in

Ескерткіштер ескерілмей тұр

Сыр шаһары астана статусын алған кезден бастап қоныстанушылар қатары да артып, халық санында өсім байқалады. Сол ке­зеңде қала хал­қы 22 мыңнан асты деген ақпар бар. Қала құрылыс алаңына ай­налып, мемлекеттік мекемелер, өндіріс орындары мен орта және ар­наулы мектептер ашыла бастаған. Сонымен қатар көптеген ақпарат құралы осы өңірге шоғырланады. Атап айтқанда, бас шаһарда сол кездегі «Еңбекші Қазақ», «Советская степь», «Ауыл» және «Әйел теңдігі» басылымдары, «Денсаулық жолы», «Жаңа мектеп» пен «Жаңа әдебиет» сынды журналдар жарық көре бастаған. 1926 жылы тұңғыш театр да Қызылорда қаласында шымылдығын түрген көрінеді. 

Сол кезеңнен бізге сыры мен сыны бұзыл­май жеткен тарихи ны­сандар қатары аз болмады. Алайда, өкініштісі сол, кешегі тоқырау ке­зеңде тарихи ескерткіштердің құндылығы ескерілмей, көпшілігі жер­мен жексен болып бұзылып кеткенін тарихшы­лар мен өлке­тану­шылар қынжылыспен еске алады. 

«Шынында да, бізге сол кезеңнен жет­­кен тарихи нысандардың көпшілігі жойы­­лып кетті. Бүгінде қолда бар құнды ескерт­кіш­теріміздің де жағдайы мәз емес. Мәсе­лен, қаладағы сол кезден жеткен тарихи ны­санның бірі – бүгінгі темір жол вок­залына жуыр­да күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргі­зіл­­гені көпке мәлім. Мұны өңір халқы зор қуанышпен қабылдады. Алайда осы жерде тари­хи нысанды күр­делі жөндеуден өткізу оның көне бет-бей­несін жойып жіберетіні ескерілмеген сияқ­ты. Сонымен қатар жөн­деу жұмыс­тары сапасыз жүргізілсе, бұл ғи­мараттың тез тозуына әкеп соқтыратыны бел­гілі. Сон­дықтан мұндай тарихи, құнды ғи­марат­тарға күрделі жөндеу немесе рес­тав­рация жүргізуді құптамаймын. Тек қолда қалған құнды ескерткіштерімізді кү­тіп ұстап, келешек ұрпаққа аманаттау мін­детіміз еке­нін ескеруіміз керек», – дейді жер­гілік­ті өлкетанушы Әлімжан Ержанов. 

Негізінен, қаладағы тарихи ғимарат­тың ең көнесі – 1878 жылы салынған Айт­бай ме­шіті. Тарих беттерін парақтасақ, бұл ны­сан төңірегінде де көптеген құнды де­рекке қанық боласыз. Мешіт сол за­ман­­да Айтбай қажының өз қаржысы есе­бінен салынған деген ақпарат ай­ты­лады. Алла үйін Ысқақ пен Камал есімді ұс­талар соғыпты. Ең қы­зығы, мешіт ас­тын­да бірнеше бағытқа апа­ратын жерасты жо­лы бар. Жерастына кірер құдығы ғи­маратта әлі де сақтаулы. Бұл жол­дың не мақсатта салынғаны жөнінде ел ау­зында бірнеше болжам айтылып жүр. Бірақ оның әлі де толық зерттелмей тұрғаны өңір халқын толғандырады. 

Алғашында Қыздар приход учи­лище­сі, кейіннен Перовск қазақ-орыс учи­лище­сі, рес­публикалық баспахана болып жұ­мыс жүр­гізген тарихи нысанның бү­гінгі күйі көп­шілікті ойландырып жүр. Се­бебі атал­мыш ғимарат 90-жылдары бе­лең алған же­­­кешелендіру науқанында же­ке кәсіп­кер­дің мен­шігіне өтіп кеткен. Содан бері «Аль-асад» сауда дүкені ре­тінде жұмыс істеп ке­леді. Халық тар­а­­пы­нан талай мәрте тарихи ны­санды мем­ле­кет меншігіне қайтару бас­тамасы көтеріл­генімен, еш нәтиже болар емес. 

