Аманаттықтар өңірде жүріп жатқан қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасынан табылып, халық пен билік арасын жалғап тұрған көпір міндетін атқарады. Беделді саяси ұйымның өңір көлемінде атқарып жатқан жұмыстарын пайымдауда, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевпен сұхбат жүргізген едік.
– Алтынсары Дүйсенбекұлы, сұхбатымызды жұмыс басымдықтарыңыз туралы мәселеден бастасақ, партияның Түркістан облыстық филиалының биылғы жұмыс жоспарының ерекшелігі қандай еді? Партиялық қызметті ұйымдастыруда қолға алған бастамаларыңыз туралы да айтып өтсеңіз.
– Шын мәнінде, 2025 жыл партиядағы қызметіміз үшін айрықша белестерді айқындаған кезең болды деп нық сеніммен айта аламын. «AMANAT» партиясы, ел аманатын арқалай отырып, ел тағдырына алаңдайтын барша азаматтарды Мемлекет басшысының түбегейлі реформаларын қолдауға, Әділетті Қазақстан құру идеясының төңірегіне топтасуға шақырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған 9 негізгі басымдықтан туындайтын жаңа міндеттер партиялық қызметтің өзегі болып белгіленді. Жұмыс жоспарымыз Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында айтылған басымдықтармен толықтырылды. Идеологиялық мазмұнды қамтуда 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануын басшылыққа алдық, Парламент Мәжілісінің және партиямыздың Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың ұсынысымен биылғы жыл – Бастауыш партия ұйымдарының жылы болып жарияланды, қызметтегі негізгі басымдықты партиямыздың ең төменгі құрылымына беріп отырмыз.
Сондай-ақ 2025 жылғы 4 наурызда Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Ерекше мәртебе бағытындағы жұмыстар да партиялық қызметтің негізгі бағдары болып белгіленді.
Ең алдымен, негізгі тірегіміз – ол біздің жақтастарымыз. Биылғы алты айда партия қатарына 2 198 адам қабылданып, Түркістан облысы бойынша партияластарымыздың қатары 85 356 адамға жетті. Еліміз бойынша 800 мыңнан астам адам «AMANAT» партиясының мүшесі болса, соның он пайыздан астамын Түркістан облысының тұрғындары құрайды. Бұл көрсеткіш партиямызға деген ел сенімінің жоғары екенін көрсетеді деп білемін.
Аудан, қалалардағы 17 аумақтық партия филиалдары 242 бастауыш партия ұйымдарын біріктіреді. Бастауыш ұйымдарға әдістемелік көмек көрсетуде Сайрам, Сарыағаш аудандары мен Түркістан қаласында сол аумақтарға жақын аудан, қалалардағы партия ұйымдарын біріктіріп, партиялық қызметті жаңа сипатта ұйымдастыру бойынша топтық семинарлар өткіздік. Атап өтуіміз керек, биыл – Бастауыш партия ұйымдарының жылы болып жариялануына орай, барлық ұйымдарды кеңсе кабинеттерімен, компьютерлік техникамен қамтамасыз етуді ұйғардық. Еліміздегі ең ықпалды саяси күшке айналған партиямызда азаматтар үшін қолайлы орта түзілуге тиіс деп санаймыз және бізге сенім артқан азаматтар үшін барлық жағдай жасалады деген сенімдемін.
– Сайлау кезінде берілген уәделердің орындалуына, партияның сенім мандатына ие болған депутаттардың белсенділігіне тоқталсаңыз…
– «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында 136 индикатор, 568 іс-шара жоспарланса, соңғы екі жылда белгіленген межелердің 43,5 пайызы немесе 247 іс-шара толығымен атқарылды. Яғни, облыс халқына берген уәделеріміздің жартысына жуығы орындалды, қалған межелер 2027 жылға дейінгі мерзімде толықтай іске асады деп білеміз. Жол картасына еніп, пайдалануға берілген нысандардың қатарында «Жайлы мектеп» жобалары, жаңа мектептер құрылыстары, медициналық ұйымдар, спорт кешендері, мәдениет үйлері, оңалту орталықтары, өрт сөндіру деполары, полиция бекеттері бар. Елді мекендердің қордаланған мәселелерін шешуде ауылдарға ауызсу, газ жүйелерін тарту, халық тұтынатын электр қуатының сапасын арттыру, автомобиль жолдарын салу жобалары жүзеге асты.
Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының іскерлік беделінің, мол тәжірибесінің арқасында Түркістан облысы экономикалық өсім жағынан республикадағы үздік үш өңірдің қатарына ілікті. Экономикадағы маңызды деген 10 көрсеткіште Түркістан өңірі республикада көш бастады.
Партия айқындаған міндеттерді іске асыруда партиялық фракция депутаттары мен аудан, қалалық мәслихаттар корпустарының жұмыстарын ерекше атап өткеніміз жөн. Мәслихаттардың депутаттары партия алаңында өтіп жатқан барлық жиындар, қоғамдық қабылдаулар, мәдени іс-шаралар мен кездесулер депутаттардың қатысуымен өтуде.
