in

Жанкүйерлер әлем чемпионатынан оралған спортшыларды әуежайда күтіп алды

29 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Солт-Лейк-Ситиде өткен жаһандық додада Қазақстан құрамасы 2 қола медаль жеңіп алды. Оның ішінде елордалық спортшы Богдан Вехов 1 000 метр қашықтықта әлем рекордын жаңартып, қола жүлдегер атанса, әйелдер эстафетасында Нұрия Алпысбай да жүлдегерлердің қатарынан көрінді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Әлем чемпионатынан жүлделі болу кез келген спортшыға қуаныш сыйлайтыны түсінікті. Бірақ чемпион атанбағаныма қынжыламын. Әйтсе де қарсыластарым осал болды деп айта алмаймын. Олардан озу үшін, түрлі тактика құрастырып, есеппен жүгіруге тиіссің. Бұйырса келесі жылы елордада ұйымдастырылатын әлемдік бәсекеде тарихи алтынды алуға барымды саламын. Қазір сәл қалпыма келіп, теледидар арқылы Милан-2026 Олимпиадасында өзімнің отандастарыма жанкүйер боламын. Ал наурыз айында ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында бақ сынаймын», – деді Богдан Вехов.

Богдан Веховтың бұл әлемдік додадағы алғашқы жүлдесі емес. Ол 2025 жылы Канадада өткен төрткүл жарысында да эстафета сайысынан 2 қола медаль алған еді.

Дайындық барысында жасөспірімдер құрамасы Милан-2026 Олимпиадасына жолдама алған ұлттық құрамамен дайындалған болатын. «Бұл – менің спорттық карьерамдағы алғашқы әлем чемпионаты. Әйтсе де дайындығымыздың жоғары болғандығын ескерсек, жүлделі болатынымызға сенімді болдық. Иә бұған дейін әлем кубоктарының кезеңдерінде бақ сынағанмын. Бірақ әлем чемпионатының атмосферасы, ұйымдастырылу деңгейі мүлдем бөлек екен», – деді эстафета сайысында қола жүлдегер атанған Нұрия Алпысбай.

Айта кетейік, енді жасөспірімдер арасындағы кезекті әлем чемпионатын 2027 жылдың 28-31 қаңтарында тұңғыш рет Астана қаласы қабылдайды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.