in

Венесуэлада жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды

Венесуэла билігі елді қорғау жолында қаза тапқан азаматтарды еске алу мақсатында жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады. Бұл туралы республика вице-президенті Делси Родригес мемлекеттік VTV телеарнасының эфирінде мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, аза тұту күні Венесуэланы және президент Николас Мадуроны қорғау кезінде өмірін қиған жас әйелдер мен ерлердің құрметіне жарияланған.

Вице-президент қаза тапқандар «республиканың ең жоғары құндылығы жолында жанын қиған шейіттер» ретінде ұлықталатынын атап өтті. Сондай-ақ ел ішіндегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтау қажет екенін айтып, халықаралық қауымдастықты Венесуэлаға қысым мен сыртқы шабуылдарды тоқтатуға тағы да шақырды.

Еске салсақ, АҚШ-тың Венесуэла президентін тұтқындау операциясы кезінде 32 кубалық азамат қаза тапқан. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, кубалықтар Венесуэланың Революциялық Қарулы Күштері мен Куба Ішкі істер министрлігінің өтініші бойынша тапсырмаларды орындаған.