Сенатор Дархан Қыдырәлінің айтуынша, жастарға қазақ тарихы пәні оқытылса, жастардағы отаншылдық арта түсетініне сенімді.
– Ұлттық бірегейліктің компонеттері мен қолданбалы аспектілері аз емес. Солардың ең бастысы – ортақ мүдде. Қасым-Жомарт Кемелұлы біздің қоғамды ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы деп санайды. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде азаматтарымыздың бәрі өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді.
Ортақ мүдде сөз болғанда, ортақ арман туралы айтпай кете алмаймыз. Ғалымдар әдетте «америкалық арман, қытайлық арман» сияқты мысалдар келтіріп жатады, біз Алаш аңсарына тоқталмақпыз. Алаш аңсары бастауын ықылым замандардан алады. Мәселен, іргелі мемлекеттер құрған ғұндар – Жерұйықты аңсады, көк түріктер Өтүкен туралы айтты, Ұлық ұлыс – «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды» армандады. Бұл ретте қазақ хандығы да Әбілқайыр мен Керей-Жәнібектің, яки Ақжол би мен Қобыланды батырдың өзара ренішінен туған жоқ; ол ыдыраған Алтын ордадан кейін есесі кетіп, еңсесі түсіп есеңгіреген елдің һәм Асан қайғы сынды тұлғалардың құтты қоныс Жиделібайсынды аңсауынан, арманынан құрылды. Ал ХХ ғасырдың басында Абай, Ахметтер «жұтылып кетпей, жұрт қатарына қосылуды» арман етті. Сондықтан озық ойлы біртұтас ұлтымыздың бүгінгі мұраты – болашағымыздың қалпы, бейнесі.
Сонымен қатар «тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір», деген Президент ортақ тарих пен тарихи сананы және тарихи әділдікті ұлттық бірегейліктің басты белгілерінің бірі санайды. Ұлық ұлыстың 750 жылдығы мен Жошының таққа шығуының 800 жылдығы сияқты тарихи оқиғалармен қатар Құрылтай, Түркістан, Ұлытау, Сарайшық сынды ұлттық кодтарға мән беруі, тарихтағы ақтаңдақ беттерді ақтап алу үшін арнайы комиссия құру, көптомдық тарихты қайта жаздыру сияқты іргелі істер – осының айғағы. Бұл жерде атап айтарлық жайт, күштеп ұжымдастыру және репрессия сияқты тақырыптар – еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің ортақ қасіреті, сондықтан ол да ұлттық бірегейлікті арттыруға қызмет етеді. Бұрмаланған тарихи түсініктен қате таным қалыптасады десек, тарихты дұрыс жазу және оқыту – тарихты жасаумен бірдей өзекті. Сондықтан ЖОО барлық мамандыққа қазақ тарихы пәні оқытылуға тиіс деп ойлаймыз. Бұл жастар арасында отаншылдықты арттыра түсетіні анық, – дейді Дархан Қыдырәлі.
Оның айтуынша, қазір қазақстандықтар арасында азаматтық бірегейлік қалыптасып, оған деген сұраныс бар екенін көруге болады. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының зерттеуіне (2022) сәйкес азаматтардың 36,8%-ы азаматтық басқа бірегейлік формаларын (діни, этностық, кәсіби, т.с.с) жоғары тұратынын айтқан. Яғни, азаматтар арасында азаматтық құндылықтар басым. Осы ретте Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, яки кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтқаны белгілі.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бері жүргізіп келе жатқан саясаты терең әлеуметтік, экономикалық және саяси өзгерістерге негіз болды. Барлық салада қайта қалпына келтіру, санаға өзгеріс енгізу арқылы жаңа саяси шынайылық қалыптасты. Солардың басында ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы бастамасын айтуға болады.
Әрине, Мемлекет басшысы қолға алған өзгерістердің мақсаты реформалардың өзі үшін ғана емес, оның басты нәтижесі – ұлттың сапасын арттыру, Әділетті Қазақстан құру. «Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім нығая түседі», деген Президент әділдік қағидасын қатаң ұстанып келеді. Бұл бағытта баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті саяси жүйе орнықтыратын, экономикалық, әлеуметтік әділдікті қалыптастыратын ізгі бастамаларды жұртшылық жақсы біледі.
