Осыған дейін бізге үлгі көрсетуге тырысқан, кейбір мәселелерде «жетістікке» жеткен батыстық қоғамның қарым-қатынастарының өзі дағдарысқа ұшырауда екенін және олардың ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлерге зиян келтіріп жатқанын айтып өтті. Осындай әлемдік теңсіздік күшейе түскен жаһандық жаңа дәуірге етене кірігу барысында қазақ қоғамының болашақ алдындағы жауаптылығы арта түсетіні белгілі. Бүкіл әлемді өзінің иіріміне тартып жатқан жаңа технология және жасанды интеллект заманында көштің соңында қалмаудың бағыттарын көрсетті. Қазақстан мемлекеті үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуына және экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интелектіні енгізуге тапсырма берді. Бұл қиын да қатал заман талабы. Біз ұлт болып қаламыз десек, одан айналып кете алмаймыз. Мақсатымыз уақытылы, тиімді еңсерілген жағдайда көптеген жасампаздық пен жетістіктің жолы ашылады. Біз сияқты «орта державаларға» жаңадан велосипед жасамай-ақ, озық елдердің тәжірибесімен бірден секіріс жасауға мүмкіндік бар. Оған ұлттың рухы да, материалдық дүниесі де жеткілікті. Тек адал ниетпен еңбек ету керек.
Жолдауда еліміздің заң шығару билігіне реформа жасауға бастама көтерілді. Соңғы 30 жылда халық және мемлекет атынан билік жүргізуге өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде құқығы бар Парламент екі палата жүйесінде жұмыс істеп келеді. Қоғамдық-саяси дамудың әр кезеңінде реформа жасау заңдылық. Жай қалыпты дамып қана қоймай, сапалы деңгейде болу үшін, орнықты келешек негізін қалау үшін ұдайы жаңғырып отыруымыз қажет. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында еліміздің қоғамдық-саяси құрылымының өзіндік ерекшеліктері болды. 300 жылға жуық уақытқа созылған бодандық жағдайымыздың күрделі мәселелерді қалыптастырғаны белгілі. Жоспарлы социалистік режимнен бірден демократиялық, нарықтық қатынастарға өте салудың тәжірибесі бұрын болған жоқ. Саяси билікті жүзеге асырудың қыр-сырларын үйренуімізге уақыт қажет болды. Популистік көзқарастар ықпалымен асығыс заңдар қабылдау арқылы қауіпті тәуекелдерге ұрынбау маңызды еді. Сондықтан да конституциялық жүйемізді уақыт сындарына сәйкестендіре қабылдадық. Содан бері Парламенттің әр палатасы өзінің тарихи миссиясы ретінде билік пен халықтың арасындағы балансты қалыпты ұстауға жұмыс істеп келеді. Тарихта 25-30 жыл бір ұрпақ ауысар уақыт саналады. Бүгінде күрделі геосаяси жағдайда өмір сүріп жатқан, жаңа дербес қоғамда өскен ұрпақтың талаптары алдыңғы қатарға шығуда. Қоғамдық-саяси санамыз жаңарып, саяси мәдениетіміздің деңгейі артты. Қоршаған әлемді, объективті ақиқатты және өзіміздің ұлттық болмысымызды танып, меңгеру кезеңінен өттік. Демографиялық жағдайымыз тұрақтанды.
Президентіміз уақыт талабын сараптай келе, бір палаталы Парламентке көшуге қатысты халықпен ақылдасуды жөн көрді. Оған асықпай, сабырлықпен шешім қабылдауға уақыт бөлді. Егер де референдум бойынша халық қолдаса, келесі шақырылым депутаттары бір палаталы Парламентке сайланатын болар. Оған дейін еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы органы көптеген дайындық жұмысын жүргізуге тиіс.
Президентіміз еліміздегі заң мен тәртіп тұжырымдамасын одан әрі жетілдіре беруімізге тағы да пәрмен берді. Заң мен тәртіп – әділетті, құқықтық мемлекеттің негізгі факторларының бірі. Ал «Әділетті Қазақстан» құрудағы конституциялық-саяси реформалар қоғамдық қатынастың мәнін өзгертуде. Шыны керек, қазір «демократияны» желеулеткен, мәдениетті, өркениетті қоғамға жат жеке қылықтар да қосарлана көрініс табуда. Оның қоғамдық әдепке жат екенін біле тұра, әлде түсінбей, «жарқ» етіп көріну үшін әлеуметтік желіде әлеулететіндер де жетеді. Адамның табиғи құқығы мен қолданыстағы заңдарды қарама-қарсы қою, құқықты абсолюттендіру себебімен заңдарды елемеу мысалдары артуда. Заңдарда көрсетілген тәртіпті талап ету – қоғам мүшелерін басқарудың ертеден келе жатқан және үнемі дамытылатын әдісі. Демократияның заң мен тәртіптен тыс болуы ешбір теорияға сәйкес келмейді. Мұндай жағдай өз кезегінде шынайы әділдік қағидасын бұрмалай бастайды.
Заң мен тәртіп қағидасы қатаң адамгершілік тұрғыдан өзін-өзін шектеу, заңдарды орындаудың жоғары мәдениеттілігін, басқаның құқығын құрметтеу дәстүрге айналуымен тиімді болатыны белгілі. Әрине, қоғамда құқық әбден саясаттандырылған құбылыс. Ендеше бізге құқықтан тыс ойлаудан кетуге үйренгеніміз жөн. Заң мен тәртіп өміріміздің факторына, тұрмыс-тіршілігіміздің өлшеміне, халықтың рухани құндылығына айналуы тиіс. Бұл ретте құқық пен заң өміршеңдігін қамтамасыз ететін нормативтік актілердің толық болуы маңызды. Қоғамдық қатынастарды реттеуде заңдар басты орын алатынына қарамастан, заңға тәуелді актілердің де қоғам өміріндегі орны ерекше. Ол нормалар қосымша толықтырушы және нақтылаушы рөл атқарады. Сонымен бірге зорлық пен зомбылыққа, тәртіпсіздікке жол бермейтін заңның үстемдігін қалыптастыруға мәжбүрлейтін әдістер өмір заңдылығы. Бұл биліктің құзыреті. Құқық пен билік қатар жүріп, бір-бірін толықтырып отырады. Заңмен шектеу көрмейтін билік – қауіпті билік. Ал билікпен қамтамасыз етілмеген құқық дәрменсіз.
Мемлекет басшысының елімізге қатысты маңызды мәселелерді жалпыхалықтық талқыға салып шешуді ұстануы – нағыз халықтық биліктің нышаны. Әрқайсымыз Отанды сүю дегенді алдымен еліміздің ішкі бірлігін, ынтымағын, заңы мен тәртібін сақтауға өз үлесімді қосу парызым деп түсінуден басталса керек. Президентіміздің жыл сайынғы Жолдаулары саяси, маңызды ресми құжат. Бірақ ол құқықтық ережелерді құрамайтындықтан, нормативтик сипатқа ие бола алмайды. Сондықтан да, Жолдаудағы барлық бастаманың құқықтық базасын жасау заң шығарушы билікке жаңа міндеттер жүктейді.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Сенат депутаты