in

Домбыра күні: XX ғасырда күйшілік өнерге жаңалық алып келген 8 домбырашы

Домбыра – қазақ халқының рухани болмысын, тарихи жады мен эстетикалық танымын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген киелі аспап. Оның үні мен иірімі ғасырлар бойғы дала философиясының тіліндей сыр шертеді. Осы ұлттық мұрамызды дәріптеу мақсатында Қазақстанда шілде айының бірінші жексенбісі – Домбыра күні ретінде белгіленді. Бұл мереке ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, қазіргі қоғамда күй мен домбыра өнерінің мәнін тереңірек түсінуге жол ашуда.

Бүгінгі мақаламызда біз XX ғасырда күйшілік өнерге өзіндік жаңалығымен, ерекше мәнерімен үлес қосқан сегіз күйші-домбырашыны назарға алып отырмыз. Бұл тұлғалар дәстүрлі мектептерді сақтай отырып, жаңаша стильді қалыптастыра алған, күй тілі арқылы заман үнін жеткізген жаңашыл өнерпаздар.

Төлеген Момбеков (1918–1997) — қазақтың тұңғыш кәсіби күйші-домбырашысының бірі, ҚазКСР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағын иеленген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Әйгілі күйші Сүгірдің шәкірті. “Салтанат” сынды күйлері қазақтың алтын қорына енген туындылар.

Төкең қазақ күй өнеріне бұрын-соңды болмаған лирикалық тереңдік алып келді. Домбыра мойнындағы зарлы пернелерді шебер пайдаланып, тыңдарманның жүрегіне тура жол тапты. Оның авторлық күйлерінде толғап шерту әдісі арқылы қазақтың түпсанасында сақталған рухани идеалдарды оята білді. Бұл ХХ ғасыр күйшілік өнеріндегі феномен деп бағалауға әбден лайық құбылыс.

Нұрғиса Тілендиев (1925 –1998) – қазақтың әйгілі композиторы, дирижері әрі күйшісі. Ол Мәскеу консерваториясындағы дирижерлік білімін жалғастырып, кейін «Отырар сазы» этно‑фольклорлық ансамблінің негізін қалаған және басшылық қызмет атқарған. Нұрағаң 500-ден астам туынды, опералар, күйлер, әндер, фильмдерге жазған музыкасы арқылы қазақ музыка мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан.

Нұрғиса Тілендиев қазақ күй өнеріне лирикалық тереңдік әкеліп, авторлық күйлерін еуропалық дәстүрге сай бірнеше бөлімнен тұратын күрделі формада жазды. Ол күйшілік шығармашылыққа жаңа бағыт ұстанып, бұрын-соңды болмаған ырғақтық өрнектер енгізу арқылы ұлттық музыка мәдениетін тың биіктерге көтере алды. Нұрғисаның бұл жаңашылдығы күйдің ішкі мазмұны мен құрылымын байытты.

Мағауия Хамзин (1927 – 2000) — шертпе күй шебері болған домбырашы-композитор, Қазақ КСР халық әртісі. Ол әкесі мен ағасының үлгісімен 10 жасында күйшілік жолға түскен, кейін халық аспаптар оркестрінде қызмет етіп, домбырашы виртуоз деңгейіне жеткен. М. Хамзин «Қосбасар», «Белгісіз солдат», «Жайлау» сияқты бірқатар авторлық күйлер шығарды

Күйші қазақ күйіне тән төмен қоңыр әуезді сыңғырлаған жоғары үндермен алмастырды. Бір қарағанда дәстүрге жат секілді естілетін бұл жаңа үндер Мағауияның қолында құлпырып, ұлттық сарынды қайта жаңғыртқандай әсер қалдырды. Сонымен қатар, ол көне күй формасына импровизациялық тәсілдерді шебер енгізіп, жаңа заманға сай күй шығарудың тың бағыттарын қалыптастыра алды.

Әбдімомын Желдібаев (1934 – 2024) атақты «Ерке сылқым», «Арман құс», «Абай арманы» сияқты 70-нен астам күйдің авторы ретінде танымал. «Шу еркесі» ансамблін ұйымдастырған. «Құрмет», «Парасат» және «Достық» ордендерімен марапатталды.

Ә. Желдібаев “Ерке сылқым” ХХ ғасырда күйшілік өнерге келген жаңалық ретінде қалды. Композитор бұл күйінде Кеңес дәуірінің музыкалық әуендерін дәстүрлі күй сарындарымен шебер біріктіре алды. Домбыраның мойнына байланған жаңа перне жүйесі (соның ішінде “тылсым” және “мұңлық” пернелер) арқылы ол бұрын естілмеген әуендік бояулар мен эмоционалдық кеңістік ашты. Осыған дейін «Ерке сылқым күйінің феномені неде?» мақала жазылған.

