Осы бағытта іске асып жатқан бағдарламалар әлеуметтік бейімделуі қиын ерекше қажеттілігі бар балаларға қолжетімді және сапалы білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Ақтөбе облысында да бұл бағытта ілкімді істер бар.
Ақтөбе облысында да Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан инклюзивті білімді дамыту бағытында теңқұқылы оқытуға жағдай жасау кепілдігі бекітіліп, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мен білім қажеттілігін бағалау тетігі енгізілді. Облыс әкімдігі мен үкіметтік емес ұйымдар арасында ынтымақтастық артып, салада тиімді жобалар жасалды. Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның мәліметінше, өңірде мүгедектігі бар 9 753 бала тіркелген. Олардың білім алуын қолдау мақсатында 31 арнайы ұйым жұмыс істейді. Атап айтқанда, 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығы, 15 түзету кабинеті, 3 арнайы мектеп және аутизмі бар балаларға арналған орталық қызмет көрсетеді.
– Қазір облыстағы 92 балабақшада 547 инклюзивті топ, ал 347 мектепте 1 070 инклюзивті сынып бар. Онда 3 811 бала білім алуда. Сондай-ақ 189 арнайы педагог пен 450-ден астам көмекші маман еңбек етіп жатыр. Соңғы жылдары облыста бірнеше ірі жоба жүзеге асқан. «Ақбота» және облыстық арнайы балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілген, 136 орындық «Жұлдыз» жаңа балабақшасы пайдалануға берілген. Қазір тағы екі нысанның құрылысы жүріп жатыр, – дейді басқарма басшысы.
Дегенмен Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, облыста дефектологтар мен логопедтердің жетіспеушілігі, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығының шамадан тыс жүктелуі және арнайы балабақшаларға 501 баланың кезекте тұруы секілді мәселелерді шешу бағытында жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Биыл оқу жылында аймақта «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бес білім беру мекемесі ашылды. Мұнда, әсіресе ерекше білімді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, №82 мектептегі инклюзивті топтарға 66 бала барып жүр. Оларға білікті мамандар – психолог, логопед және дефектологтар арнайы жабдықталған кабинеттерде қызмет көрсетеді. Бүгінде өңірде «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған 7 білім ордасында бес жарым мың оқушы оқып жатыр. Оқу жылының соңына дейін осындай тағы жеті мектеп ашылады деп күтілуде.
Инклюзивті білім беруді дамытудың басты қағидасы – алдымен арнайы психолог, дефектолог мамандарды даярлау, арнаулы жабдықталған сыныптар мен мектептердің санын арттыру, тактильді белгілер қою және пандустармен басқа да арнайы көмекші құрылғылармен жабдықтау. Бұл бағытта «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында партия жанынан құрылған арнайы топтар облыстағы инклюзивті білім беру бойынша қала және аудандардағы білім беру мекемелеріне мониторинг жүргізіп, педагогтар және арнайы мамандармен кездесіп, ерекше қажеттілігі бар балаларға жасалып жатқан жағдайларды саралап отырады.
Мәселен, партия жүргізген тексеру мониторинг нәтижелерін сөйлетсек, Алға ауданында 375 бала инклюзивті білім алады. Олардың 164-і мектепте, 45-і мектепке дейінгі мекемелерде, ал үйден білім алатындар саны – 30 бала. Сондай-ақ 136 бала облыстық мамандырылған мекемелерде оқиды. Партияның Алға аудандық филиалы атқарушы хатшысы Динара Көбесованың айтуынша, аудан бойынша инклюзивті білім беруге қажетті жағдай жасалған. Ойыл ауданындағы Ж. Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебі мен Ойыл қазақ орта мектебінде ресурстық кабинеттер ашылып, 50 бала арнайы қолдаумен қамтылған. Сонымен қатар Ойыл ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істеп, 52 ерекше күтімдегі балаға көмек көрсетілуде. Балалар сабақтан тыс уақытта аудандық оқушылар үйіндегі шығармашылық үйірмелер мен мектепішілік үйірмелерге қатысады. Ал Байғанин ауданында 89 бала ерекше білімді қажет ететін болса, оның 9-ы үйден оқиды. Ауданда ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалармен 56 педагог, оның ішінде 14-логопед, 2-дефектолог, 2-педагог-ассистент, 38-педагог-психолог жұмыс істейді. Олар бала дамуының әлеуметтік жағдайын есепке ала отырып, жекелей дамытушы бағдарламаларға сүйенеді.
