Мұстафа Шоқай туралы аз жазылған жоқ. Оның күресі, эмиграциядағы қызметі, публицистикасы, Түркістан тағдырына қатысты ойлары жөнінде түрлі мақалалар мен зерттеулер бар. Алайда біз сөз етпек болып отырған мәтінді қазақтілді ғаламтордан кездестіре алмадық. Мүмкін, ол ғылыми ортаға бұрыннан мәлім шығар. Бірақ қарапайым оқырман үшін бұл мақала әлі де беймәлім болуы әбден мүмкін.
Сондықтан біз Мұстафа Шоқайдың француз тілінде жарық көрген бір мақаласына назар аударуды жөн көрдік. Бұл – 1931 жылы Prométhée журналында басылған Les bolchéviks contre le Kémalisme атты мақаласы. Ол 1931 жылдың тамыз айында, журналдың 57-санында, 15-18-беттерде жарық көрген.
Атауының өзінен-ақ оның сол кезеңдегі күрделі саяси ахуалға, әсіресе большевизм, Түркістан және Түркия арасындағы идеялық тартысқа қатысты жазылғаны аңғарылады. Бұл мәтіннің қызығы Шоқай мұнда тек Түркия туралы ғана сөз қозғамайды. Ол кеңестік биліктің кемализмге неге күмәнмен қарағанын, одан неліктен қауіп іздегенін, бұл қорқыныштың Түркістанға қандай қатысы барын ашып көрсетуге тырысады. Яғни, бұл мақала сол дәуірдің саяси логикасын Шоқай көзімен көруге мүмкіндік беретін сирек дүниелердің бірі деп ойлаймыз.
Алдымен журнал жайлы бірер сөз. Prométhée (Прометей деп оқылады) – Кеңес билігіне қарсы бағыт ұстанған эмигранттық ортадағы басылымдардың бірі. Мұнда Кеңес Одағы құрамындағы бодан халықтардың тағдыры, ұлттық тәуелсіздік мәселесі, кеңестік отарлық саясат және түркі-мұсылман кеңістігіндегі саяси үдерістер жиі көтерілген. Мұстафа Шоқай да осы эмигранттық интеллектуалдық ортада жазды. Зерттеушілер оны журналдың белсенді авторларының бірі ретінде атайды.
Автор мақаласының алғашқы абзацынан-ақ мәселені төтесінен қояды.
«Prométhée журналының соңғы сандарының бірінде (№46) біз большевиктердің, егер олардың бесжылдық жоспары жүзеге аса қалса, Түркияға қарсы қандай жоспарлар ойластырып жүргені туралы жазған едік. Бұған дәлел ретінде шығыс коммунистері арасында үгіт-насихат жүргізуге арнайы арналған, кең таралған кеңестік L’Orient Révolutionnaire газетінен үзінділер келтіргенбіз. Енді журнал оқырмандарына большевиктердің не жазып жүргенін және олардың Түркістанда кемализмге қарсы үгітті қалай жүргізіп отырғанын көрсеткіміз келеді».
Осыдан кейін Шоқай алдымен бір нәрсені анықтап алады. Ол «Түркістанға Кемал келіп, оны өзіне қаратып алады» деген ойды шындыққа жанаспайтын, қиялға жақын пікір ретінде көрсетеді. Түркістан қайда, Кемал қайда деп, мұндай қауіптің нақты мағынасы жоқ екенін аңғартады. Яғни, ол мақаланың басында-ақ мәселені басқа ракурстан қарау керек дейді. Мұстафаның айтуынша, большевиктер қорқып отырған нәрсе басқа.
«Большевиктер үшін кемализмнің қаупі саяси-әскери мағынада емес, оның таза идеялық сипатында. Кемализм олар үшін Еділден Памирге дейінгі кеңістікті басып алуға шығатын түрік әскері емес. Олар үшін ең қауіптісі – Кеңес билігіндегі түркі халықтарының санасынан интернационалдық ленинизмді ығыстырып, оның орнына салауатты ұлттық сананы әкелуі мүмкін күш».
Осы негізгі ойдан кейін Шоқай кеңестік ұлттық саясаттың ішкі мәніне көшеді. Сырттай қарағанда, Кеңес өкіметі «ұлттық мәдениетке жол ашып отырмыз» дегендей сөйлейді. Бірақ автордың айтуынша, шын мәнінде бұл саясат түркі халықтарының бір-біріне жақындауына тосқауыл қоюға құрылған. Әсіресе, ортақ тілдік, әдеби, рухани жақындық большевиктерге ұнамаған. Мұстафа Шоқай осы арқылы кеңестік жүйенің ұлттық мәселеде ашық емес, айлакер саясат ұстанғанын көрсетеді.
«Кеңес өкіметі Түркістанға кемалист түріктердің келуіне тыйым салады. Революцияның алғашқы жылдарында Түркістанда тұрған түріктердің бәрі қуып шығарылды. Түркістан мектептерінде Түркияда қолданылатын географиялық және ғылыми атауларды пайдалануға рұқсат берілмейді. Кеңестік “түркологтар” Түркістан әдебиетінің тілі мен түрі жағынан Түркия әдебиетіне жақындап кетпеуін қатаң бақылауда ұстайды».
