Түбіріміз, тамырымыз һәм тарихи болмысымыздың бір екенін айтып, сырттай тілеулес болып жүретіндер көп. Кейінгі жылдары бұл тілеулестік саяси серіктестікке ұласып, екі ел билігі тығыз қарым-қатынас орнатты. Түркі мемлекеттері ұйымының аясында халықтар арасындағы сенім күшейді. Осы орайда біз Мажарстандағы Дунай институтының (Danube Institute) атқарушы директоры, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Иштван Кишпен байланысып, қазақ-мажар байланысы жөнінде пікірлестік.
– Кейінгі жылдары Қазақстан мен Мажарстанның саяси байланыстары едәуір нығайды. Екі елдің билік өкілдері түрлі деңгейде бірнеше өзара сапарлар өткізді. Қазан айының басында Әзербайжанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Венгрияның Премьер-министрі Виктор Орбан түркі әлемінің маңыздылығын атап өтіп, Орталық Азияның ерекше рөлін айқындады. Сіздің ойыңызша, алдағы уақытта елдеріміз арасындағы саяси қатынастар қалай өрбуі мүмкін және қай салаларда ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажет?
– Біздің Премьер-министріміз Виктор Орбан Габалада өткен Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінде Мажарстанның сенімді серіктесі ретінде түркі әлемінің маңыздылығын айрықша атап өтті. Сондай-ақ ол осы жылдың жазында Тушваньош фестивалінде сөйлеген сөзінде түркі әлемін жаһанның алты қуатты орталығының бірі ретінде атады. Мажарстан мен түркі әлемі арасындағы қатынастар, әсіресе 2010 жылдан кейін, қазіргі Премьер-министрдің екінші мерзімінен бастап іске қосылған «Шығысқа ашылу» саясатының арқасында жаңа серпін алды. Бұл байланыс Венгрия Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы мәртебесіне ие болғаннан кейін одан әрі күшейді. Мажарстан – түркі әлемімен институционалдық байланысы бар жалғыз еуропалық мемлекет.
Түркі елдері Венгрия үшін маңызды энергия жеткізушілер болып саналады. Бұл тұрғыда Қазақстан, Әзербайжан және Түркия, тіпті Түрікменстан да мысал бола алады. Мажарстан Еуропадағы алғашқы ел болып, Түрікменстанмен табиғи газ импорты туралы келісімге қол қойды. Бұл елдер Венгрия бизнесі үшін барлық салаларда дамуға мүмкіндік беретін үлкен тұтыну нарығын қалыптастырады. Су ресурстарын басқару саласында еліміздің мол тәжірибесіне негізделген ынтымақтастық ерекше маңызға ие. Сондай-ақ атом электр стансаларына арналған салқындату жүйелерін экспорттау, ауыл шаруашылығы, банк ісі және басқа да көптеген салалардағы байланыс қарқынды дамуда.
Мажарстанның түркі әлеміндегі елдермен кеңейтілген стратегиялық серіктестік қатынастары бар. Алғашқы стратегиялық серіктестік келісімі осыдан 11 жыл бұрын Қазақстанмен жасалған болатын. Бүгінде Венгрия мен Қазақстан арасындағы қатынастар өте жоғары деңгейде және оларды одан әрі кеңейтуге зор мүмкіндік бар.
Кейінгі жылдары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Будапештке ресми сапары мен биыл Венгрия Президенті Тамаш Шуйоктың Астанаға жасаған сапары осы бағыттағы маңызды қадам болды. Биылдан бастап Мажарстан Қазақстан мұнайын импорттай бастады. Сапарлар барысында қол қойылған келісімдердің бірі – Будапештте, сондай-ақ Қазақстанның Ақтау және Әзербайжанның Алат порттарында терминалдар салу туралы жоспар. Бұл терминалдар Орта дәліздің маңызды инфрақұрылымдық тораптары саналады. Осылайша, Венгрия Орта дәліз арқылы келетін тауарларды еуропалық нарыққа таратудың басты орталығына айналады. Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – атом электр стансаларына арналған венгриялық салқындату жүйелері. Қазақстандағы атом электр стансасын салу жобасына байланысты бұл бағыттағы серіктестік одан әрі кеңейеді.
Қазақстандық студенттерге жыл сайын 250 грант бөліп отырмыз. Ауыл шаруашылығы, суару және банк секторы сияқты салаларда да байланыстар дамып келеді. Сенімді қарым-қатынас, тарихи байланыстар және мәдени ұқсастықтар Мажарстан мен түркі әлемі арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге зор мүмкіндік береді.
