in

Көкшетауда құтқарушылар ес-түссіз жатқан 73 жастағы әйелді аман алып қалды

Ақмола облысында төтенше жағдайлар қызметінің жедел әрекетінің арқасында 73 жастағы тұрғынның өмірі сақталды, – деп хабарлайды Аikyn.kz

Көкшетау қаласында көпқабатты үйдегі пәтердің тұрғыны есік ашпай, байланысқа шықпаған соң, көршілері алаңдап, 112 нөміріне хабарласқан.

Оқиға орнына дереу жеткен ТЖМ құтқарушылары арнайы құрал-жабдықтар арқылы пәтерге кіріп, әйел адамды жуынатын бөлмеден еденде жатқан күйінде тапты. Оған жедел жәрдем қызметі алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қазір оның жағдайы медициналық бақылауда.

Төтенше жағдайлар департаменті осындай жағдайда бірден 112 нөміріне хабарласу маңызды екенін ескертеді.