалық ынтымақтастықтың маңызды платформасына, сондай-ақ екі елдің мәдени байлығын танытатын жарқын алаңға айналарына сенімдіміз», – деді Сунь Ели.

Гала-концертке Қазақстан мен Қытайдың белгілі өнер шеберлері қатысты. Кештің айрықша рухын еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдары – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, «Астана Опера» театры, HasSak этно-фольклорлық тобы, «Астана Балет» театры, Бейжің хореография институты және Қытай опера және балет театрының ұлттық оркестрі айшықтай түсті.