Қадірлі қонақтардың қатарында Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл болды. Президент бұл кездесуді Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жолындағы тағы бір маңызды қадам ретінде сипаттады.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Израильдің бас ашкеназ раввині Кальман Бермен, Израильдің бас сефард раввині Давид Йосефпен, Американың ірі еврей ұйымдары президенттері конференциясы атқарушы төрағасының орынбасары Малькольм Хонлайнмен кездесті.
Президент еліміздің халқы әлемнің негізгі діндерін ұстанатынын айтты. Олардың арасында иудаизмнің орны ерекше. Ал еврей ұйымдары қоғамның ажырамас бөлігі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытуға және нығайтуға зор үлес қосып келеді.
Президент қабылдауына Иерусалим Патриархы III Феофил де болды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманда дін айрықша рөл атқаратынына тоқталып, бейбітшілікті сақтау және дінаралық қарым-қатынас мәдениетін ілгерілетуде дін қайраткерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелгенін мәлімдеді.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Дүниежүзілік даошылар федерациясының төрағасы Ли Гуанфу, Қытай буддашылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Цзин Бо және ҚХР Дін істері жөніндегі бас басқармасының әкімшілік департаменті бастығының орынбасары Сунь Вэй бастаған делегацияны қабылдады. Президент жаһандық өркениетаралық диалогты дамытуда Қытайдың сындарлы рөл атқаратынын, сондай-ақ бұған Төраға Си Цзиньпин зор үлес қосқанын атап өтті.
Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль-ислам Аллашүкір Пашазаде де Президент қабылдауында болды. Кездесуде дінаралық диалогты ілгерілету, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту мәселелерінде Қазақстан мен Әзербайжанның ұстанымдары ортақ екені айтылды