Мұнда әрбір дәрігер – өз ісінің маманы, адам өміріне араша түсуге дайын. Мұнда түрлі дертке шағымданып келген науқастарға дер кезінде көмек көрсетіліп, заманауи әдістермен ем-дом жасалады. Инфрақұрылымы жаңартылып, жаңа медициналық технологиялар енгізілген мекеме директоры Ербол Сәрсенбаевпен науқастарға көрсетілетін қызмет түрлері мен ғимараттағы жаңа технологиялық құрылғылар туралы аз-кем сұхбаттастық.
Күрделі отаның 15 түрі жасалады
– Ербол Жақсылықұлы, №1 Көпбейінді қалалық ауруханасында қандай медициналық тенденциялар бар? Жалпы, қоғамда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейтіндер» көбейді ме?
– Жұмысымызды бастаған сәттен-ақ аурухананы заманауи, науқасқа ыңғайлы емдеу орнына айналдыруды көздедік. Ең басты міндеттеріміздің бірі – халыққа сапалы әрі күрделі медициналық көмекті қолжетімді ету, ғылыми дәлелденген емдеу әдістерін қолдану және қызмет көрсету деңгейін артыру.
2023 жылдың желтоқсан айында Астана қаласы әкімдігінің «№1 көпбейінді қалалық аурухана» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны аккредитациядан сәтті өтіп, I санатқа ие болды. Құрылымдық бөлімшелерді дамыту жұмыстары барысында аурухана бөлімдері қайта ұйымдастырылып, жаңа құрылымға ие болды. Нәтижесінде, кардиохирургия, кардиореанимация, кардиология, пульмонология, оңалту сияқты арнайы бағыттар бойынша бөлімшелер ашылды. Маңызды жетістіктеріміздің бірі – биыл 2 мамырда жұмысын бастаған жаңа кардиохирургиялық бөлімшенің ашылуы.
Қазір ауруханада жүрекке ашық түрде жасалатын ең күрделі IV деңгейлі операциялар сәтті жүргізілуде. Бұл – тек аурухананың ғана емес, жалпы елорда медицинасының үлкен жетістігі. Енді жүрек-қан тамыр аурулары бар науқастар жоғары технологиялы кардиохирургиялық көмектің барлық түрін ала алады. Оған жүрек ырғағының күрделі бұзылыстарын емдеуге арналған аритмологиялық қызмет, жүрек құрылғыларын (импланттарды) орнату және қан айналымын механикалық жолмен қолдайтын процедуралар кіреді.
Үкіметтің тапсырмасына сай кадрлық саясатты жақсарту мақсатында штаттық кесте қайта қаралды. Бұл еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға және бөлімшелер арасындағы жүктемені қайта бөлуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар инфрақұрылымды жаңартуға, науқастарға қолайлы жағдай жасауға және медицина қызметкерлерінің жұмысын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Аурухананың қаржылық жағдайын тұрақтандыру – негізгі мақсаттарымыздың бірі. Біз қарыздарды азайту үшін жүйелі түрде жұмыс істеп жатырмыз: қаржы айналымын қайта қарап, ішкі бақылауды күшейтіп, артық шығындарды қысқартудамыз. Біздің басты мақсатымыз – заманауи, тұрақты әрі науқастардың сұранысына сай медициналық мекеме қалыптастыру. Ол уақыт талаптарына жауап беріп, сапалы қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сай болуға тиіс.
– Қазір пациенттеріңіздің арасында ең жиі кездесетін диагноз қандай? Елордалықтар аурудың қандай түріне көбірек шағымданып келеді?
– Астана қаласындағы №1 Көпбейінді қалалық ауруханаға келетін науқастардың басым бөлігінде жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары мен созылмалы аурулардың асқынуы байқалады. Ең жиі кездесетіндеріне қан қысымының жоғарылауы (гипертония), қант диабеті, инсульт, инфаркт, тыныс алу жолдарының созылмалы сырқаттары және ауыр жарақаттардың (политравмалар) салдары жатады.
– Мұнда күрделі отаның қанша түрі жасалады? Оған маман жеткілікті ме?
– Астана қаласындағы №1 Көпбейінді қалалық ауруханада түрлі медициналық саланы қамтитын 15 бағыт бойынша жоғары технологиялы және бірегей операциялар жасалады. Олардың қатарында келесі бағыттар бар: лапароскопиялық хирургия, травматология және ортопедия, бариатриялық хирургия (семіздікке қарсы операциялар), ангиохирургия (тамыр хирургиясы), интервенциялық кардиология және аритмология (жүрек ырғағын түзету), урология, оның ішінде эндоскопиялық араласулар, жүрек-қан тамыр хирургиясы.
Ауруханамызда жасалатын операцияның кез келген түрі заманауи технологиялар мен әдістерді қолдана отырып, жоғары технологиялы медициналық көмек (ЖТМК) стандарттарына сай жүргізіледі. ЖТМК тізіміне енгізілген 15 операция түрі клиниканың келесі бейінді бөлімшелерінде жасалады: оториноларингология бөлімі (ЛОР – құлақ, мұрын, тамақ ауруларын емдеу), нейрохирургия бөлімі (жүйке жүйесі мен миға жасалатын операциялар), травматология-ортопедия бөлімі (сүйек, буын және тірек-қимыл жүйесінің жарақаттары), кардиохирургия бөлімі (жүрек-қан тамырларына жасалатын операциялар).
