Алғашында Ақмолаға ауысу туралы шешім қабылданса, кейін атауы өзгеріп, мемлекеттік мерекеге ұласты. Еуразияның жүрегіне айналып кеткен қаламыз бүгінде әлемнің әсем астаналарынан кем емес. Заманға сай зәулім үйлері, ғажайып ғимараттары, түрлі түсті жанып сөнген жарнамалары елордаға ерекше сән беріп тұрғандай. Біз Астана күні қарсаңында Астана қаласы мәслихатының депутаты Кендебай Сарыбайұлымен сұхбаттастық.
– Алда келе жатқан Астана күні – мемлекеттік деңгейдегі маңызды мейрам. Бұл мерекенің сіз үшін мәні мен маңызы қандай?
– Астана күні – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы маңызды мерекелердің бірі. 1997 жылы еліміздің астанасы Ақмолаға көшірілді. 1998 жылы қалаға Астана атауы беріліп, 6 шілде ресми түрде Астана күні ретінде белгіленді. Осы уақыт аралығында жаңа елорда әлемдік деңгейдегі қалаға айналды. Мемлекетіміздің стратегиялық, саяси және рухани орталығы мәртебесін алды. Бұл мереке – тек қаланың емес, тұтас мемлекеттің дамуының белгісі. Сондықтан әрбір қазақстандық үшін Астана күнінің мәні ерекше. Себебі Астанамыз тәуелсіз Қазақстанның ертеңіне деген сенімінің символы. Еліміздің ілгері дамуы мен жаңғыруының айқын көрінісі.
2002 жылы жұмыс бабымен Астанаға ауысып келдім. Елордада, арнаулы қызметтің орталық аппаратында қызметті жалғастыру – әрбір офицер үшін арман. Сондықтан мен үшін Астана – армандар орындалатын қала. 2017 жылы генерал-майор атағын алдым. 2005 жылы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, 2013 жылы II дәрежелі «Айбын» орденімен және 2021 жылы II дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталдым. Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының штабын 4 жыл басқарып, лаңкестік пен діни экстремизмнің каупін бейтараптандыруға, заңнамалық өзгерістер енгізуге үлесімді қостым. Астанада ұлдарым ер жетіп, отбасылы болды, немерелер сүйдім. Қызым 2005 жылы дүниеге келді. Биыл киберқауіпсіздік мамандығы бойынша Астана IT университетін бітірді.
Бұл жалғыз ғана менің отбасымның тарихы, қуаныштары емес. Әр отбасында Астанамен байланыстырған армандары орындалып жатқанын білемін.
– Астана қаласының даму қарқынын қалай бағалар едіңіз? Соңғы жылдары қандай өзгерістер ерекше байқалады?
– Елорда жыл сайын қарқынды дамып келеді. Статистикаға сүйенсек, бүгінде Астана тұрғындарының саны 1,5 миллионнан асады. Соңғы 5 жылда тұрғындар саны 400 мыңға өсті. Халықтың осындай өсу динамикасына сәйкес қала инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы да қатар дамып келеді. 2024 жылдың өзінде 3,6 млн-нан аса шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қала экономикасына 1,6 трлн теңге инвестиция тартылды. Жалпы, өңірлік өнім көлемі 5,4 трлн теңгеге жетіп, 7% болды. Бұл көрсеткіштер – елорданың соңғы жылдары тұрақты дамуының нақты дәлелі.
Соңғы екі жылда Астана қаласы мәслихатының депутаттарының тікелей араласуымен, Үкімет пен әкімшіліктің коммуналдық саладағы тың жұмыстарына жәрдемдестік. 3-ші суды фильтрлеу стансасы іске қосылды. Осы құрылыстың аяқталуымен қалада алдыңғы 5-7 жылға ауызсуға деген қажеттілік шешілді.
Ондаған жылға созылған 3-ші жылу электр орталығы құрылысының бірінші кезегі аяқталып, іске қосылды. Онымен қоса, «Тұран» және «Оңтүстік Шығыс» су жылыту газ стансаларының алдыңғы кезегі жұмысын бастап, 5-10 жылға тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуге қол жеткіздік. Жыл сайын кемінде 60-70 көшелер салынып, күрделі және күнделікті жөндеуден өтеді.
