in

Жол ережесін дрондар қадағалайды

– Жол-көлік оқиғаларының 90%-ы жүргізу­шілердің кінәсінен болады. Полиция жыл сайын 13 миллион жол ережесін бұзу фактісінің алдын алады, – делінген хабарламада.

Жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген 16,6 мың жүргізуші ұсталған. Жол қауіпсіздігін арттыру үшін Ішкі істер министрлігі патрульдеу бағыттарын күшейтіп, жедел алдын алу шараларын және тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгіннен бастап «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы басталды.

Сонымен бірге дрондар арқылы жол қозғалысы қадағалана бастаған. Дрондар 3,6 мың жол ережесін бұзу дерегін тіркеген, оның ішінде 1 мыңы – қарсы жолаққа шығу, 300-і – қауіпті басып озу фактілері.

Автоматтандырылған камералар желісі де артуда. Қазір олардың саны 25 мыңға жеткен. Патрульдік автокөліктерге радарлар орнатылып, жасырын патрульдеу әдісі қолданылып жатыр.

Республикалық трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілді: жалпы ұзындығы 1900 шақырым болатын 8 жол қамтылған. Минис­трлік дерегінше, осы трассаларда қаза болғандар саны 11% азайған.

Жол ережесін қасақана бұзушылармен күрес мақсатында барлық цифрлық шешім мен бақылау камералары «ТОР» платформасына біріктірілді. Бұл жүйе көліктердің қозғалысын бақылауға, маркасы, моделі және түсі бойынша іздеуде жүрген автокөліктерді анықтауға, агрессивті жүргізу фактілерін тіркеуге және көлікті үздіксіз 8 сағат айдаған жүргізушілерді қадағалауға мүмкіндік береді.

Бұл бағыттағы жұмыстар күшейе түсуі мүмкін, себебі кейінгі күндері ел аумағында жол апатынан 25 адам қаза тапқан.