in

«Затаевич «Ортекені» ұнатпайтын»: Мәскеуде Ахмет Жұбановқа қандай сын айтылды?

Отызыншы жылдары Қазақстан өнерпаздары Мәскеуге барып, әйгілі он күндік мәдени шара өткізгені белгілі. Бұл оқиға жөнінде талай еңбектер жазылып, талай естеліктер айтылды. Дегенмен, біздің байқауымызша, Ахмет Жұбановтың осы сапар туралы жазғандары жиі назардан тыс қалып жатады. Ал шын мәнінде оның естеліктерінде аз да болса, көпшілікке беймәлім қызықты деректер кездеседі. Бүгін біз солардың бірқатарын оқырманмен бөлісуді жөн көрдік

1936 жылдың май айының басында Отанымыздың астанасы Москвада өтетін өнер онкүндігіне арнайы поездбен Жамбыл бастаған 250 кісі сапар шектік. Барынша ұқыптылықпен екі вагон-клубта: оркестрге, хорға, жеке әншілерге, бишілерге репетиция жүргізіп тұрдық. Жолшыбай Қазақстан мен РСФСР-дың (Чкалов, Куйбышев т. б.) поезд аялдаған қалаларының баршасының перрондарында жұртшылықтан ұйымдастырған митингілер қазақ халқының жаңадан гүлдене бастаған өнерінің Москвадағы онкүндіктен табыспен оралуына тілектестіктерін білдірді. Мұның өзі партияның дұрыс басшылығының арқасында үлкен бір семьяда достықпен өмір сүріп жатқан ағайындардың ізгі тілектері іспеттес еді.

Әрине, Жұбановтың естелігінде айтылғандай, мұндай көріністер ешқашан кездейсоқ болмайды. Олардың бәрі де жоғары жақтағы басшылықтың алдын ала ойластырып, ұқыпты түрде ұйымдастыруының нәтижесі екені түсінікті. Дегенмен, сахнаға шығып жүрген қарапайым актер не оркестрдің қатардағы музыканты үшін мұндай ыстық ықылас пен қошемет – сөзбен айтып жеткізгісіз әсер қалдырғаны анық.

Жол-жөнекей қарсы алған жұрттың шын жүректен айтқан тілектері мен көрсеткен құрметі әрбір өнерпазға дем беріп, олардың бойына ерекше қуаныш пен сенім ұялатты. Сол сәтте әрбір қошемет, әрбір жылы сөз алда күтіп тұрған үлкен мерекенің жауапкершілігін еселеп, шабыттарын арттыра түскендей еді.

Алғашқы сын сағаты да соқты. Үлкен театрдың филиалында «Жалбыр» спектакліне ақтық репетиция жүргізілді. Спектакль аяқталғаннан кейін талқылау кезінде мен Александр Викторовичпен ұшырастым. Ол Я. А. Эшпай, В. Городинский, И. Дзержинскийлердің т. б. сөздерін зейін сала тыңдады. Әрмәнда Александр Викторович басында әлі қалыптасып бітпеген ой тізбектерін шұбыртып айтуға қарсы болатын. Бұл жолы да не себеп екені белгісіз үндеген жоқ, бірақ аңғару қиын болмайтын, талқылау соңында жалпы жұртқа қосылып спектакльді қабылдауға дауыс берді.

Бұл естеліктен бір қызық деталь көзге түседі. Сен қаншалықты дайындалып барсаң да, Алматыдағы талай партиялық байқаудан сүрінбей өтсең де, Мәскеуге барған соң міндетті түрде қайта тексеріледі екен. Бізге беймәлім, қанша мемлекеттік өнер ұжымдарының дәл осы бақылаудан өтпей қалғаны бар. Дегенмен ондай оқиғалардың болғаны анық сияқты. Әйтпесе ол кезеңде мұндай тексерістерді тек «есеп үшін» ғана өтті деуге сену қиын.

Жұбанов кейін сол күндердің тағы бір ерекше сәтін айтады. Ол атақты ғалым Борис Асафьевпен жүздесіп, күй өнеріне қатысты жазған еңбектерін таныстырған екен. Сондай-ақ ол Затаевичпен де жолығып, одан Құрманғазының өмірбаянын толық жазып шығуға түрлі себептер кедергі болғанын естиді. Осы тұста Жұбанов өз еңбегінің мәнін ашып, Құрманғазының туған жеріне дейін арнайы барып, қайта зерттеу жүргізгенін тілге тиек етеді.

Кейін қорытынды дайындық басталып кетеді. Ол кезде әртістерден басқа ешкім жоқ. “Бөтендерден” тек Затаевич. Ол дайындық ортасында сахна артына барып… Ары қарай Жұбановты оқиық.

