Бүгін Үржар ауданының Үржар ауылындағы әуежайға алғаш рет SCAT әуекомпаниясының «CRJ-200» жолаушылар ұшағы қонды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аудан тұрғындары бұған дейін «АН-24» ұшағымен қатынап келген болатын. Енді «Үржар-Алматы» және «Үржар-Астана» бағыттары бойынша тұрақты әуе рейстері аптасына 7 рет, яғни күн сайын орындалатын болады. Бұл жергілікті тұрғындарға ғана емес, Алакөл мен өңірдің басқа да туристік нысандарына келетін қонақтар үшін өте қолайлы. Әуеқатынасы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сол себепті билет бағасы да қолжетімді.
Канадада шығарылған «CRJ-200» ұшағы 50 жолаушыға шақталған. Әуекемесі жайлы әрі өңіраралық бағыттарға ыңғайлы.
Биыл өңірде туристік маусымға дайындық қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Берік Уәлидің тікелей қолдауымен Алакөл жағалауын абаттандыруға 658 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда 2018 жылдан бері жөндеу көрмеген Арбат жаңартылып, бояу, сырлау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, жағалаудағы ескірген темір жақтаулар толық ауыстырылуда. Жағалаудағы 5 шақырымға жуық жолға асфальт төселеді, 10 модульді, 15 биодәретхана, 40-тан астам киім ауыстыратын кабиналар қойылады, қоқыс жәшіктері мен бейнебақылау камераларының саны артады. Жағалауды нығайту үшін пирс және қалқыма орнатылады.
Ерекше атап өтерлігі, туристер көп келетін Арбаттың жүктемесін азайту үшін жаңа қоғамдық кеңістік салынады. Мұнда 100 адамға арналған сауда-саттық орындары қарастырылады, үлкен сахна, субұрқақ салынады, тұрғындар серуендейтін арнайы алаң болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.