in

«Жанға араша» жандарға кім араша?

Ал денсаулығымыз сау болса, дүниенің уақытша екенін ұмы­тып, ақ халаттыларға құрметсіздік танытып, зәбір көрсетеміз. Жасаған жақсылықты тез ұмытамыз. Ден­сау­лық сақтау министр­лігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігер, фельдшер, медбикелерге және басқа да денсаулық сақтау қызметкерлеріне жасалған шабуылдар­дың 170-тен астам фактісі тіркеліпті.

Әсіресе, жедел жәрдем қыз­меткерлері жиі соққыға ұшырайды. Қоғам назарын аудартқан осындай оқиғаның алғашқысы 2023 жылы тіркелген еді. Желіде ер адамның жедел жәрдем жүргізушісін соқ­қыға жыққан бейнежазбасы тарап кетті. Оқыс оқиға Қарағанды қала­сында болған. Жарияланған бей­не­жазбдан ер адамның жедел жәр­дем жүргізушісіне дауыс көтеріп сөйлеп жатқанын көруге болады. Қала тұрғыны жүргізушіге көлікті дұрыс қоймағаны үшін шүйліккен. Ашуға булыққан ер адам жедел жәр­дем қызметкеріне соққы жау­дырған. Кейін Қарағанды облысы Полиция департаменті жедел жәр­дем жүргізушісіне денежарақат­тарын келтірген азамат анықтал­ғанын хабарлады. Бірақ медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау мұнымен біткен жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында «дәрігерді соққыға жықты» деген ақпарат құтты бір эпидемия сияқты тара­лып кетті. Айталық, Қостанайда науқастың шақыртуына барған жедел жәрдем қызметкері Әнел Баймурзина соққы алып, ауруха­надан бір-ақ шықты. Оған нау­қас­тың жақындары шабуыл жасаған. Фельдшердің айтуынша, ол сол күні түнгі ауысымға түскен. Жедел жәрдемге «Демікпе, жүрек» деп ша­қырту келген. Шақырту бо­йын­ша барып, алғашқы көмек көр­се­теді. Алайда науқастың жақындары бір нәрсені дұрыс істемесе, қарғап, түрмеге отырғызатындарын айтып­ты. «Науқастың демі тоқтаған соң реанимациялық шараларға кірісіп, 30 минуттай аман алып қалу үшін күрестік» дейді. Алайда науқас көз жұмған екен.

– Сол сәтте науқастың жа­қын­дары мені теуіп, шашымнан ұстап ұра бастады. Жанымдағы екінші фельдшер мен жедел жәрдем жүр­гізушісі маған араша түсті. Алайда әйелдерге төтеп бере алмады. Бірақ көршісі келіп, құтқарып қалды, – дейді фельдшер.

Әнел Баймурзинаға мидың шай­қалуы, самай аймағының ге­матомасы, бетінің жұмсақ тіндері сырылған деген диагноз қойылды. Осы мәселелерге байланысты был­тыр медицина қызметкерлерінің құқығын қорғайтын заң қабыл­дан­ды. Құжатта дәрігерлер басы артық есеп беру ісінен де босатылатыны қамтылған. Сонымен бірге меди­цина қызметкерлерінің балаларын тұрғылықты жерінде мектепке де­йінгі ұйымдарға қабылдау кезінде басымдық беріледі. Мамандығы бойынша әскери қызметін өтей алады немесе әскерге шақыртуды кейінге қалдыру құқығы беріледі. Бұдан бөлек, ауылдық елді мекен­дерге қоныс аударғандарға 8,5 млн теңге бір реттік ақшалай көмек бе­ріледі. Сондай-ақ медицина қыз­меткерлерінің қоғамдағы мәрте­бесін арттыру үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы тағайындалды. Алайда, бұл заң қабылданғанына бір жылға жуық уақыт болса да, медицина қызметкерлеріне деген құрмет­сіз­дік азаяр емес. Айталық, 2 маусым күні Қарағанды облыстық балалар ауруханасында 38 жастағы облыс тұрғыны дәрігерлермен сөзге келіспей қалып, соққыға жыққан. 

– Күдікті оқиға орнында ұс­талып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асы­рыл­мақ, – делінген полицияның ресми сайтында.

