in

Инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту: Тоқаев Берік Уәлиге бірқатар тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.

Мемлекет басшысына Абай облысының 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы төрт айдағы көрсеткіштері туралы есеп берілген.

Берік Уәлидің айтуынша, былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жеткен. Биыл қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайыз болған. Инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң динамика сақталған.

Өңір әкімі инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаған.

Оның мәліметінше, былтырдан бастап жалпы инвестициялық пулға кіретін жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайған. Тартылатын инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артқан. Ірі инвестициялық жобалар қатарында құны 577,5 миллиард теңге болатын "Аягөз – Бақты" теміржол желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ Семей қаласында құны 714 миллиард теңгені құрайтын жаңа жылу электр орталығы мен жалпы инвестиция көлемі 255 миллиард теңге болатын тау-кен байыту комбинатын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Облыс әкімі арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары туралы да баяндаған.

Айтуынша, Семей қаласында жоспарланған аймақта жалпы құны 400 миллиард теңгені құрайтын өндірістік жобаларды іске асыру және 2500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Үш ірі жоба бойынша ұсыныс келіп түскен.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алакөл туристік аймағын дамыту барысы туралы да ақпарат берілген. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінген. Соның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайының терминалын реконструкциялау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған.

Бұдан бөлек, президентке өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында қолға алынған жобалар таныстырылған. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары баяндалған.

Кездесу соңында мемлекет басшысы өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, "Абайға құрмет" акциясын лайықты деңгейде жүзеге асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берген.