Осы ретте іргелі реформалардың жаһандық даму циклінің өзгеруі контексінде жүріп жатқанын айта кеткен абзал. Біз Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан әлемдік тәртіп пен жүйенің ауқымды трансформациясын бастан өткеріп отырмыз. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегендей, мұндай өзгерістер ғасырда бір қайталануы мүмкін. Ғаламдық сипаттағы технологиялық, экономикалық, геосаяси және мәдени өзгерістер мемлекеттерге, ұлттарға деген қысымды еселеп арттырып отыр. Осындай геосаяси аумалы-төкпелі шақта саяси өзгерістерді жасау аса қиын екені мәлім. Сондықтан қазіргідей құбылмалы заман құбыладан жаңылмас үшін ұлт және мемлекеттің бірлесіп икемделуін, қоғам мүшелерінің бір-біріне сенуін талап етеді. Қоғамның мемлекетке, мемлекеттің қоғамға сенім білдіруі маңызды. Әділет, адалдық, мейірім секілді құндылықтар болмаса, сенімнің де болуы мүмкін емес, – деген сенатор сондықтан қазір елімізде сенім мен әділетке сүйенген жаңа қоғамдық келісім қалыптасып жатқанын сөз етті.
– Осындай тектоникалық өзгерістер контексі және саяси қалпына келтіру әсерінен азаматтарда жаңа мән-мағыналарға деген үлкен сұраныс туындап отыр. Бұл сұраныстардың басты өзегі – «Мен кіммін? Біз кімбіз? Біз қайда барамыз?» деген сияқты ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын сұрақтар екені белгілі. Біздің әр ғасыр сайын, тіпті әр онжылдық сайын жоғарыдағы үш сауалды өзімізге қайталап қойып отыруымыз қажет. Өйткені ұлттың болмысы, мінез-құлқы, дүниетанымы әр кезеңде уақыт пен тарих қойып отыратын мәселелер мен сауалдарға қарай бейімделуге тиіс. Біздің ортағасырлық сананың орманында отырып, яки ХХ ғасырдың жол жиегінде тұрып болашақты көре алмасымыз – басы ашық нәрсе.
Өткенге аз-кем шолу жасасақ, тарихи маңызды өзгерістерде осы өзекжарды сауалдардың жауабын іздеу адамзаттың табиғи әрі іргелі сұранысы екенін көреміз. Мәселен, революциядан кейінгі Францияда патшалар басқаратын монархияға қарсы тең азаматтар – француздар құрған Республика идеясы жеңіске жетті; азаматтық соғыстан кейінгі қытайлық бірегейліктің қалыптасуын да осы қатарға қоса аламыз; сол сияқты «XXI ғасырдағы америкалық кім?» деген сұрақ та – осы табиғи сұраныстың нәтижесі. Мұндай сұраныстар ұлтты ұйыстырады, оның жаңа сапалық болмысы мен бірегейлігін қалыптастырды. Сондықтан Президенттің іргелі бастамалары ішінде Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымы – жаңа заманға сай туындаған ілкімді ізденістер. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Еліміздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Алайда оның негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болады. Бұл үшеуі бір-бірінен бастау алады және өзара тығыз байланысты», деп атап өткені белгілі.
Әрине, әлеуметтік ғылымдарда ұлттың қалыптасуын түсіндіретін бірнеше теория бар. Олардың ішінде кең танылғандары примордиализм (ұлттар – ежелден қалыптасқан, табиғи, биологиялық немесе мәдени байланыстарға негізделген қауымдастықтар), модернистік ұлт құру (ұлттар – индустриялану, бюрократия мен білім жүйесінің дамуы нәтижесінде қалыптасқан әлеуметтік топтар) және этностық (ұлттар тарихи этностық қауымдастықтардың жалғасы және мирасқоры). Бұл ретте ұлт теорияларының барлығын негізгі екі үлкен топқа жіктеуге болады. Біріншісі, этностық негіздегі мәдени моногамды ұлт қалыптасу процесі (заманауи Жапония, Корея). Екіншісі, азаматтық негіздегі түрлі этностың бір ұлтқа ұйысу үдерісі (заманауи америкалық, аргентиналық, француздық ұлт моделі).
Көптеген ғалым қазіргі мағынадағы ұлттың ұйысуын Француз революциясынан кейінгі Еуропамен байланыстырады. Бұған келіспеуге де болады. Мәселен, одан бұрын тарих сахнасына шыққан қазақ атауы – ру-тайпаның, әулеттің, яки қазіргіше айтқанда этностың атауы емес, ол – бір кездері дербес хандық құрған түрлі тайпаның ортақ мемлекетінің атауы, яғни ұлттың аты. Сол тұстағы бауырлас жұрттардың атауларына үңілсек, олардың әулет, тайпа, аймақ, яки қала атауымен аталғанын аңғарамыз. Османлы, Астрахан, Қасым – әулеттің аты, Қырым, Қазан, Сібір, Хиуа, Қоқан, Бұқара – географиялық аймақтың, яки қалалардың атаулары, осылардың ішінде қазақ хандығы ұлттық атауды иеленді. Бұл тұста айта кетерлік тағы бір жайт, халықтың дүр сілкініп, қысқа мерзімде жаңа мемлекет түзуі – қазақ ұлтының құрылу кезеңінде оның өзегінде пассионарлық, еркіндік, әділдік, жаңашылдық жатқанын көрсетеді. Бір кездері Жошы, Ноғайлы, Моғолстан, Шағатай ұлыстарының құрамында болған тайпалардың ортақ мүддеде тез бірігуі және сырттан енген түрлі элементтерді сіңіруі ұлттық бірегейліктің бір бастауы деуге болады, – дейді ол.