– Қазан айының басында Венгрия Президенті Тамаш Шуйок Қазақстанға ресми сапармен келді. Кездесулер барысында халықтарымыздың тарихи және бауырластық байланыстарына ерекше назар аударылды. Жалпы, венгр халқы өздерінің шығыстық түп-тамырын және ата-бабалық байланыстарын қалай қабылдайды?
– Мажар халқының тарихи шығу тегі туралы түрлі пікірлер бар, бірақ біздің бастауымыздың Шығыстан шыққаны анық. Венгр тайпаларының бүгінгі Қазақстан аумағында белгілі бір уақытта мекендегені немесе сол жерден тарауы өте ықтимал жайт. XIX ғасыр мен XX ғасырдың бірінші жартысында венгр ғалымдары түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуде маңызды рөл атқарды.
Қазір Мажарстанда түркі әлеміне деген ерекше ілтипат бар. Бұл – Венгрияның еуропалық ел бола тұра, Түркі мемлекеттері ұйымына бақылаушы ретінде қосылуының басты себебі. Мажарстанда «Құрылтай» атты мәдени фестиваль тұрақты түрде өткізіледі, онда біз өзіміздің түркі тамырымызды дәріптейміз. Түркі әлеміне көп сапар жасаған сайын мен халықтарымыз арасындағы мәдени, тарихи, тіпті тағамдық ұқсастықтарды көбірек байқаймын.
– Биыл Қазақстан алғаш рет Мажарстанға мұнай экспорттағанын айттық. Болашақта Венгрия тарапы қазақстандық «қара алтынды» сатып алу көлемін ұлғайта ма?
– Бұл – екіжақты қатынастардағы маңызды серпілістің бірі. Осы жылы Венгрия Қазақстаннан шамамен 600 мың тонна шикі мұнай импорттады. Тасымал екі бағыт арқылы жүзеге асты: бірі – «Достық» мұнай құбыры арқылы, екіншісі, Хорватияның Омишаль портынан «Алатау» танкерімен жеткізілді.
Венгрияның MOL энергетикалық компаниясы Қазақстанда мұнай өндірумен он жылдан бері айналысып келеді. Ол да екі ел арасындағы ұзақмерзімді келісімдерге негізделген. Мажарстан үкіметінің энергетикалық саясатының басты қағидаларының бірі – жеткізу жолдарын прагматикалық түрде әртараптандыру. Осы тұрғыда Қазақстан сенімді серіктеске айналды.
Сенімді қарым-қатынастарды ескере отырып, Венгрия болашақта Қазақстан мұнайын импорттау көлемін арттыруы әбден ықтимал. Күшейіп келе жатқан Транскаспий дәлізі арқылы энергия ресурстарын қауіпсіз әрі тиімді тасымалдауға зор мүмкіндік бар деп есептейміз.
– Өткен айда Қазақстанға келгеніңізді білеміз. Бұл елдегі әріптестеріңізбен қандай келісімдерге қол жеткіздіңіз?
– Биыл Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған Астана Think Tank 2025 форумына шақырылдым. Форум сессияларына әртүрлі елдің өкілдері қатысты. Дәл осындай әртараптанған сараптамалық байланыстарды біз де Еуропада, Мажарстанда дамытуға тырысамыз. Будапештегі Дунай институты арқылы Батыс пен Түркі әлемінің сарапшылары мен талдаушыларын байланыстыру – біздің басты мақсаттарымыздың бірі.
Форум аясында бізді жылы қабылдаған ҚСЗИ-мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық. Сонымен қатар Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетпен де меморандум жасалды. Назарбаев университетіне бару мүмкіндігі туды. Біз қазірдің өзінде қазақстандық ғалымдар мен сарапшыларды Венгриядағы ірі конференциялар мен бағдарламаларға шақыруға асықпыз.
Меморандумдарымыз ғылыми алмасу мен тағылымдамаларды қамтиды. Дунай институтында біз америкалық, еуропалық және түркілік сарапшылардың бірлесе жұмыс істеп, ортақ зерттеулер мен жобаларды әзірлеуіне жағдай жасаймыз.
Астанаға алғаш рет келгенде мен қазақ халқының мәдениетіне, жылылығына және ашықтығына тәнті болдым. Бізге ортақ Түркі мифологиясындағы маңызды бейне – Тұғыл құсы (Самұрық құсымен сәл мағыналас, мажарлар үшін Көк Тәңірінің елшісі, аспан рухы ретінде сипатталады) сияқты мәдени ұқсастықтарды байқадым. Қазақ халқы өте ақылды, қонақжай және жылы шырайлы екен. Астананың инфрақұрылымдық дамуы да мені ерекше әсерге бөледі. Біздің ынтымақтастығымыз берік және ұзақмерзімді негізде дами беретініне кәміл сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Мадияр ТӨЛЕУ
