BBC News сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың ашылған құпия мәліметтерімен таныстырады.
Израильдің премьер-министрі қастандық жоспарына Трамптың тыйым салғаны туралы сұраққа жауап бермеген. Фото abc.net.au сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Office of the Iranian Supreme Leader
АҚШ президенті Израильдің Аятолла Әли Хаменеиге қастандық жасау жоспарына қарсы болған. Бұл туралы үш америкалық ресми тұлға BBC-дің америкалық серіктесі CBS News-ке хабарлаған.
Бір ресми тұлғаның айтуынша, Трамп Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуға Хаменеиге қастандық жасау «онша жақсы идея емес» деп айтқан. Президент бұл ақпаратқа қатысты көпшілік алдында пікір білдірмеді. Бұл әңгіме жұма күні (13 маусым) Израильдің Иранға шабуыл бастағанынан кейін болған деп хабарланған.
Fox News телеарнасына берген сұхбатында Нетаньяху Reuters агенттігінің Трамптың қастандық жоспарына тыйым салғаны туралы сұрағына тікелей жауап бермеген. «Мұндай әңгімелердің болмағанын біле тұра, жалған ақпарат таралып жатады. Мен ол тақырыпқа кіргім келмейді. Бірақ біз өзімізге қажет нәрсені жасап жатырмыз. Жасай береміз. Меніңше, АҚШ та өз мүддесін жақсы түсінеді. Мен бұл тақырыпқа тереңдеп бармаймын», – деген Израиль премьер-министрі.
Израильдің бір лауазымды тұлғасы CBS News-ке берген пікірінде:
«Біз, негізінен, саяси көшбасшыларды өлтірмейміз. Біз ядролық және әскери салаға назар аударамыз. Бұл бағдарламалар бойынша шешім қабылдайтын кез келген адам еркін жүріп-тұрмауы тиіс деп есептеймін», – деп түсіндірген.
Трамп Израиль премьер-министріне Хаменеиге қастандық жасау «онша жақсы идея емес» екенін айтқан. Фото cnbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Chip Somodevilla
Израиль жұма күні Иранның ядролық инфрақұрылымына және басқа нысандарына алғаш рет шабуыл жасады. Сол күннен бері екі ел бір-біріне зымырандар мен дрондармен соққылар жасауды жалғастыруда. Бүгін бұл қақтығыс бесінші күн жүріп жатыр.
Truth Social платформасында жарияланған жазбасында Трамп: «Иран мен Израиль келісімге келуі керек. Мен кезінде Үндістан мен Пәкістанды қалай тоқтатсам, дәл солай жасаймын»», – деп мәлімдеді.
G7 саммитіне Канадаға ұшар алдында журналистердің сұрақтарына жауап берген Трамп АҚШ-тың Израильді қолдай беретінін айтқан. Бірақ Израильден Иранға шабуылды тоқтатуды сұрады ма, жоқ па – оны ашып айтпаған.
АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келіссөздердің келесі кезеңі бастапқыда жексенбіге жоспарланған болатын. Алайда келіссөздерге арағайын болған Оман сыртқы істер министрі Бадр Альбусаиди сенбі күні бұл келіссөздердің тоқтатылғанын жариялады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Иран Қатар мен Оманға Израиль шабуылы жалғасып жатқанда, атысты тоқтату жөнінде келіссөздер жүргізуге дайын емес екенін мәлімдеген. Сенбі күні Трамп АҚШ-тың Иранға жасалған шабуылға «еш қатысы жоқ» екенін мәлімдеген.
«Егер Иран бізге қандай да бір түрде шабуыл жасаса, онда АҚШ қарулы күштерінің бар қуаты мен айбаты бұрын-соңды болмаған деңгейде сіздерге қарсы қолданылады», – деп ескерткен президент Трамп.
Бұл да америкалық президенттің кімді дос, кімді қарсылас санайтынын Иранға ашық білдіру тәсілі болуы мүмкін. Канадада (15-17 маусым) өтіп жатқан кезекті G7 саммитінде (Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ және ЕуроОдақ қатысатын жиын) де Трамп АҚШ кімді досым деп санайтынын ашық білдірді.
«Иран мен ұсынған «келісімге» қол қоюы керек еді. Қандай масқаралық және адам өмірін бекерге қию. Қарапайым тілмен айтқанда, ИРАНДА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ БОЛМАУЫ ТИІС. Мен мұны қайта-қайта айтып келемін! Барлығы Тегераннан дереу эвакуациялануы тиіс!», – деп жазды Трамп Truth Social Media платформасында.
Батыс елдері Украинада Ресейге қарсы қалай біріксе, Таяу Шығыста да Иранға ұжымдық соғыс ашуға дайындалып жатқан сияқты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.