Сенатор Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Мемлекет басшысы билік тізгінін ұстаған алғашқы күннен бастап «Ұлттың жаңа болмысын» қалыптастыруға айрықша мән беріп келеді.
– Әлеуметтанудың атасы саналатын ибн Халдун ХІІІ ғасырда жазған «Мұқаддима» атты іргелі еңбегінде қоғам мен ұлтты адам өміріне ұқсатады: олар да туады, өседі, өркендейді, кемеліне келеді. Оның пікірінше, қоғам ғұмырының өміршеңдігі оның үздіксіз жаңаруына байланысты болса керек. Ғұламаның осы сөзіне иек артсақ, ұлт болып ұйысу, оның жаңа бірегей бейнесін жаңартып, сапасын арттыру – үздіксіз жүретін үрдіс. Сондықтан «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады» деген Мемлекет басшысының сөзі айғақ.
Адал азамат, Біртұтас ұлт, Әділетті мемлекет – біз үшін елдіктің үштағаны. Өсер елдің, өркенін кеңге жаяр жұрттың, қапысыз қоғамдық дамудың, өміршең ұлттық ұстанымдардың белгісі. Адал азаматтар озық ойлы ұлтқа айналады, береке-бірлігі жарасқан біртұтас қоғам ғана әділетті мемлекет құра алады. Біріне-бірі байланған, біріне-бірі айналған, бірінсіз бірі жоқ осы үштаған – біздің ұлттық мұратымыз. Әділдік қағидаты, біртұтастық идеясы, береке байламы – бұлар бар жерде елдің еңсесі биік, ертеңі жарқын, мұраты нақ, мақсаты анық. Мұндай қоғам ең жауапты кезеңде екіұдай болып жарылып, бөлінуге емес, бірігуге бейім, бір тудың астында тұруға ынталы. Бір мақсат, бір тілекке жұмылуға құлықты. Осындай қоғам ғана біртұтас ұлттық мүдденің жолына қызмет етеді.
Шын мәнінде, әділдік – Президент атап айтқандай, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Бұл ретте әділдік пен жауапкершілік – етене тығыз байланысты ұғымдар. Әл-Фараби айтқан қайырымды қоғам жауапкершілігі жоғары, озық ойлы адал азаматтардан құралады. «Құтты білік» арқылы кемел кісілік пен әділеттің рәмізін мүсіндеген Жүсіп Баласағұнның ілімін жалғаған Абай «Әділет, шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға» деп әділдік ұғымын толық адам концепциясының өзегіне айналдырады. Абыз ақынның пікірінше, әділетті сүю – Алланы және адамзатты сүю сияқты ізгіліктің бастауы. Ал адал азамат дегеніміз – осы толық адам ұғымының заманға сай жаңғыруы. Сондықтан ол адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды.
Көріп отырғанымыздай, ұғымдар да заманға сай бейімделеді, өзгереді, жаңарады. Мысалы, Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Сондықтан «Озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам», деген Мемлекет басшысы есірткі саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм, ысырапшылдық сияқты бес кеселмен бүкіл ел болып күресудің маңыздылығына тоқталады.
Осы ретте ұлттық бірегейліктің философиялық концептуализация мен күнделікті өмірдегі көрінісі туралы айтпай кетпеуге болмайды. Әдетте бұны адамдар күнделікті өмірден алшақ идеялар деп ойлағанымен, олардың бәрі түрлі әр адамның күнделікті өмірін бағыттайтын фундаменталды бағдарлама іспетті. Сондықтан ұлт ісінде ұсақ нәрсе болмайды. Ол ұраншылдықпен де атқарылмайды. Әрбір азамат күнделікті өмірінде адалдыққа, тазалыққа, білімге, үнемшілдікке, еңбекке ұмтылса, қоғамның да кеселден арылып, жаңа сапалық деңгейге көтеріле беретіні анық. Бұл ретте Президенттің «Таза Қазақстан» бағдарламасына айрықша тоқталып өткен жөн. Бұл жердегі сапа категориясы – тек нарықтық қатынастағы әр адамға тағылатын бір маркер емес, керісінше, адам болмысындағы базалық қасиеттердің өмірдегі көрінісі. Өз кезегінде бұл сапалық деңгей азаматтық бірегейлікті нығайта түседі, –Дархан Қыдырәлі.