Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында медицина тарихына енетін оқиға болды. Қазақстандық дәрігерлер тобы жаңа туған нәрестеге әлемдік тәжірибеде небәрі 30 рет тіркелген аса сирек кездесетін патология бойынша сәтті ота жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Сәбидің өмірі үшін күрес оның жарық дүниеге алғаш келген сәтінен басталды, нәресте өздігінен дем ала алмады. Бет пен мойын тұсында пайда болған, көлемі 4х4 сантиметр болатын үлкен өскін кеңірдек пен жоғары тыныс жолдарын қысып тастаған. Сәт санаулы еді.
– Баланың жағдайы ауруханаға түскен сәтте өте ауыр болды, – деп еске алады жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімшесінің меңгерушісі Ұлықпан Әлсейітов. – Тыныс жетіспеушілігі, жүрек-қантамыр және қан айналымының жеткіліксіздігі белгілері байқалды. Нәрестенің әр тынысы – өмір үшін арпалыс еді.
Нәресте шұғыл түрде тасымал инкубаторы бар реанимобильмен Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді. Дәрігерлер оны бірден интубациялауға мәжбүр болды, жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратқан сайын сәби тұншыға бастайтын.
Бастапқыда мамандар бұл жиі кездесетін қатерсіз ісік – лимфангиома деп топшылады. Алайда жағдай әлдеқайда күрделі болып шықты. Рентген, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография өскіннің өмірлік маңызы бар қан тамырлар мен шеткі жүйке талшықтарын да қамтығанын көрсетті.
– Өскін жұтқыншақ пен көмей аймағын, құлақ маңындағы шайнау бұлшық еттерін басып, тыныс жолдарын тарылтқан, – дейді жақ-бет хирургі, медицина ғылымдарының докторы Серік Нұрмағанов. – Науқастың өмірін сақтау үшін дереу ота жасау туралы шешім қабылданды.
Отаға дайындалу үшін орталықтың бүкіл мүмкіндігі пайдаланылды. Реаниматологтар, жақ-бет хирургтері мен неврологтерден құралған бірнеше консилиум отаның тактикасын егжей-тегжейлі пысықтады. Әрбір қадам зергерлік нақтылықпен жоспарланды.
Ота бригадасын жақ-бет хирургі Серік Нұрмағанов басқарды. Анестезиологиялық қамтамасыз етуге Ұлықпан Әлсейітов жауапты болды. Ал отаның ассистенті – еліміздегі жетекші неонаталды хирургтердің бірі, орталықтың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет болды.
Екі сағатқа созылған күрделі отаның нәтижесінде көлемді түзіліс толықтай алынып тасталды. Нәресте алғаш рет еркін дем алды. Алайда дәрігерлерді алда үлкен тосын сый күтіп тұрды.
Гистологиялық зерттеу нәтижелері «ісік» деп ойлаған тіннің ми тіні екенін анық көрсетті.
Бұл – тәжірибелі мамандардың өзін таңғалдырған жаңалық болды.
– Бұл гетеротопиялық ми тіні – эмбрион дамуы кезінде ми жасушаларының бас сүйек қуысы сыртында орналасуынан туындайтын аса сирек туа біткен аномалия, – деп түсіндіреді орталық директоры Әлібек Смағұлов.
Статистикаға сүйенсек, көмей-жұтқыншақ аймағында орналасқан мұндай ми тіні барлық гетеротопия жағдайының 0,1%-ынан да аз.
Дүниежүзілік медициналық әдебиетте осыған ұқсас небәрі 30 жағдай ғана сипатталған.
Қайғылы аяқталуы мүмкін оқиға толықтай сәтті аяқталды. Сәбидің өмірі ғана емес, денсаулығы да аман қалды.
Ол өздігінен тыныс алып, емуді үйреніп, жағдайы жақсарып үйіне шығарылды.
– Пренаталдық диагностиканың маңызы зор – екінші және үшінші скрининг кезінде-ақ ұрықта бет пен мойын тұсындағы түзіліс анықталған, – дейді Әлібек Смағұлов. – Хирургиялық жолмен толық алынған жағдайда, мұндай науқастардың өмір сүру мүмкіндігі жоғары.
Бұл – Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы дәрігерлерінің кәсіби біліктілігін дәлелдейтін жалғыз оқиға емес.
2024 жылы орталықта түрлі даму ақауы бар 49 нәрестеге ота жасалды. Ал 2025 жылдың басынан бері перзентханадан 24 нәресте жедел хирургиялық көмекке жеткізілген.