in

Жертөледен төрге: детективтер ренессансы

Шынайы өмірде де, әсіресе, дамыған елдерде ізкесуші мамандар әділдікті қалпына келтіруде, шындықты ашуда үлкен рөл атқарады. Қазақстанда мұндай кәсіп иелері ресми түрде танылмады. Сондықтан Парламент пен ІІМ бұл олқылықтың орнын толтырып, заң қабылдауға, сол арқылы әділетті нығайтудың жаңа тетігін іске қосуға кірісті. 

Ашық алаңдағы жасырын із

Қазақстанда азаматтар мен кәсіпкерлер құ­қықтық теріс салдардан еш қауіптенбей, же­ке детективтің көмегіне ресми жүгіну мүм­кіндігінен айырылған. Жеке іздестіру инс­титутын енгізу сонау 2010 жылы-ақ ұсы­нылған-тын, екі жылдан соң тиісті заң жо­басы жетілдіруге жіберіліп, сол бойы жо­ғал­ды. 2015 жылы «Жеке детективтік қызмет ту­ралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінде қа­ралғанымен, белгісіз тосқауылға тап бо­лып, қабылдануы белгісіз мерзімге кейінге қал­ды. Соның кесірінен, әлі күнге дейін рес­публикада бейінді заң жоқ, бұл аталған са­лада құқықтық бос қуыстың қалыптасуына алып келіп отыр.

«Қазақстан Республикасында жеке де­тек­тивтер институты жоқ. Соған қарамастан, ин­тернет желісінде жеке тұлғалар тарапынан де­тективтік қызметтер көрсету туралы көп­те­ген ұсыныс бар: оларды жүзеге асыру ба­ры­­сында азаматтардың конституциялық құ­қықтары бұзылуы мүмкін. Тиісті заңды қа­былдау жеке детективтер мен детективтік агент­тіктердің қызметін заңнамалық тұр­ғы­дан реттеуге, сондай-ақ осы саладағы заң та­лаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік бел­гілеуге мүмкіндік береді», – деп хабар­ла­ды Ішкі істер министрлігі.

Ұлттық статбюро да детективтердің ба­рын мойындамайды. Сондықтан олар бойын­ша бірде-бір статистикалық мәлімет жоқ. Бір қызығы, интернеттен детектив із­деп табу – қиын шаруа емес. Іздеу сервис­тері­не сұрау енгізсеңіз, түрлі агенттік легі ал­дыңыздан самсап шыға келеді. Бұл жа­сы­рын жертөлелер, күңгірт форумдар, тіпті «дарк­нет» те емес – күн сәулесі түсіп тұрған ашық алаңдар. Әлеуметтік желіде белсенді па­рақшалары да, төл сайттары да бар.

Алайда осы сайттарға зер салсаңыз, елең ет­кізер бір сәйкессіздікті байқайсыз. Клас­си­калық, әйгілі детектив романдары кейіп­кер­лерінің есімін иеленген агенттіктердің кө­бінде БСН-і көрсетілмеген, ресми тір­кел­ген заңды атауы жазылмаған. Демек, қызмет бар, табыс бар, жарнама бар – бірақ құқық­тық субъект жоқ. Ал субъект болмаған жерде жауапкершілік те көмескі. Бұл – кез келген құқықтық мемлекет үшін жүйелі тәуекелдің алғашқы нышаны.

Ұсынылатын қызмет түрінің ауқымы кең: «жұбайының опасыздығын тек­серу», «есейген баланы бақылау», «али­мент­шіні табу», «туысқанды не ескі досты іздес­тіру», «адам артынан бақылау жүргізу», «биз­неске детективтік көмек», «өнеркәсіптік ш­пионажға» дейін қарастырылған. Жа­сы­рын аудио және бейне құрылғылар орнату, «ны­санды» шетел аумағында аңду, стан­дарт­ты тізімнен тыс «ерекше тапсырмаларды» орын­дау да ұсынылады. Сайттардың бірінде ашық жазылған: «Біздің детективтік агент­ті­гіміз ІІМ-нің қылмыстық іздестіру бөлі­мі­нің арнайы бөлімшелерінің және басқа да күш­тік құрылымдардың бұрынғы қыз­мет­кер­лерінен құралған», – дейді ізкесуші агент­тік. 

Заңдылық – тәртіп тірегі

Жалпы, жеке детективтік қызмет тура­лы жаңа заң жобасы жай ғана «аң­дуға рұқсат беру» емес. Ол үш іргелі мақ­сатты көздейді. Біріншісі – дәлелдерді инс­ти­туционализациялау. Жинағаны сотта заң­ды күшке ие болса, азаматтардың құ­қық­тарын қорғау мүмкіндігін кеңейтеді. Әйт­пе­се, қазіргі көлеңкелі детективтердің жинап бер­ген айғақзаттарын сот қабылдамай тас­тап жатады. Қолданыстағы ескі заң бойынша дәйектемелер іздеу тек адвокаттардың сұ­рауы­­мен жүзеге асады. Алайда молырақ та­быс табу үшін өз мойнына көбірек істі ала­тын қорғаушылар айғақ іздеуге бас қа­­­тыр­мауы, уақытын кетірмеуі мүмкін.  