Елімізде ақ халатты абзал жан­дарға күш көрсету, тіл тигізу, тіпті соққыға жығу оқиғалары жиілеп кеткеніне Мемлекет басшысы да назар аударды. Президент меди­цина қызметкерлеріне күш қол­данып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қа­таңдату мақсатында ұлттық заң­на­маға өзгерістер енгізу туралы ­Пар­л­амент депутаттарының, ден­саулық сақтау саласы өкіл­дерінің және белсенді азаматтардың ұсы­нысын қолдады. 

Шабуыл жасағандарға қатаң жаза керек

Ал Мәжіліс депутаты Асхат Ай­мағамбетов дәрігерлерге жасалған шабуыл полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаумен теңестіріліп, қылмыстық жауапкершілік күшей­тілуге тиіс екенін айтады.

– Қазақстанда басқа ешбір ма­мандық медицина қызметкерле­ріндей жиі агрессияға тап бол­май­ды. Оның салдары қазірдің өзінде байқалып жатыр. Дәрігерлер жұ­мыстан кетіп жатыр, өйткені өзін қауіпсіз сезінбейді. Сондықтан біз, бұған дейін үш рет Қылмыстық кодекске өзгерістер ұсындық. Дә­рігерге шабуыл жасаған адамға қатысты бөлек бап, қатаң жаза болуы керек. Бұл жаза полицияға немесе орманшыға шабуыл жасау­мен тең болуға тиіс. Егер дәрігер соның кесірінен жұмысқа жарамай қалса, кінәлі адам моральдық та, материалдық та өтемақы төлеуі ке­рек. Қажет болса өмір бойы тө­ле­сін, – дейді депутат.

Асхат Аймағамбетовтың ай­туын­ша, бұл бастама Үкіметтің қорытындыларында қолдау тап­паған. Жақында болған дәрі­гер­лерге қатысты жағдайға үстірт қа­рауға болмайды. Ең сорақысы, медицина қызметкерлеріне қол көтеру, әсіресе жедел жәрдем мен емхана дәрігерлеріне күш қолдану әдетке айналып барады. Сон­дық­тан оған дереу тоқтау салып, заң­мен шектеу қою керек. Халық­ара­лық тәжірибе де біздің ұсынысымыз дұрыс екенін көрсетеді. Еуропа елдерінде дәрігерге шабуыл жасау полицияға шабуыл жасаумен тең. Онда мұндай әрекет үшін нақты, қатаң жаза бар. Мемлекет дәрігерді қатты қорғайды. Бізде де солай болуы қажет.

– Қарағандыда бір азамат аға медбикені жұмыс орнында соққыға жыққан. Медбике басынан жарақат алған, саусақтары сынған, денесі көгеріп, шашы жұлынып, ауыр соққыға ұшыраған. Ал Қостанайда хирург-урологқа шабуыл жасалды. «Мені кезексіз кіргізбеді» деп ашу­ланған науқас дәрігерді ұрған екен. Салдарынан, ол ауыр жара­қат­пен ауруханаға түсті. Басынан қан кет­кен, сүйегі сынған. Мұны жай ғана «кездейсоқ жағдай» деуге бол­май­ды. Бұл дегеніміз – тек дәрігерлер үшін емес, әрқайсымыз үшін қауіп­ті шабуыл, – деді депутат.

Ішкі істер министрінің мәлі­метінше, ауруханалар мен пери­наталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойғы поли­ция бекеттері қойылған. Барлығы 115 денсаулық сақтау нысаны қор­ғауға алынды. Кикілжіңдерге жедел ден қою мақсатында маршруттық патрульдер көрсетілген меке­ме­лерге жақын орналастырылды. Қазіргі уақытта медициналық ме­кемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жекелеген шаралар қабылданды.

Әр науқастан сөз естуге мәжбүр

Кардиолог-дәрігер Гүлжан Бо­латбекқызы қызмет барысында науқастар тарапынан бірнеше рет қысым көргенін айтты. Көп дәрі­гер­дің жүктемесі ауыр. Оны түсініп жатқан науқастар да аз. Олар дә­рігерлерге дөрекі сөйлеп, тіпті қол көтеруге дейін жеткен жағдайларды көріп жүрміз. Әсіресе, участкелік дәрігерлер баланы да ересекті де қабылдап, үй аралайды.