Қалаға 700-ден астам жаңа автобустар алынып, халыққа қызмет көрсету деңгейін көтеруде. Мысалы, 2022 жылы елордада 35 ғана жаңа автобус алынған. 2025 жылдың мамырында қаланың шеткері 16 тұрғын массивіне жылдам интернет тартылып бітті. Бұл жұмыс инвесторлардың қаржысына жасалып, бюджет қаржысы үнемделді.
Астананы көгалдандыру, жаңа парктер мен саябақтар, қоғамдық кеңістіктер молынан ашылуда. Абаттандыру мен тазалық мәселесі оң шешімін табуда. Қала көз алдымызда көркейіп, тұрғындардың өмір сүруіне жайлылық сыйлап келеді.
– Елорданың қандай маңызды жетістіктерін атап өтер едіңіз?
– Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының жетекшілігіндегі салалар жүйелі дамуда. Шағын және орта бизнес қала экономикасының драйверіне айналған. Ол елорда экономикасының 72%-ын құрайды. Жалпы, Қазақстан Республикасы бойынша орташа 38,2% үле сін алып отыр. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Бұнымен қоса, 244 мыңнан астам кәсіпорын күн сайын жарты миллионнан астам адамды жұмыспен қамтуда. Яғни, қала тұрғындарының жұмысқа жарамдысының 70%-ын құрайды.
Астана қаласы өңірдегі ірі туристік орталықтардың бірі ретінде қарқынды дамып келеді. 2024 жылы Астана қаласының туристік секторы айтарлықтай өсім көрсетті. Келушілер саны 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға артып, 1,5 миллион адамға жетті. Бұл саланы бұдан әрі дамыту үшін биыл Astana Tourism туристік даму орталығы өз қызметін бастады. Оның негізгі мақсаты – халықаралық іс-шараларды елге тарту, туристік тартымдылықты арттыру және қонақтарға қолайлы жағдай жасау. Осы арқылы болжам бойынша 2025 жылы Астанаға келетін туристер саны 1,7 миллион адамға жетеді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 миллионға дейін ұлғаюы мүмкін.
Елорданы цифрландыру бағыты да дамып келеді. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін 1 740 нысанға 15 039 бейнебақылау камералары орнатылып, интеграцияланған. Биыл тағы 14 000 бейнебақылау камералары жаңа мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде орнатылды.
– Қаланың тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру тікелей бюджет саясатына байланысты. Астана қаласының жылдық бюджеті қалай қалыптасады? Оның негізгі басым бағыттары қандай салаларды қамтиды?
– Астана қаласының жылдық бюджеті – бұл стратегиялық құжат қана емес, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен даму қарқынының нақты көрсеткіші. Бюджет қалыптастыру процесі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жыл басында 2025-2027 жылғы қала бюджетін бекіттік. Алдыңғы жылдардағыдай, бюджеттің шамамен үштен бірі әлеуметтік салаларға, яғни әлеуметтік көмек пен қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спортқа бағытталды. Ең көп шығын үлесі дәстүрлі түрде мына салаларға тиесілі: білім беру – 365,2 млрд теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – 301,5 млрд теңге, көлік және коммуникациялар – 161,1 млрд теңге, сондай-ақ отын-энергетика кешені – 106,3 млрд теңге.
– Экономиканың бір тірегі ретінде кәсіпкерлерді жатқызамыз. Дегенмен бизнес иелері жиі түрлі кедергіге тап болып жатады. Қазір Астанадағы жергілікті кәсіпкерлер қандай негізгі қиындықтарға жиі ұшырайды? Осы мәселелерді шешу жолында мәслихат қандай нақты қадамдар жасап жатыр?