Екінші игілік – қол сұғуды бақылау. Ли­цен­зия – тәртіп құралы. Ереже бұзған маман кә­сібінен қуылады. Салада тәртіп болмаған соң, «сұр» детективтер ойына келгенін іс­тейді. Отандық «детектив агенттіктерінің» бірі жазылушыларын бәсекелестерінің аңдуын әшкерелеуге үйретеді: «Бақылауға ілік­­сеңіз не істеу керек? Дүрлікпеңіз, алаң­даға­ныңызды аңғартпаңыз, көшеде келе жат­қан бағытыңызды күрт өзгертпеңіз. Бар­лық байқағаныңызды мұқият есте сақтап, біздің жеке детективімізге жүгініңіз. Оның бақылауды анықтай алатын дағдылары мен құ­ралдары бар, өйткені оның өзі де мұндай әре­кеттерді жеке тәртіпте, тәжірибеде қол­да­нады», – деп сауат аша отырып, өзін жар­на­­малайды.  

Үшінші қажеттілік – заңды нарықты қа­лыптастыру. Осы сала маманының ай­туын­ша, қазіргі кезде «жеке детективтер» заң­дастырылған институты болмағандықтан, кө­біне коллекторлық немесе күзет компа­ния­лары арқылы әрекет етеді, сондай-ақ же­ке сот орындаушысы, адвокат және басқа ма­мандықта істейді. Осы арқылы мемле­кет­тік ауқымды автоматтандырылған ақ­па­рат­тық жүйелер мен қаптаған дерекқорларға еркін қол жеткізеді. Парламент жаңа заңдар топ­тамасын қабылдаса, олар «жеке детек­тив» деген мөр мен қызметтік куәлік жасата ала­ды. Заңды түрде агенттіктерге бірігіп, БСН-і, кеңсесі, сақтандыруы бар толық­қан­ды кәсіп субъектісіне айналады.

Көлеңкедегі детективтер өз қызметінің нақ­ты бағасын телефонмен хабарламайды екен. Тарифі шамамен бірнеше жүз мың тең­­­­геден бірнеше мың долларға дейін баруы мүм­кін. Нақты соманы жеке кездесіп, мән-жайды білген соң жобалап айтады. Ақырғы сома келісімшартта бекітілмек: ол зерттеудің терең­дігіне, іздеу ауданына (шетелге сұрау са­ла алады), мәселенің күрделілігіне байла­ныс­ты. Сондай-ақ детективтің қызметі бір­не­ше кезеңге және бөлікке бөлінеді. Әр­қай­сы­ның қорытындысында ізкесуші клиентке есеп береді және алдағы іс-қимылдың ау­қы­мын, әлеуетті шығындар көлемін түсіндіреді. Зерт­теуді одан әрі жалғастыру керектігін не­месе осымен тоқтатудың қажетін тапсы­рыс беруші адам немесе компания шешеді. 

Лицензиялы лупа, дипломды ізші

Парламентшілер бұл кәсіп иелері қыз­метінің заңдастырылуын қол­дай­ды. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның пайым­дауынша, тергеу ісі әкімшілік не бей­ресми қы­сымға душар болуы мүмкін жағдай бо­ла­ды, сонда қозғалған істің бір телефон қоңы­рауымен-ақ «жабылып» қалу қаупі әр­дайым сақталады. Бұл жекелеген адамдардың мо­ра­льдық қасиетіне қатысты мәселе емес – тіпті дамыған елдердегі кез келген иерар­хия­лық жүйеге тән құбылыс. Жоғарыда тірегі жоқ жәбірленушілер бұған қарсы тұру үшін детектив жалдап, тергеуші «таппаған» айғақ­тарды өз бетінше анықтауға мүмкіндігі бол­ға­ны жөн. 

Депутаттың пікірінше, жеке детектив инс­титутының пайда болуын баламалы қор­ғану тәсілдерін енгізуге жасалған талпыныс деу­ге болады. Қызметі заңды болса, детек­тив, әдетте, жұмысты нақты нәтижеге жет­кізу­ге мүдделі болады. Әрине, оның жинаған де­ректері ресми тергеудің орнын алмас­тырмайды, бірақ қосымша дәлел көзіне айналып, қылмыстың ашылуына ықпал етуі мүмкін.

– Бұл саладағы қызмет нақты әрі түсі­нік­ті ережелермен реттелуге тиіс. Мысалы, де­тектив болуға үміткер ішкі істер орган­дарын­да немесе соған жақын құрылымдарда көп жыл қызмет етуі керек. Мұндай талап кез­дейсоқ адамдардың бұл салаға келу қау­пін азайтып, нарықтың кәсіби деңгейін арт­тыра түседі, – деді Мәжіліс депутаты. 