– Сондықтан науқастар дәрі­герлерге сыйластықпен қараса деп ойлаймын. Адам денсаулығына жауапты дәрігерлерге диагноз қою, емдеу, зерттеу әдістеріне қарап науқасқа жедел көмек көрсету оңай емес. Кейде біз 1-2 секунд ішінде науқастың шағымдарына қарап шешім қабылдауымыз керек бо­лады. Алайда көп жағдайда науқас агрессия көрсетіп жатады. Сонда дәрігер науқастардан үнемі қорқып отыруы керек пе? Осыдан 2 жыл бұрын қабылдауыма бір науқас жазылды. Кореядан 2 миллион тең­геге кешенді тексерілуден өтіп келіпті. Бірақ Оңтүстік Корея, Түр­кия сияқты дамыған елдерде дә­рі­герлер науқасқа анализ қорытын­дыларын «жағдайыңыз қалыпты» деп бірауыз сөзбен ғана түсіндіреді. Ал біз алдымызға келген адамға бірнеше қайталап, жіліктеп тү­сін­діріп береміз. Керек болса, жазып та қолына ұстатамыз. Содан әлгі науқас менің қабылдауыма тап­сырған анализ қорытындысын қайта қаратуға келіпті. Неге сол науқастар шетелдің клиникала­рында «түсіндірмедіңіз» деп жан­жал шығармайды? Өйткені ол жақ­тың дәрігерлері өздеріне құр­метті талап етеді. Ал біздің дәрі­герлер аз айлыққа әр науқастан сөз естіп жұмыс істейді, – дейді Гүлжан Болатбекқызы.

Бұл мәселе мемлекетімізде ғана өзекті емес, шетелде де шешімін таппаған түйткіл. Өйткені көп елде науқастың дөрекі қылықтарын дә­рігердің қызмет көрсетуіне қана­ғаттанбау деп қабылдау жиі кезде­седі. Алайда дәрігерлердің құқығын қорғауға негізделген заңдар мен ұйымдар аз емес. Мәселен, 1986 жы­лы АҚШ-тың бір топ дәрігер­лері Physicians for Human Rights деп аталатын құқық қорғау ұйымын ашады. Бүгінде халықаралық ұйым­­ға айналған орталық әлем ел­дерінің, әсіресе Шығыс Азиядағы еңбегі еленбей қалатын әріптесте­рінің құқығын қорғау, моральдық көмек берумен айналысады. Ұйым дәрігерлердің жағдайынан бөлек, сегрегация, дискриминация, әйел­дер зорлығы, қарулы қақтығыс жағ­дайларында азаматтарды қорғау сияқты мәселелердің шешімін та­буға да атсалысады.

– Жалпы қоғамда, отбасында ше­шілмеген мәселе көп. Науқастар сол ашу-ызасын медицина қызмет­керлерінен алуға тырысады. Ал дә­рігерлерге науқастарға қарсы шы­ғуға, оған көмек көрсетуден бас тартуға болмайды. Тіпті, дауыс көтеріп ұрса да алмайды. Сондық­тан шығар науқастар ақ халатты­ларды басынады. Енді медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған­дар 2 жылдан 7, 15 жылға бас бос­тандығынан айырылатын жаза шық­са, бұл мәселе шешілер. Жал­пы, қоғамда мәдениет төмен, ішкі мәдениет жоқтың қасы. Менің ойымша, қандай мәселе болса да оны айқаймен шешу дұрыс емес. Егер науқас білімі төмен дәрігерге кезіксе, оны ұрып-соққанша, одан тәжірибесі мол, лауазымы жоғары маманға жүгінуіне болады, – дейді 48 жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігер Матай Есенғалиева. 

Оның айтуынша, өз құқығын, басқа адамның да құқығын білген адам ондай қылыққа бармас еді. Ендеше медицина қызметкер­ле­рі­нің қоғамдағы дәрежесін көтерген дұрыс. Ақ халаттылардың алатын жа­лақысынан бастап, жұмыс ор­нындағы жағдайын, денсаулық­та­рының қорғалуына дейін мән беру керек. 

– Менің тәжірибемде 1-2 рет өз баласын дәрігер қабылдауы ке­зінде ұрып-соққан ана кездесті. Ол да бізге бала арқылы қысым деп ой­лай­мын, – дейді Матай Есен­ғалиева. 

Кінәні тек бір тарапқа артудан аулақпыз. Десе де, өмір мен өлім арасындағы сәтте көмекке келетін ақ халатты жандарға тіл тигізу, қол көтеру – олардың жанқияр еңбегін жоққа шығару. Аз еңбекақымен-ақ елге қызмет етіп жүрген дәрігер­лерге мұндай қарым-қатынас – қо­ғамда адам өмірінің, адам еңбегінің қаншалықты қадірсіз болып бара жатқанын көрсеткендей.

Көктем ҚАРҚЫН