– Астана қаласының әкімдігі мен мәслихаты кәсіпкерлерге қолдау шараларын жүйелі жүргізеді. 2024 жылы мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы «Астана қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы өзекті мәселелер және оларды шешудің мүмкін жолдары туралы» жоспарлы отырысын өткізді. Осы секторды дамытуға қатысты депутаттардан бірнеше ұсыныс әкімшілікке берілді. Атап айтсақ, олар – кәсіпкерлік инфрақұрылымын жетілдіру, қаржылай қолдау және салықтық жеңілдіктерді қамтамасыз ету, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету мен инновациялық жобаларға қолдауды арттыру. Бұл бойынша ұсыныстар қазір жүзеге асып та жатыр. Екіншіден, мәслихаттың бейімді комиссиясы ұсынысымен Астана қаласының Тексеру комиссиясы да мәселені әрдайым бақылауында ұстайды. Биылғы ІІ, ІІІ тоқсанда бас қаланың кәсіпкерлік қызметін қолдауға және дамытуға бағытталған жергілікті бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі жөнінде мемлекеттік аудиті жоспарланған. Аудит барысында жауапты басқармалар мен кәсіпкерлердің өзара әрекеттесуі, бюджет қаражатын жұмсаудың нәтижелілігі және инвестициялық климаттың жақсартылу жағдайлары жан-жақты сарапталады.
– Алдағы 5 жылда Астананы дамыту жоспары қандай? Сіздің ойыңызша, қаланың қай салаларында серпіліс болуға тиіс?
– Құны 1.13 трлн теңге 329 іс-шарадан тұратын «2024-2028 жылдарға арналған Астана агломерациясын дамытуға арналған кешенді жоспар» бағдарламасын жүзеге асыруда. Биыл «2021-2025 жылдарға арналған Астананың даму жоспары» өз мәресіне жетеді.
Қазір Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында құрылған жұмыс тобы аясында депутаттар, эксперттер және басқа да мүдделі басқармалар, аудан әкімдіктерінің қатысуымен «2026-2030 жылдарға арналған Астананың даму жоспары» жобасы дайындалуда.
Әрине, жоспар тұрғындардың әл-ауқатын және өмір сапасын көтеруге, Астананы адамдар үшін қала қағидатын ұстанып, заманауи, бәсекеге мығым қала болуға арналады. Әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық, мәдениет, тіл, қала шеттерін дамыту, тазалық, көгаландыру, абаттандыру, қоғамдық қауіпсіздік, бизнесті дамыту, өндірістің әлеуетін арттыру және тағы да маңызды мәселелер жоспарда өз орнын табады.
– Қала тек сәулетпен емес, саналы азаматтарымен көркейеді. Осы тұрғыдан алғанда, елордамызды одан әрі дамытуда қала тұрғындарының рөлі қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Астанаға әр тұрғын өз үйіндей қарау керек. Әр тұрғын массивінде, шағынауданда, тұрғын үй кешендерінде қоғам белсенділері бастамашыл түрде жұмыс істесе, тек қана құба-құп болар еді.
Астананың іздеушілері мен қамқоршылары көп болса, әр жобалар мен атқарылып жатқан жұмыстар сапалы болады, бюджет қаражаты тиімді игеріледі. Бірлесіп пішкен тон ешқашан келте болмайды.
– Астана күні қарсаңында қала тұрғындарына айтар қандай тілегіңіз бар?
– Астана тұрғындарын еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің символы Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде бас қаламызда 1,5 миллионнан астам адам тұрады. Оның ішінде 52 пайызы – әйелдер, 48 пайызы – ер азаматтар. 14 пен 34 жас аралығындағы жастардың үлесі жалпы халық санының 30 пайызын құрайды.
Астана қаласы – ғылым мен білімнің, мәдениет пен инновацияның ірі орталығы ретінде қалыптасып, қарқынды дамып келеді. Бұл қала – ел бірлігінің, тұтастығының, ұлттық рухтың нақты көрінісі.
Еліміздің болашағы жарқын болып, тәуелсіз Қазақстанымыздың көк байрағы әрқашан биікте желбірей берсін! Бас қаламыз гүлденіп, көркейе берсін!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Әсет ҚАЛИ