Осыдан кейін Шоқай бұл шектеулердің жай ғана бір реттік шара емес екенін айтады. Оның жазуынша, соңғы айларда мұндай қысым тіпті күшейіп кетіп, әсіресе Түркістандағы ұлттық көңіл күй кеңеске қарсы сипат ала бастаған сайын, билік те қатаңдай түскен. Яғни, Мәскеу түркі халықтарының өзара рухани жақындасуын еркін мәдени құбылыс деп емес, саяси қауіп деп қабылдаған.
«Мұның бәрі бес-алты жыл бұрын жазылған еді. Сол кезде бұл мәтіндер ешқандай қудалауға ұшырамады. Тек 1931 жылы ғана кеңестік цензорлар осының бәрін есіне түсірді. Редакцияның жертөлесінен шаң басқан ескі сандарды шығарып, сол жерден Анкара, Мұстафа Кемал, ұлттық ерік туралы жазылған жолдарды тауып, бұрынғы редакторларды айыптай бастады».
Осы тұстан кейін Шоқай нақты мысалдарға көшеді. Ол Ташкентте шыққан Yer-Yusi (Жер жүзі) газетін сөз етеді. Бұл басылым кезінде Анкараны, Мұстафа Кемалды, түрік қайраткерлерін жылы сөзбен жазған. Өйткені сол кезеңде Мәскеудің Түркияға көзқарасы да басқаша болатын. Бірақ саяси жағдай өзгерген соң, сол бұрынғы мәтіндердің өзі «пан-түрікшілдік», «қате», «қылмыс» деп бағалана бастаған. Шоқай мұны кеңестік баспасөздің тұрақсыздығы мен екіжүзділігінің айқын мысалы ретінде көрсетеді. Кеше рұқсат етілген нәрсе бүгін айыпқа айналса, онда мәселе шындықта емес, биліктің өз мүддесінде жатыр деген ойды береді. Бұдан кейін ол Kızıl Uzbekistan (Қызыл Өзбекстан) пен Pravda Vostoka (Правда Востока) секілді басылымдарды мысалға алып, Мәскеу кемализмді түркі жұртының көз алдында әдейі күмәнді, қауіпті, жеккөрінішті етіп көрсетуге тырысқанын түйіндейді. Мұның түбінде бір-ақ нәрсе жатыр: большевиктер түркі халықтарының ұлттық санасының күшеюінен қорықты деп қорытындылайды өз ойын автор.
Құрметті оқырман, Мұстафаның мақаласы осымен тәмам. Алайда біз тағы бір деректі кездестіріп қалдық. Бұл басқа саяси талдау емес, алайда Мұстафаның өз сөзі болғандықтан, қысқаша сол жайлы да жазып кетуді жөн санадық. Бұл грузин саяси қайраткері, тәуелсіз Грузия үкіметін басқарған тұлғалардың бірі Ноэ Рамишвилидің (1881–1930) қазасына байланысты жарияланған сөзі. Бұл естелік (қазанама, жоқтау, көңіл айту) 1931 жылғы қаңтар айындағы Prométhée журналының 50-нөмірінде жарияланған.
Бұл естелікте Мұстафа Шоқайдың айтпағы, Ноэ Рамишвилидің өмірбаянын таныстыру емес, ұлт азаттығы жолындағы күрестің қандай ұстанымға сүйенуі керектігін айту. Шоқай оның атын атай отырып, шын мәнінде өзіне жақын бір саяси және моральдық қағиданы алға шығарады. Ол тәуелсіздік жолындағы күрес эмоцияға немесе бос ұранға емес, саналы ұстанымға, ұйымшылдыққа және ұлттық құқықты терең түсінуге сүйенуі керек деген ойды жеткізеді. Осы жағынан мәтін қарапайым қоштасу сөзі емес, эмиграциядағы күрес мәдениеті туралы шағын саяси ойтолғау сияқты көрінеді.
«Біз, түркістандықтар, Рамишвилиді ерекше бағаладық. Ол бізге тек грузин ретінде емес, кавказдық, тұтас Кавказдың өкілі ретінде келетін. Парижде болсын, Константинопольде болсын, біздің кездесулеріміз бен әңгімелеріміз әрдайым шынайы достық сипатта өтетін. Біздің сөзіміздің өзегі бәрімізге ортақ бір мәселе – тәуелсіздік жолындағы күрес еді».
Бұл мақалада Шоқай жеке естеліктерге көп тоқталмайды. Негізгі фокусы басқа. Яғни, Шоқай үшін Түркістан мәселесі жалғыз тұрған жоқ, ол Кавказ, Грузия секілді бодандық көрген елдердің тағдырымен сабақтас қаралады дейді. Естеліктің соңына қарай Шоқай тағы бір өз ойын анық білдіреді. Ол Рамишвилиді еске ала отырып, оны «халықтар бостандығы үшін күрескен адам» деп бағалайды. Осы бағалаудың өзінен-ақ Мұстафаның өз дүниетанымы көрінеді. Бұл Шоқайдың азаттық мәселесіне жай саяси ұран ретінде емес, әділет пен еркіндік тұрғысынан қарағанын көрсетеді.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті . Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.
