in

Жастар жаңа Конституция жобасын талқылады

Конституциялық реформаларды талқылаудағы жастар мен академиялық қауымдастықтың рөлі туралы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен TALQYLAU өңірлік диалог алаңында сөз қозғалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Референдум сайтына сілтеме жасап.

Кездесудің модераторы, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» өңірлік коалициясының мүшесі Александр Зель жаңа Конституция жобасы қоғамның әділдікке, ашықтыққа және азаматтардың ел басқаруға нақты қатысуына деген сұранысын бейнелейтінін атап өтті.

Негізгі баяндама жасаған университеттің академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі Айгүл Нұрпейісова бұрынғы Конституция тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңінде тарихи рөл атқарғанын, алайда қазіргі қоғам құқықтық тетіктерді жаңартуды және адам құқықтарының кепілдіктерін күшейтуді талап ететінін айтты. 

«Егер бұрынғы Конституция тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасы болса, жаңа жоба – биліктің жауапкершілігін күшейтіп, азаматтардың билікке араласу мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл – кемел мемлекет құруға жасалған қадам», – деді А.Нұрпейісова.

Сонымен қатар жиында «Қазақстан» РТРК» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Разия Ыдырысбаева, Kozybayev University Студенттік үкіметінің президенті Асанали Жанатұлы және 4-курс студенті Айғаным Гинаят сөз сөйледі. Олар реформаларды түсіндірудегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне тоқталып, жастардың ұстанымын білдіріп, студенттердің ел үшін стратегиялық маңызы бар шешімдерді талқылауға қатысуының маңызын атап өтті.