Биылғы алты айда облыстағы фракциялардың 37 отырысы өтіп, 94 мәселе қаралды. Сайлауалды бағдарламаның орындалуы бойынша, облыс әкімінің орынбасары, жауапты басқармалар мен Түркістан, Арыс, Кентау қалалары және Отырар ауданы әкімдерінің есептері тыңдалды. Ал облыстық партия филиалының Саяси кеңес бюросында 2 басқарма басшысының, 9 аудандық мәслихат төрағасының, 5 аудандық фракция жетекшісінің есептері тыңдалып, Жол картасы тармақтарының орындалуын үйлестіруге жауапты депутаттардың қызмет белсенділіктері сараланды.
Партияның өңірлік филиалы жанынан облыстың тыныс-тіршілігіне қатысты түрлі бағыттар шеңберінде жұмыс жүргізетін 9 кеңес қызмет атқарады. Консультативтік-кеңесші орган мәртебесіне ие осы кеңестердің 34 отырысы өтті, 64 мәселе қаралды. Кеңестер қызметінің пәрменділігін арттыруда, олардың отырыстарын аудан, қалаларда көшпелі форматта өткізу үрдісі қалыптасты.
– Партия қызметінің негізгі бағытын партиялық жобалар құрайды. Бұл бағыттағы көрсеткіштеріңіз қандай? Партияға сенім артқан азаматтардың саны артып жатқанын айттыңыз. Жас буынмен жұмыс қалай өрбіп жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «AMANAT» көтерген бастамаларға, партиялық жобаларға арнайы тоқталып, бірнеше рет жоғары баға бергені белгілі. Соның ішінде, «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Әкімдер мектебі» жобалары жалпыұлттық деңгейге шығарылды.
Өз қызметі шеңберінде «AMANAT» жиырмаға жуық партиялық жобалардың іске асырылуын үйлестіреді. Олар – «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек», «Халыққа көмек», «Таза бейсенбі», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Жастарға жұмыс», «Кітап-AMANAT» TOMIRIS, QAISAR, «Жас саясаткерлер мектебі», «Менің елім – менің тілім», «Ұлттық мұра» жобалары. Биылдан бастап олардың қатарына «Әкімдер мектебі», «Цифрлы қоғам», «Агросауат» жобалары қосылды.
Бұл жобалар халықтың өзекті мәселелерін шешуге, халықтың нақты әлеуметтік топтарына бағдарланған, қоғамның мәдени-рухани құндылықтарын ілгерілетуге, патриоттық тәрбие беруге арналған. Айта кетуіміз керек, «AMANAT» партиясы белгілеген партиялық жобалардың барлығы дерлік Түркістан облысы үшін өте өзекті болып табылады. Халықтың сұранысын дөп басып, қоғамдағы актуалды мәселелерін қамтиды. Партияның барлық бастамалары Түркістан облысында нақты нәтижелерін беріп отыр.
Азаматтардың қолдауына ие болған «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша биылдың өзінде 8 102 адам оқытылды. «Жер аманаты» бойынша биылғы алты айда 32,8 мың гектар жер қайтарылып, жылдық жоспар 80 пайызға орындалды. «Ауыл аманаты» бойынша 2023 жылы берілген несиелердің қайтарымы есебінен 2,3 млрд теңгеге 316 жоба қаржыландырылды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы шеңберіндегі «Таза бейсенбі» жобасы аясында ауыл-аймақтарда 22 учаскеде тазалық жұмыстары жүргізіліп, оған алты мыңға жуық партия өкілдері қатысты.
«Кітап-AMANAT» жобасымен Жетісай, Мақтаарал, Түлкібас аудандарында рухани-ағартушылық орталықтары ашылып, жұмыс жүргізіп жатса, «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Ұлттық мұра», «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек» тағы басқа жобалар бойынша түрлі форматтағы іс-шаралар атқарылып, партиямыз тұрғындардың кең қолдауына ие болуда. Облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелерінің желісі бойынша айтатын болсақ, биылғы 6 айда партия көмегіне жүгінген азаматтардан 9 000-ға жуық арыз-өтініш келіп түсіп, барлық өтініштің 62 пайызы шешімдерін тапты. «Құқықтық көмек» жобасы бойынша Сауран, Қазығұрт, Отырар, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас, Мақтаарал, Жетісай аудандары мен Кентау және Түркістан қалаларының әрқайсысында шалғайда орналасқан екі елді мекенде, барлығы 20 ауылда мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау жиындары өткізілді.
Партия беделіне айналған осы жұмыстардың нәтижесінде, биылғы бірінші жартыжылдықта өткен 38 ауылдық округ әкімдерінің сайлауында «AMANAT» партиясынан ұсынылған 37 кандидат жеңіске жетіп, партияның жаңа, жас буын кадрлары ел ісіне араласа бастады.
Қарағанды облысында өткен QAISAR республикалық әскери-патриоттық ойындарында Түркістан облысынан қатысқан жастар екінші орынға ие болса, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-жылдығына арналған AMANAT-AQYLMAN интеллектуалды ойындарының іріктеу кезеңдері 17 аудан, қалада өткізілуде. «Жастар рухы» жастар командасы Түркістан облыстық AL-FARABI зияткерлер байқауында ең үздік команда атанды. Облыстық партия филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты республикада ең үздік ұжым деп танылды, ал осы бөлімнің косультанты Еркебұлан Мадиярұлы жылдың үздік волонтері деген номинацияға ие болды.
Қоғам мен мемлекет игілігі үшін «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы атқарып жатқан жұмыстарының барысы осы мазмұнда тізбектеліп отыр.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым МҰРАТБЕК