Сондықтан бір топ депутат «Жеке детек­тив­тік қызмет туралы» және «Кейбір заң­на­ма­лық актілерге жеке детективтік қызмет мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тыру­лар енгізу туралы» заң жоба­ларына бас­­­­тамашы болды. Ішкі істер министрлігінің талдауында көрсетілгендей, Негізгі заңды қа­былдау 2026 жылға жоспарланған. 

Ведомствоның мәліметі бойынша, заң жобасында қазақстандық «шер­лок­холмстарға» келесідей біліктілік талабы қойыл­мақ: біріншіден, жоғары заңгерлік бі­лім­нің болуы, екіншіден, үлкен тәжірибесі мен еңбек өтілінің болуы, яғни құқық қорғау не­месе арнайы мемлекеттік органдардың же­дел-тергеу бөлімшелерінде кемінде 7 жыл іс­теуі немесе заңгерлік саласында кемінде 10 жыл еңбек етуі талап етілмек. 

Үшіншіден, арнайы лицензия алуға мін­деттеледі. Уәкілетті мемлекеттік орган заң та­лаптары бұзылған жағдайда жеке детек­тив­тің лицензиясын тоқтата тұруға немесе ке­рі қайтарып алуға құқылы болмақ. Енгізіл­гелі тұрған қатаң мемлекеттік реттеу аясында азаматтар детективтің іс-қимылына қатысты мемлекеттік органдарға шағым жасауға мүм­кіндік алады. 

Төртіншіден, заң жобасында жеке де­тек­тив­тер мен агенттіктердің кәсіби жауап­кер­ші­лігін міндетті түрде сақтандыру ұсынылды. ІІМ-нің түсіндіруінше, бұл тетік азаматтарға са­пасыз қызмет көрсетілген жағдайда кел­тіріл­ген залалды детективтен жеңілдетілген тәр­тіппен өндіріп алуға жол ашпақ. Детек­тив­тің сақтандыру полисіне шығаратын шы­ғыны келесідей болады деп белгіленген: Ас­тана, Алматы және Шымкенттің бірінің ау­мағында қызмет көрсетер болса, детек­тив­ке арналған сақтандыру жарнасы – кемінде 1 000 АЕК-ті (2026 жылы 4 325 000 теңге), об­­­­­­лыстар аумағында әрекет етсе, кемінде 500 АЕК-ті (2 162 500 теңге) құрайды. 

Айта кету керек, жуырда жеке детек­тив­тер­­­ді лицензиялау мәселесі Үкіметте Пре­мьер-министрдің орынбасары Серік Жұ­­­ман­ғариннің төрағалығымен өткен Кә­сіпкерлік қыз­метті реттеу мәселелері жөніндегі ве­домс­твоаралық комиссияның отырысында қаралды. Отырысқа мемлекеттік орган­дар­дың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сының және салалық бірлестіктердің өкіл­дері, Парламент өкілдері қатысты. Жиын­да Ішкі істер министрлігі жеке детек­тивтерді лицензиялауды, олардың жұмыс ор­нына қойылатын талапты белгілеуді, сон­дай-ақ кәсіби жауапкершілікті міндетті сақ­тандыруды көздейтін реттеуші құрал­дар­ды енгізуді ұсынды.

– Қазіргі уақытта жеке детективтердің қыз­меті, соның ішінде жоғалған адамдарды із­деу, бақылау, азаматтық, әкімшілік іс бойын­ша дәлелдеме жинау іс жүзінде заң­на­малық жағынан реттелмеген. Ұсынылып отыр­ған шаралар азаматтардың құқығын қор­ғауға, білікті мамандардың қызмет көр­сетуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мем­ле­кет­тік құпия және жеке өмірге қол сұқпау та­ла­бын сақтауға бағытталған, – деді Ішкі іс­тер ми­нистрінің орынбасары Санжар Әділов.

Ол жеке детективтердің кәсіби жауап­кер­­шілігін лицензиялау мен сақтандыру аза­маттардың жеке өміріне араласу тәуекелін азайту, осы сала қызметінің ашықтығын арт­тыру үшін қажетті шарт екенін атап өтті. Бұл шаралар азаматтардың мүддесін қорғауға ба­ғытталған өркениетті детективтік қызмет нарығын қалыптастыруға ықпал етеді. Оты­рыс қорытындысында ведомствоаралық ко­­­­­миссия «Реттеушілік әсерді талдау» нә­ти­же­лерін мақұлдады. Яғни, жаңа заң жо­ба­лары Үкімет пен кәсіпкерлік қауымдас­тық­тың құптауына ие болды. Енді заңнамалық түзетулерді тездетіп Парламент қабылдаса, құп.

Ширек ғасыр бойы Қазақстанның құ­қық­тық айдынында «бар, бірақ жоқ» деп са­налған жеке ізкесушілер институты бүгін­де заңсыздықтың тұманын сейілтіп, ресми мәр­тебе алудың табалдырығында тұр. Жар­на­масы жарқыраған, бірақ көлеңкелі ісі кө­мескі тартқан бұл жұмбақ сала енді «сұр ай­мақтан» шығып, «Заң мен тәртіп» аясында өр­кениетті нарықтың қатаң қағидаларына ба­ғынбақ.

Елдос СЕНБАЙ