Өңірде инклюзивті оқытуды дамыту үшін маман тапшылығын шешу бойынша жұмыстар қолға алынған. Биыл Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде инклюзивті білім беру орталығы ашылды. Заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттерде арнайы педагог мамандығын игеріп жүрген студенттер білім алып, тәжірибе жинақтайды. Педагогика және психология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, магистранттар ерекше балаларды әлеуметтік бейімдеу, психологиялық қолдау көрсету тақырыптарын терең саралай алады. Олар инклюзивті орталықта ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарына шеберлік сағаттарын өткізуді жоспарлап отыр.
Былтыр Ақтөбе қаласында менталды бұзушылықтары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мемлекеттік мекеме ашылды. Заман талабына сай озық құрал-жабдықтармен жабдықталған мекеме аутизмі және басқа да ой-сана кінәраттары бар балаларға арналған орталық күндіз қызмет көрсетеді. Орталық 1,5-тен 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды, тек білім беру сабақтары мен оңалту емес, сонымен қатар әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлаудың маңызды дағдыларын ұсынады. Мұнда оларға төсек жинау, қонақтарға дастарқан жаю, киім үтіктеу, ыдыс жуу, сонымен қатар тамақ әзірлеу секілді тұрмыстық дағдылар негіздері үйретіледі. Бұл балалардың жан-жақты дамуы және тәуелсіз болуына көмектеседі. Болашақта жасөспірімдер өздерін қамтамасыз ету үшін ағаш ұстасы, қыш және тігін шеберханаларында сабақтар қарастырылған. Орталықта визуалды байланыс орнатуда қиындықтары бар балалар үшін робототерапия қолданылады, онда балалар роботтармен өзара қарым-қатынас жасауды үйренеді. Балалардың дамуына ғана емес, әлеуметтенуіне, қоғамға енуіне және толыққанды өмір сүруіне қажет леготерапия, робототехника, арт-терапия және музыкалық терапия сабақтары жүргізіледі.
Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжі аймақта алғашқылардың бірі болып инклюзивті білім беруді қолға алды. 2014 жылдан бастап колледжде «Мейірбике ісі» мамандығы, «Массажист» біліктілігі бойынша зағип және көзі нашар көретін мүмкіндігі шектеулі жандар оқуға қабылданды. Осы мамандықтар бойынша оқыған алғашқы жеті түлек бүгінде жұмысқа орналасып, өздері секілді өмірге құштар жандарға үлгі болып, адал еңбек етіп жүр. Колледжде «Кедергісіз болашақ» мемлекеттік жобасын жүзеге асыру бойынша мүгедектігі бар оқушыларды оқыту, инклюзивті оқытуды дамыту, олардың жұмыс істеуі үшін жағдай жасау, ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі мәселелерді шешуді көздейтін мақсатты жұмыстар жүргізіледі.
Жалпы, инклюзивті білім беру – барлық бала физикалық, ақыл-ой, интеллектуалды және басқа ерекшеліктеріне қарамастан, білім беру жүйесіне кіретін оқыту мен тәрбиелеу процесі. Балаларға қатысты кез келген кемсітуді болдырмайтын идеологияға негізделген, барлық адамға тең қарым-қатынасты қамтамасыз етеді, бірақ ерекше білім алуға қажеттіліктері бар балалар үшін бөлек жағдайлар жасайды. Бұл бағдарламаны БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның конвециясына 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізді.
2021 жылғы 26 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Соған сәйкес, ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беру мәселесінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру, педагогика-психологиялық бағыттағы мамандарды оқыту, ата-аналарды қолдау және балабақшалар мен мектептердің, басқа да оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастырудың маңызы артты. Осы орайда бүгінде мұғалімдер мен ата-аналарға психологиялық-педагогикалық және әдістемелік көмек көрсету үшін көптеген облыста инклюзивтілікті енгізу бойынша өңірлік орталықтар ашылды.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, бүгінде елімізде 509 арнайы ұйым, соның ішінде 46 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 110 ПМПК, 230 түзету кабинеті, 11 аутизм орталығы, 13 оңалту орталығы жұмыс істейді. Ерекше қажеттілігі бар балалар саны 240 мыңнан асады.
P.S.
«Әлемнің екінші ұстазы» атанған ұлы ойшыл, философ, ғалым Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты еңбегінде қала болып қауымдасып өмір сүретін адамзат баласының өзара ешбір қайшылықсыз, мінсіз, идеал қоғамы қандай болуы керегін жан-жақты сипаттайды. Мұндағы негізгі ой қайырымды, идеал қоғам құрудың негізгі қағидалары қандай болу керек дегенге жауап іздейді. Қазіргі инклюзивті қоғам деп жүргеніміз – қайырымды, ізгілікті, идеал қоғам құруға ұмтылыстан туған идея болуы әбден мүмкін. Ал инклюзивті білім беру теңқұқылы сауаттылық пен өзара түсіністік орнатудың алғашқы баспалдағы десек болады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
