in

Конституцияның 30 жылдығына байланысты қанша адам түрмеден бостандыққа шығады?

Мәжіліс депутаты Абзал  Құспан «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша баяндама жасады. Бұл туралы  Aikyn.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Парламенттің бір топ депутаттары Мемлекет басшысының биылғы жылғы Ұлттық  құрылтайда айтқан бас бостандығынан айырылған жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына назар аудару туралы ұсынысын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірледі.

Бұл қателіктер жасаған, бірақ өкініп, өзінің мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты біздің мемлекет тарапынан жасалған ізгілік актісінің кезекті көрінісі.

Заң жобасында 2021 жылы қолданылған рақымшылық жасау кезіндегідей:

1) азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босату, атап айтқанда: 

– қылмыстық теріс қылық пен онша ауыр емес қылмыстар жасағандар, 

– зиян келтіруге әкеп соқпаған, ауырлығы орташа қылмыс жасаған, не оны толық өтеген адамдар,

– залалдың немесе азаматтық талаптың болуына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату көзделген. 

2) қылмыстық істерді, оның ішінде осы Заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар жасаған қылмыстар туралы соттар қарамаған істерді тоқтату.

3) ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін өтелмеген жаза мерзімін қысқарту көзделіп отыр.

Сонымен қатар заң жобасында бірқатар новелла  бар. Атап айтқанда:

– сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алғаны немесе ысырап еткені, немесе аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдар үшін қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген залал мен оларға қойылған талап-арыздар толық өтелген жағдайда негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшері бестен бір бөлікке қысқартылады.

– қылмысқа қарсы күресті күшейту шеңберінде қылмыстық құқықбұзушылықтардың криминалдандырылған жаңа құрамдарына, мемлекеттік құпияларды заңсыз жария етуге байланысты қылмыстар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарға рақымшылық қолдануға шектеу қою. 

Қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау жөніндегі ҚАЖ 63 мекемесінде және 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам ұсталады, олардың ішінде 33 мың сотталған және 7 мыңы тергеу қамауындағы адам.

Бұдан басқа, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталған 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр. 

Алдын ала есептеулерге сәйкес, рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам, барлығы 15 мың адам қамтылады. 

ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады. 

Одан бөлек, бұған дейін еш жерде жарияланбаған тың мәлімет: жұмыс тобының соңғы отырысында жұмыс тобының мүшелері-депутаттардың ұсынысымен рақымшылық актісін жүзеге асыру барысында қылмыстық жазасын өтеуге соңғы 1 жыл қалған, оң мінезделетін 1 700-ден астам сотталған азамат  босап шығады. Ол өзгеріс заң жобасының 2 және 3-баптарында көзделген.

Бас бостандығынан айыру орындарындағы 5,4 мың сотталған адамға және пробация қызметінің есебінде тұрған 5,5 мың адамға жазаның өтелмеген мерзімін саралап қысқарту қолданылады, барлық мерзімдерді қысқарту 11 мың адамды қамтиды.

Сонымен қатар рақымшылық жасау әрекетіне әлеуметтік осал адамдар санатынан 629 адам (барлығы 2 373) жатады, олардың 57-сі босатылады және 572 адамға мерзім қысқартылады.

Рақымшылық жасау туралы заң жобасы 833 әйелге де қатысты (2 704-і рақымшылыққа ілікпейді), оның ішінде 109-ы босатылады және 724-і мерзімі қысқартылады.

ӘОА санатындағы 481 әйел (барлығы 1 401):

– кәмелетке толмағандар: 2

– жүкті әйелдер: 10

– кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер/бала кезінен мүгедектер: 331

– мүгедектігі барлар: 2

– зейнеткерлік жастағы әйелдер: 136

Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, заң жобасы аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.

Мекемелерден босатылатындардың аз саны олардың негізгі бөлігінің, атап айтқанда 92% (32 691) ауыр (19 008) және аса ауыр (13 683) қылмыстар үшін ұсталуына байланысты, оның ішінде 16% рецидивистер (қауіпті рецидив –  2 176, аса қауіпті рецидив – 3 219).

Бұдан басқа, заң жобасы қылмыстық жауапкершіліктен босатуды және сотқа дейінгі тергеу органдарының өндірісіндегі 2 136 қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды айқындайтын нормаларды қамтиды.

Олар бойынша 1 773 адам тергеу органдарының шешімі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, оның ішінде 99-ы тергеу изоляторларында, ал 1 674 адам бойынша соттар үкім тағайындау кезінде жаза мерзімін қысқарту және босату туралы заң жобасының ережелерін қолдану көзделген.

Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, рақымшылық жасамау ұсынылатын қылмыстардың тізбесі айқындалды (Жобаның 5-бабы).

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 476-бабы  15-тармағына сәйкес рақымшылық жасауды қолдану туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталушыға қатысты жеке қабылдайды.

Бұдан басқа, заң жобасымен жергілікті атқарушы органдарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру жөніндегі міндеттер жүктеледі.

Қазіргі уақыттың шындығын ескере отырып, рақымшылық жасау мемлекеттік шығыстарды оңтайландыруға (жылына шамамен 5 млрд  теңге) және жүктемені азайту есебінен ҚАЖ мекемелерінде сотталғандарды ұстау жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. 

Бюджет қаражатын үнемдеу күніне 22,5 млн теңгені құрайды (1 сотталғанға жұмсалатын жалпы шығын – 2 900 теңге, тиісінше жылына 4,8 млрд  теңге).

Заң жобасын қабылдау нәтижесінде үнемделген бюджет қаражатын ҚАЖ-ды қаржыландыруға және халықаралық-құқықтық стандарттарды енгізуге, оның ішінде камералық түрмелерге көшуге бағыттау мүмкін болады.

Заңды қабылдау қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс экономикалық, әлеуметтік және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.

Осылайша, заң жобасында алдағы рақымшылық жасауға байланысты адам, қоғам және мемлекет мүдделерінің теңгерімі қамтамасыз етілген.