Рысбай Ғабдиев (1936 – 2004) – дәстүрлі қазақ күй өнерін кәсіби деңгейге көтерген домбырашы‑дирижер, 1996 жылы «Қазақстанның халық әртисі» атағын және, 2001 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Ол Атырау облысының халық аспаптары оркестрін құрып, солардың ішінде Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Дәулеткерей сынды ұлы күйшілердің шығармаларын кеңінен насихаттап, халықаралық фестивальдерде жүлделі орын алған

“Күй қағаны” атанған Рысекең  күй тарту өнерін биік кәсіби деңгейге көтеріп, тыңдарманын таңдай қақтырған дара тұлға еді. Әсіресе Құрманғазының күйлерін дауылдата тартқанда, ешкім бей-жай қалмайтын. Сол қолы мен оң қолы ерекше үйлесім тауып, домбырасы адамша сөйлеп кететін. Ол күйлерді жылдам тартпайтын, керісінше, домбыра оның қолында ойнақтап кететіндей еді.

Қаршыға Ахмедияров (1946–2010) – қазақ күйшілік өнерінің көрнекті өкілі. Ол – ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, профессор. Күй тілін терең меңгерген шебер композитор ретінде көптеген айтулы туындылардың авторы атанды. Қазақстанның және әлем сахналарында да ұлттық домбыра өнерінің биіктігін танытып, қазақ өнерінің рухын паш еткен тұлға болды.

Қаршекең күй шығарудың жаңа тәсілін ұсынып, дәстүр мен жаңашылдықты шебер ұштастыра білді. Ол бұрынғы күйлердің құрылымын сақтай отырып, ырғақтық ерекшеліктер енгізіп, күй формасын байытты. Әсіресе бір межеден келесі межеге өту сәттерін құлпыртып, көркем өрнекпен безендіру арқылы орындаушыдан жоғары ептілік пен шеберлікті талап ететін жаңа тәсіл қалыптастырды. Бұл әдіс тыңдаушыны баурап алып, күйдің әсерлік қуатын күшейтті. Нәтижесінде «Атырау», «Қуаныш» сияқты бірқатар күйлері қазақтың алтын қорынан берік орын алды.

Таласбек Әсемқұлов (1955–2014) – қазақ руханиятының жан-жақты талант иесі. Күй өнерін байырғы дәстүрмен, ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын дәстүрлі жолмен меңгерген. Ол күйшіліктен бөлек, жазушылық, ұсталық, аудармашылық сынды бірнеше өнерді қатар алып жүрген. Музыка сыншысы ретінде ұлттық өнерге қатысты терең талдаулар жасап, құнды еңбектер қалдырды. “Талтүс”, “Тәттімбет сері” секілді романдарымен күйді көркем проза тілімен бейнелеп, күйшілік өнерді жазбаша баяндаудың жаңа бағытын қалыптастырды.

Таласбек Әсемқұлов орындаушылық өнер жаңа бағытқа ойыса бастаған кезеңде, дәстүрлі шертпе күйдің шынайы болмысын көрсете білді. Ол ұмыт бола бастаған орындаушылық ерекшеліктерді қайта жаңғыртып, үлгі боларлық мектепті қалыптастырып кетті. Анығын айтқанда, Таласбектің ХХ ғасырдағы басты ерекшелігі – жаңалық енгізу емес, керісінше, жоғалып бара жатқан байырғы күйшілік дәстүрді сақтап қалуы болды

Секен Тұрысбеков (1961) Cемей музыка училищесін бітіріп, кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алып, «Сазген» және «Ақ жауын» ансамбльдерінде жетекші қызмет атқарды. Атақты “Көңіл толқыны”, “Ақжауын” сынды көптеген күйлер мен әндердің авторы. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, «Еңбек сіңірген әртіс» атағын алды; «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды. 2022 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері болды, ал 2024 жылы –  Қазақстанның халық әртісі атағын алды.

Күй өнеріне шер тарқатар жаңа сағыныш күйлерін алып келді. Ол домбыра мойнындағы мұңды пернелерді шебер пайдаланып қана қоймай, иіліп келетін нәзік шертістер арқылы күйге ерекше сезім беру мәнерін қалыптастырды. Күй формасын еуропалық музыкалық құрылымға жақындата отырып, дәстүрлі мектептің жаңа толқынын дүниеге әкелді. Күй шығаруда стильдік ұқсастықтар көбейіп, унификация байқала бастаған кезеңде, ол өзіндік дара қолтаңбасын айқын таныта алды.

Біз бұл мақалада тек өз таңдауымызды негізге алдық. Бұл – біздің музыка өнеріндегі тәжірибеміз бен көзқарасымызға сай жасалған субъективті тізім. Әрине, талғам әртүрлі: біреулер бұл тізімді толық құптауы мүмкін, ал енді біреулер өз пікірін ұсынуы ықтимал. Сондықтан күй өнеріндегі жаңашыл тұлғалар туралы әңгіме ешқашан біржақты түйінделмейді. Бұл тақырып әрдайым пікір алмасуға ашық күйінде қала береді.