…Александр Викторович шақырып алды. Ол өз ескертпелерін басқа жұрт тыңдамас үшін оңашарақ шығарып алып кетті. Александр Викторович маған бірнеше сабырлы саздағы күйлерді орындауға кеңес берді. Ол өз сөзін: — Үлкен театрдың кең залында өтетін қорытынды концертте спецификалық жағдайларды ескеруді қажет етеді, егер Құрманғазының «Адай» күйін қырық кісілік оркестрдің әлі толықтырылмаған осы құрамында (ол кезде контрабас әлі енгізілмеген болатын) өз екпінінде орындайтын болсаң унисон дыбыстар басқа ырғақтарға үндесіп кететін болғандықтан қажетті көркемдік әсер бермейді, — деп түсіндірді.

Сонымен қатар әнші Шабал Бейсекова жайлы да пікірін айтыпты. Алайда басты ескертулер әлі алда екен….

Бұлармен бірге Александр Викторович орындалатын күйлердің тәртібі туралы да бағалы кеңестер айтты. Ол жылдам темптегі күйлерден бастаудың қажеттігін ескертіп тұрып: «Біріншіден — саған фрак кигізетіндіктен алғашқыда өзіңді еркін сезіне алмауың әбден мүмкін. Екіншіден — баяу әуендегі күйден бастайтын болсаң сен дирижерлік жасайтын орнына жеткенше үлкен сахнада жайғасқан азғантай музыканттардың өзіңнен аруақтұрақ (Жұбанов дәл осылай жазған) көрінуі мүмкін. Сондықтан сен жылдам ойналатын күйден қашқалақтап жүргенде өзіңе-өзің келе алмай қаласың. Ол маған сахнада қалай тағзым ету, қалай шығып кету, әншіні қай жерге тұрғызуға дейін тәптіштеп айтып берді, ол әңгіме соңында жылы сөздерімен көңілдендіріп шығарып салды.

Әрине, бүгінгі оқырманға бұл біртүрлі ескертулер ретінде көрінуі мүмкін. Бірақ осы әңгіме өткен ғасырдың басында, оркерстрлік және жалпы сахна мәдениеті өнері енді ғана келіп отырғанын ұмытпайық. 

Бұл дайындық жайлы Ахаң тағы жазады.

Александр Викторович концерттің екінші бөліміне онша риза еместігін білдірді. Ол өнерге бутафоршылардың қолдан жасаған жануарларымен фокус көрсетуді жақтырмайтын. Сондықтан да өзінің алғашқы шығу нұсқасында қызықты болғанымен, кейін өнерлік қасиетін төмендеткен концерттің екінші бөліміндегі тым әсерсіз ұзақ секектей беретін қуыршақ па «Ортекені» ұнатқан жоқ. Александр Викторович жалпы қазақ өнерінің әлі де балалығын, соның ішінде концерт бөлімінің көзге ұратын кемшіліктерін түсіндіріп тұтастықты сақтау шараларына көп көмегін тигізді.

Келесі күні концерт. Жұбанов өзінің қатты қобалжығанын жазады. Үлкен театрдағы кейбір қиындықтарын айтып, бір жағынан толқығанын, бір жағынан мақтанғанын еске алады. 

…Міне, сахна шымылдығы да сырғып ашылды, ал жұртшылық ұлт киіміне малынған оркестрді шын ықыластарымен жылы қарсы алды. Концерт жүргізушінің хабарынан соң сахнаға шығып, Александр Викторовичтің айтқандарының бәрін қолымнан келгенше орындауға күш жұмсадым. Концерттің соңына таман бақытты болғаным соншалық шектен шығып Жамал Омарова орындаған халық әні «Қараторғайды» концерт жүргізушінің бір нөмірді екі рет айтқызуға қатаң тыйым салған ескертуіне қарамастан жұртшылықтың шақыруымен қайта айтқыздым. Концерттен соң Александр Викторович тағы да көпшілік табысыммен құттықтап, бетімнен сүйді. Ол өзіне тән нағыз өнер қайраткері ретінде шынайылықпен — алғашқы іргетасы совет халқының ауыр жылдарында қаланған социалистік қазақ халқының өнердегі жетістігіне шын жүректен қуанды.

Әттең, бірақ бұл менің қазақ өнеріне шексіз еңбек сіңірген аяулы Александр Викторовичпен ақырғы кездесуім екен.

Қазіргі кезеңде деколониялық көзқараспен қарасақ, қазақ өнерінің Мәскеуде көрсетілуі соншалық ерекше көрінбеуі мүмкін. Дегенмен сол уақыт үшін империя астанасындағы орталық сахнаға шығу – үлкен жеңіске тең оқиға еді. Бұл өнерпаздардың өздері үшін де, бүкіл қазақ мәдениеті үшін де мақтанышпен еске алатын белеске айналды. Бүгінгі күні қалай бағаласақ та, сол күндер қазақ өнерінің тарихында айрықша орын алып, айтулы кезең ретінде қала бермек.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына  белсенді гиперсілтеме  беру міндетті . Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.