in

Елнұр Бейсенбаев Президент Әкімшілігінде лауазымды қызметке тағайындалды

Мемлекет басшысының өкімімен Елнұр Сабыржанұлы Бейсенбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Елнұр Сабыржанұлы Бейсенбаев 1986 жылы 27 маусымда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Мамандығы – саясаттанушы, әлеуметтік ғылымдар магистрі.

Еңбек жолын «Жастар үні» жастар қоғамдық ұйымында маман ретінде бастаған. 2009 жылы аталған ұйымның төрағасы болып тағайындалған.

2012–2015 жылдары тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған, сондай-ақ Қазақстан коммунистік халық партиясының Алматы қалалық филиалында идеология және насихат жөніндегі хатшы міндетін қоса атқарған.

2016–2017 жылдары Алматы қаласы әкімдігінің жастар жобалары және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы лауазымдарында еңбек еткен.

2017–2018 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тәрбие жұмысы департаментінің директоры қызметін атқарған.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі болды. 

2020 жылы «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы болды.  

2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін – Жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

2023 жылғы қаңтардан тамызға дейін – «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы.

2023 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін – Сегізінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі қызметін атқарып келді.