Мамырдан бастап кардиохирургия бөлімінде жүрекке ашық күрделі операциялар сәтті жасалып келеді. Бұл аурухана хирургиясының дамуына үлкен серпін беріп, жүрек-қан тамыр аурулары бар ауыр науқастарға жоғары деңгейде көмек көрсетуге жол ашты.
МӘМС жүйесіндегі маңызды өзгерістер
– Ауруханадағы дәрігердің жүктемесі қандай ауқымда? Әр науқасқа дәрігер қанша уақыт бөледі? Отадан шыққан, аурханадан кеткен пациент пен дәрігер арасындағы қарым-қатынас қалай жалғасады? Бұрынғы пациенттерге кейінгі бақылау, кеңес беру немесе амбулаторлық бақылау қалай ұйымдастырылған?
– Стационарлық бөлімдер мен шұғыл қабылдау бөлімінде дәрігерлердің жүктемесі, әрине жоғары, солай болып қала береді де. Соған қарамастан, медициналық көмек әр науқасқа жеткілікті деңгейде көңіл бөліп, қажетті уақытты арнау принципімен ұйымдастырылған. Ауруханадан шыққан соң пациенттерге емді жалғастыру, оңалту және аурудың алдын алу бойынша жеке кеңестер беріледі.
– Маман мықты болғанымен, оның жұмыс істеуіне жағдай жасалмаса тағы болмайды. Соған қатысты аурухананың медициналық материалдық-техникалық жағдайы қалай?
– Ауруханамыздың материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талаптарына толық сай деп айтуға болады. Мекеме қажетті диагностикалық және емдік құрал-жабдықтармен жабдықталған, бұл дәрігерлердің жұмысын тиімді атқаруына және медициналық көмектің сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз техника мен құрал-жабдықтарды үнемі жаңартып, ғимараттар мен бөлімдердің жағдайын қадағалап отырамыз. Сонымен қатар дәрі-дәрмек пен медициналық материалдармен үздіксіз қамтамасыз ету жолға қойылған. Цифрлық технологияларды енгізу және науқастар мен қызметкерлерге жайлы жағдай жасау бағытында да жұмыстар атқарылуда. Біз үнемі жетіліп, медициналық қызметтің сапасы мен қолайлылығын арттыруға ұмтыламыз.
– Халықтың басым бөлігін мазалайтын не дүние? Жалпы, осы салада сізді толғандыратын мәселе бар ма?
– Алдағы уақытта басымдық беретін басты бағыттарымыз – жоғары технологиялы медициналық көмектің көлемін арттыру. Біз бұл көмектің елордалықтармен қатар, еліміздің өзге де аймақтарындағы тұрғындар үшін қолжетімді болуын қалаймыз. Сонымен бірге, шешілуге тиіс маңызды мәселелердің бірі – аурухананың үлкен қарызынан шығу. Ол үшін бізге нақты қаржылық тәртіп, ішкі жұмысты қайта қарау және ресурстарды тиімді пайдалану қажет. Қазірдің өзінде бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып, қаржылық жағдайды тұрақтандыру жолында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – әр науқас өзіне деген қамқорлықты, қауіпсіздікті және сапалы медициналық қызметті сезіне алатын заманауи әрі тұрақты медициналық мекеме құру.
– МӘМС жүйесінің жаңа нормасы кімдерді қамтиды?
– Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты жаңа заң қабылданды, ол бірқатар маңызды өзгерістерді қамтиды. Ең басты жаңалықтардың бірі – әлеуметтік қиын жағдайда жүрген азаматтарды, яғни D және Е санатындағы адамдарды сақтандыру жүйесіне қосу. Бұл өзгеріске сәйкес, 2026 жылдан бастап табысы өте төмен шамамен бір миллион қазақстандық азамат медициналық көмекті мемлекет есебінен МӘМС арқылы ала алады.
Қазір Қазақстанда 16,9 миллион адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қамтылған. Бұл – ел халқының 82,6 пайызы. Олардың ішінде 11,9 миллионы (59,5 %) жеңілдік санатына жатады, яғни олардың жарнасын мемлекет өзі төлейді. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жоғары әлеуметтік жауапкершілікті білдіреді – билік әр азаматты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуді көздейді.
Алайда қазір МӘМС жүйесіне кірмеген шамамен 3,4 миллион адам бар. Оның 2,4 миллионы – еңбекке қабілетті, өмір сүру деңгейі орташа азаматтар. Олар әзірге жүйеге қатыспаған. Ал қалған миллионға жуық адам – қоғамдағы ең әлсіз әлеуметтік топтардың өкілдері (D және Е санаттары). Жаңа заң дәл осы топты МӘМС жүйесіне қосуға бағытталған.
Қабылданған шешімге сәйкес, 2026 жылдан бастап өмір сүру деңгейі дағдарыстық және шұғыл жағдайда тұрған азаматтар үшін жарналар жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. Бұл дегеніміз – енді мұндай азаматтар жоспарлы медициналық көмек алу үшін алдын ала жарна төлеуге міндетті болмайды.
2027 жылдан бастап Қазақстан толыққанды сақтандыру медицинасы моделіне көшуді жоспарлап отыр. Бұл модель барлық тараптың – мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтардың бірлескен жауапкершілігіне негізделеді. Мұндай тәсіл «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте бекітілген принциптерге сай келеді және азаматтардың табысы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, медициналық көмекті тең және әділ түрде қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Қабылданған шаралар тек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің қамту аясын кеңейтуге емес, сонымен қатар елді әрбір азамат үшін әлеуметтік әділдік пен медициналық қауіпсіздікке жақындатуға бағытталған.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