«Негізінен, тарихи маңызы зор ес­керт­­кіштерді сақтау, күтіп ұстау бағытын­да жауапты мекемелер көнекөз қариялар­мен, өлкетанушылармен тығыз байла­ныс­та жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Сол кезде ғана атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі болар еді. Бірақ қазір бәрі кеш. Жойылып кеткен ғимараттар қайта қалпына келмейді. Ендігі жерде өңірдегі қолда бар тарихи нысандар мен жәдігер­лерді сақтап қалу үшін олардың тізімін жасап, нақты мәліметтер жинау қажет. Бұл жайында бұқаралық ақпарат құрал­дарында ұдайы жариялап отырса құба-құп. Мұндай жұмыс үлкен жауапкер­ші­лік­ті қажет етеді. Мәселен, қазіргі «Аль-асад», бұрынғы училище ғимаратын же­ке­нің қолынан мемлекет меншігіне қай­тарып, музей ретінде ашып қойса қанд­ай жарасымды. Бір сөзбен айтқанда, әр­бір жәдігерге ұлттық құндылығы­мыз­дың бір бөлігі ретінде қарауымыз керек. Қолда бар құндылығымыздан айырылсақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Ең бастысы, тарихи орындарға атүсті қарасақ, өткені­міз­бен байланыс үзіледі. Ал оның зардабы қаншалықты ауыр болатыны айтпаса да түсінікті», – деп ойын толықтырды өлке­танушы. 

Алғашқы астанамыздың тарихына зер сал­сақ, ұлт зиялыларының жүріп өткен жо­лы сайрап жатыр. Көне Қызылордада елі­міздің жарқын келешегін қалып­тас­тыру жолында ұлт жанашырларының ық­палымен көптеген оқиға болғаны да тари­хи деректерден мәлім. Сол уақытта Сыр ауасымен тыныстап, топырағын ба­сып, Қызылордада еңбек еткен талай тұл­ғаның тұрған үйлері белгісіз себеп­тер­мен бұзылып кеткені де белгілі. Бүгінде сон­дай бұзылып кеткен үйлердің көпші­лігі­нің орнына нақты деректері жазылған ескерткіш тақталар орнатылған. Дей тұр­ғанмен, ел аузында әлі де кейбір зия­лылары­мыздың тұрған үйлері ескерусіз қалып отырғаны айтылып жүр. 

«Жалпы, қаламыздағы тарихи орын­дардың көпшілігі құрдымға кетті. Осы орайда көне Қызылордада тұрған көп­те­ген ұлт зиялыларының тұрған үйлері ха­лық жадынан ұмыт болып барады. Соған сәйкес, үнемі тарихи орындардарды көп­­­­шілік жадында жаңғырту мақсатында өз ұсыныстарымды білдіріп келемін. Со­ның ішінде қаламыздың Әйтеке би кө­шесінің бойындағы қазақ әдебиетінің көр­некті өкілдерінің бірі – әңгіме, проза жан­рының майталманы Бейімбет Май­лин тұрған үйдің елеусіз қалып тұрғаны қын­жылтады. Ертеректе бұл үйге арнайы тақта ілінген болатын. Кейіннен ғимарат­қа жапсарласа, салынған дүкендердің сал­дарынан аталмыш тақта алынып тас­талған. Соны қайта қалпына келтіру қа­жет деп есептеймңн. Сол сияқты бұрын Қа­зыбек би көшесімен келіп, теміржол вок­залына қарай Қонаев көшесіне бұ­рыл­ғанда екі қабатты сары ғимарат бо­латын. Сол кездері ғимарат қабырғасында «Бұл ғимаратта алғашқы қазақ газеттері шы­ғарылған редакция және типография бол­ған» деген жазу тұратын. Бұл жазуды 1975 жылы өз көзіммен оқыған едім. Дерек­ке сәйкес, ол ғимаратта Сәкен Сей­фуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жан­сү­гіров, Сәбит Мұқанов сынды ұлы тұлғалар қызмет еткен. Сол уақытта баспаханада «Еңбекші қазақ» секілді көптеген қазақ газеті жарық көрген екен. Қазір бұл жерге мейрамхана салынған. Алайда бүгінгі өскелең ұрпақ бір кездері бұл аумақта тарихи маңызы зор ғимарат болғанын біле бермейді. Соған орай сол маңға да арнайы ескерткіш тақта қойылса нұр үстіне нұр болар еді», – деді бұл жайында Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, ақын Қаршыға Есімсейітова.

Жалпы, күні кешеге дейін қала көр­кін айшықтайтын заманауи ғимараттар салу үшін көптеген тарихи нысанды құрдымға жіберіп алдық. Алдағы уақытта да жағдай бұлай жалғаса берсе, келешек ұрпаққа ама­наттап тапсыратын құнды мұрала­ры­мыз қалмауы мүмкін. Сондықтан биылғы та­рихи күнді кең көлемде тойлаумен қа­тар, қолда бар құн­­ды жәдігерлерімізді сақ­тап, жас ұр­пақ­тың жадында жаң­ғыр­татын сәт кел­ген сияқты. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы