Бұл додада әлемнің 77 елінен келген 780-ге жуық балуан бақ сынады. Қазақстан құрамасы бір алтын, екі қола жүлдемен 11-орын алды. Грек-рим күресінен 26 жыл күткен алтын бұйырды десек те, елімізде әйелдер күресінің тұралап қалғаны білінді.
Көп күттірген алтын
Иә, сөздің басын қазақтың көптен күткен алтынымен қауышқанынан бастасақ. Өйткені былтыр Париж Олимпиадасында Демеу Жадыраев финалға шыққанда, күні бұрын қуанып, эйфорияға бөлендік. Биыл да сол қатені қайталамауға тырыстық. Сөйтіп, Айдос Сұлтанғали 60 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап, аңсап жүрген алтынды әперді. Ол іріктеуде америкалық Максвелл Хоппер Блэкті, израильдік Мелкаму Фетені жеңді. Ширек финалда Париж Олимпиадасының және Азия ойындарының қола жүлдегері Сеун Лиді жықты. Жартылай финалда Амиран Чавадзені қапы қалдырып, финалда өзбек Әлішер Ганиевті айқын жеңді. Айта кетерлігі, Айдос бұдан бұрын, 2018 және 2022 жылы қола медаль еншілеген еді.
Айдос Сұлтанғалидың бұл жеңісі өзіне де, еліне де қымбат. Себебі Айдостың жаттығу шығынын өтеу үшін әке-шешесі барын берген. Анасы әр жарыстан келгенде «баламның жеңісті күні әлі алда, төккен тері ақталады» деген екен. Балуанның өзі де бәсеке басталарда тарихты жаңартып, халқына алтын сыйлағысы келетінін айтты. Оның үстіне, Бақтияр Байсейітовтен кейін әлем чемпионатының алтынын кім арқалайтынын саралаған. Дәл осы күрес түрінен қаншама жыл бойы не олимпиадада, не әлем чемпионатында алтын ала алмай жүрдік. Міне, 1998 жылдан кейін, араға 26 жыл салып, қазақ баласы әлем біріншілігін бағындырды. Сұлтанғали бастан-аяқ өзіне сенімді күресіп, әсіресе грузин Чавадзеден айналып өткенде, бір жақсылықтың боларын сезгенбіз.
Жалпы, командалық есепте грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы 57 елдің ішінде 6-сатыға тұрақтады. Жеті балуан да жігер танытып, босқа келмегенін, күресетінін көрсетті. Жанкүйер де грек-рим шеберлеріне дән риза. Жігіттер бапкердің айтқанын бұлжытпай орындап, жеке шеберлігін де көрсете білді.
«Осы әлем чемпионатында 6-орын иелендік. Мұнда тәжірибелі және жас спортшылардан жасақталған аралас командамен келдік. Жас палуандар арасында Мерей Мәулетқанов пен Рахат Бержанов мінез көрсетіп, жақсы күресті. Біз Хорватияға алтын медаль үшін келгенбіз. Мұны жазда Ұлттық құрама тізгінін ұстағанда айтқанмын. Осы мақсатты Айдос Сұлтанғали орындады. Бізде тағы 3 медаль алатын мүмкіндік болды. Тәжірибелі Демеу Жадыраев пен Мерей Мәулетқанов қолаға таласта жеңіліп қалды. Ержет Жарлықасын мен Ислам Евлоев жұбаныш кезеңінде жол берді. Жарыс аяқталды, енді нәтижені ұмытып, бапкерлермен кемшін тұсты сараптаймыз», – деді грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Төкенов.
Расымен, балуандар 1997-1999 жылғы сәтті серияны жалғап, қатарынан үш жыл әлем чемпионы атанғанын ұмытпаған жөн. Сербияда 2023 жылы Ризабек Айтмұхан (еркін күрес) топ жарса, былтыр Албанияда Нұрқожа Қайпанов (еркін күрес) жеңісті жолды жалғаған. Биыл олимпиадалық салмақта (60 келі) Айдос Сұлтанғали ерледі.
Асылжанның асығы алшысынан түсті
Қайпанов демекші, жанкүйерлер Нұрқожа биыл да үздіктер көшін бастайды деп топшылады. Бозкілем бәсекесінде еркін, әйелдер және грек-рим күресін қоса алғанда Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 қола медаль иеленді. Жүлдегерлер арасында еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов пен Асылжан Есенгелді қола жүлде еншіледі. Есенгелді 61 келі олимпиадалық салмақта олжалы болғанын ескеру керек. Ал Қайпанов былтыр өткен біріншілікте әлем чемпионы атанған-ды. Осы чемпионатта бағы жанбады. Бәсеке барысында ол екінші алтын медалін алып, толық олимпиадалық салмаққа ауысқысы келген. Балуанның айтуынша, жарыс оңай болмаған. Екінші күні бапкерлердің арқасында қалпына келіп, қолаға қол созғанын жасырмады. Осылайша, Қайпанов әлем біріншілігінің үш бірдей жүлдесін жинаған алғашқы қазақстандық атанды. Оған 2019 жылы – күміс, былтыр – алтын, биыл қола медаль бұйырды.
Одан кейін 61 келіге дейінгі салмақта Асылжан Есенгелдінің қоласына келсек, балуан үшін драмаға толы бәсеке болды. Қаншама жыл күткен жүлдесі екенін айтып, көз жасына ерік берді. «Мансабымдағы алтынға танитын қола медаль бұйырды, бапкерлеріме мың алғыс» деді. Ол жұбаныш белдесуін ұтып, үшінші орын үшін айқаста барын салды. Америка балуаны Джаксен Форресті 10-8 есебімен тізе бүктірді. Медаль үшін қиян-кескі талас өткені тағы бар. Есенгелдімен қатар Азамат Дәулетбеков (86 келі) те жарысты сәтті бастаған-ды. Бірақ Дәулетбеков ширек финалда сүрінді. Жалпы, Загребке барған 10 балуанның екеуі ғана нәтиже көрсетті. Соның ішінде медаль алып келеді-ау деген Ризабек Айтмұқан (97 келі) мен Әлішер Ерғали (125 келі) бірінші кездесуінде-ақ жарыс жолынан шығып қалды.
Мәселен, еркін күрестен кейінгі бес әлем чемпионатын алып қарасақ, екі алтын, екі күміс, 4 қола жүлде жиналды. Екі күміс 2019 жылы қоржынға түскен екен. 2019, 2022 және 2023 жылы төрт қола еншіледік. Алтын деп отырғанымыз, былтыр Қайпановтың маңдай терімен келген жүлде. Биыл еркін күрес шеберлері екі қоланы қанағат тұтты. Демек, әкелген легионерлер сенімді ақтамай, жастар аға буынды алмастыра алмай жатқаны білінді.
Әйелдер күресі ақсап тұр
Десе де, аталған екі күрес түрінен де кенже қалып жатқаны – әйелдер күресі. Қатарынан төрт әлем чемпионатында осы күрестің жыртығын жамаған Жәмилә Бақбергенованың биыл бағы шаппай қалды. Биыл ол алғашқы айналымда есе жіберді. Бірақ басқа-басқа, 72 келідегі бұрымдыға жанкүйер де, бапкері де дән риза болар. Дегенмен қалған сегіз салмақ дәрежесінде бақ сынаған қыздар сылбыр күресіп, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдей алмады. Тек 1/8 айналымға шыққан Виктория Хусаинованы атап өткен жөн. Талантты балуан 59 келіде бозкілемге шығып, әйелдер күресін алға сүйреп көргенімен, бұйырмады. Одан бөлек, 53 келідегі Зейнеп Баянованың жұлдызы жанбады. Дәл осы жас балуан құрамадағы үлкен буынды ығыстырып, жасындай жанып келе жатқанның бірі. Ол Азия чемпионатында жүлде алып, ел мерейін асырған. Шыны керек, төрт дүркін ӘЧ жүлдегері Жәмилә Бақбергенованың, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықованың алғашқы белдесуде қарсыласына жол бергені қалған қыздарды жасытты. Бірақ осы біріншілікте қырғыз мықтысы Мейірім Жұбаназарованың ұтылғаны да сенсация ретінде тіркелді. Сонымен, неге әйелдер күресі тұралап қалды? Кей сарапшы айтқандай, бас бапкер Қайрат Сағадиевтің ұлттық құрамадағы циклы аяқталғандай ма?
«Жалпы, қандай да бір спорт түрінің өсу және құлдырау кезеңі болады. Қазір ұрпақ сабақтастығы бар, алдыңғы буын кетіп, кейінгі буын келіп жатыр. Сондықтан осындай нәтиже тіркелді. Бірақ бас бапкер Қайрат Сағадиев білікті бапкер, оның тұсында Рио Олимпиадасында екі бірдей жүлде алдық. Бапкердің әлі де шәкірттеріне берері бар. Әрине, құрамада жас қыздар бар. Десе де, біздің менталитетке сай, ата-аналар қыздарын әйелдер күресіне бермейді. Сол себепті резервтің әлсіз екені көрініп тұр. Қазір жастардың арасынан Зейнеп Баянованы айтар едім. Бұл жолы сәтсіз өнер көрсетті. Осы чемпионатта жүлде алатын мүмкіндігі болды. Бір жағынан қарасаңыз, жас буынға мүмкіндік беріп жатыр. Биыл ел чемпионаты өтеді. Бәлкім, сонда жастар шығып, алдыңғы буынды ығыстыратын болар. Алда Азия ойындары бар, соған жақсылап дайындалу керек», – деді спорт журналисі Телжан Күдеров.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