Деректерге көз жүгіртсек, осыдан 15 жыл бұрын Йеменнен Әли ибн Әбу Тәліпке тиесілі Құранның ең көне нұсқасы табылғаны мәлім. Құнды жәдігер Адалия қаласының шалғай шатқалындағы үңгірлердің бірінен табылған. Құранның алғашқы бетіне «Хижра жыл санауы бойынша 200 жылы Аллаһтың көмегіне мұқтаж құлдың қолымен жазылған» деп көрсетілген. Кітап балауыз жағылып, терімен оралған деседі. Діни зерттеушілер кітап мәтінінде хәракаттардың болмауын ескеріп, мұны Құранның ең көне нұсқасы екенін жария еткен еді.
Сол сияқты Пәкістан астанасы Исламабадта 400 жылдық тарихы бар ежелгі Құранның қолжазбалары сақтаулы тұрғаны белгілі. Оның ең бергісі ХІХ ғасырға тиесілі екені айтылады. Мәліметке сәйкес, құндылығы жоғары бұл қолжазба нұсқалары Исламабад тұрғыны Садия Джаведтің отбасына тиесілі. Оның ішінде алтынмен апталып, күміс күптелген, қымбат асыл тастармен, жақұттармен безендірілген Құран кітапшалар да кездеседі екен. Сонымен қатар көлемі бір еліден аспайтын алтынмен әрленген, ХІІІ ғасырдағы Дели сұлтанатына тән каллиграфиямен жазылған Құран нұсқасы көптің назарын аударған ерекше жәдігер саналады. Бұған қоса, Үндістанның Карнатака штатынан табылған құнды жазба қасиетті Құранның ең көне нұсқаларының біріне баланады. Оны осыдан 400 жылдай бұрын өмір сүрген моғолдың ұлы басшысы Акбар дәуіріне тиесілі деп болжам жасалған еді.
Елімізде де ежелгі Құран нұсқаларының қоры аз емес. Түрлі кезеңнен сыр тартатын киелі қолжазбалардың әрбірінің өзіндік мән-маңызы жоғары.
Осы орайда киелі Түркістан өңіріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қорының рухани қазынасы мол. Соның ішінде Ислам мәдениеті мен тарихын зерттеуде айрықша орын алатын киелі кесененің қорында 1930 жылдың басына дейін сақталған Құранның үш нұсқасы ерекше атап өтуге тұрарлық. Атап айтқанда, құнды жәдігерлер қатарындағы Куфи Құраны араб жазуының ең көнесі саналады. Ол Ефраттағы Куфа қаласының атауымен аталған. Сонымен қатар 2000 жылдары баба кесенесінің иелігінде болған Алып Құранның табылғаны көпке жария болған еді.
Қазір қасиетті Қүранның көптеген ежелгі түпнұсқасы Ұлттық кітапхана қорында сақтаулы. Дерекке көз жүгірсек, бүгінде кітапхананың сирек кітаптар қорында 30 мыңнан астам кітап пен қолжазба болса, оның 50 шақты данасы Құран нұсқаларын құрайды екен.
Сыр өңірінде де Ислам мәдениетінен сыр тартатын мұндай құнды мұралар сирек те болса бой көрсетіп қалып жатады. Бұған дейін, шамамен 7-8 жыл бұрын Қызылорда облысындағы Мырзабай Ахун мазарынан Құранның көне нұсқасы табылғаны жария болған еді. Құранды Мырзабай ахунның өзі көмген деп топшыланды. Сол уақытта құнды жәдігерді ахунның шөбересі Ораз Салқашұлы тауып, көпшілік назарына ұсынған болатын.
Ал жуырда ғана Әбділдә Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы елді тағы бір ерекше жаңалығымен қуантты. Нақты айтқанда, кітапхана қорынан табылған ежелгі Құран нұсқасы жергілікті жұртшылықты елең еткізіп отыр.
Исі мұсылманның мол мұрасы қатарын толықтырған көне Құран нұсқасы кітапхананың сирек кітаптар қорында ұзақ жылдар бойына сақталған көрінеді. Кітапхананың негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарованың айтуынша, құнды жәдігер һижра жыл санауы бойынша 1293 жылы, ал қазіргі жыл санауына сәйкес 1876 жылға тиесілі.
«Қасиетті кітап Мысыр қаласындағы «Фарухи» баспасында басылған. Ол Осман Сұлтан дәуірімен тұспа-тұс келеді. Кітаптың сыртқы мұқабасы терімен қапталып, жазулары шөптен жасалған бояумен жазылған. Құнды жәдігер кітапхана қорына 2009 жылы ұйымдастырылған «Ұлы Жібек жолының кітапханалары» атты ғылыми экспедиция аясында табысталған. Сол жылы экспедиция Ұлттық кітапхана, Қызылорда облыстық Мәдениет басқармасы мен облыстық кітапхананың ұйытқы болуымен жүргізілген болатын. Осы экспедиция барысында облысқа қарасты аудандардағы 32 кітапхананы аралап, осындай 400-ге жуық құнды жәдігерді зерттеп, жинақтаған еді. Құранның көне нұсқасы бізге сол уақытта табысталды», – деп түсіндірді бөлім меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарова.
Жалпы, бүгінде облыстық әмбебап кітапхананың сирек кітаптар қорында 1 800 кітап бар. Оның ішінде 35-ке жуық діни кітап пен қолжазбалар сақтаулы. Мұнда Құранның көне нұсқасынан бөлек, Мұхаммед Амин Аз-Шахир Би-Ибн-ли Абиддиннің «Шариғат жол кітабы», парсы тіліндегі «Пайғамбарлар туралы діни кітап» қолжазбасы, Ибрахим Халябидің 1876 жылы Мысырда басылған араб тіліндегі «Дін ережелері» еңбектері сынды құнды дүниелер қатары аз емес.
«Кітапханамыздан Ислам мәдениетінен сыр тартатын құнды жәдігерлер қатары мол. Бұған дейін ғылыми экспедиция барысында табылған 400-дей кітапқа зерттеу жүргізіліп, реставрациядан өткізілді. Негізінен, көне кітаптар мен қолжазбаларды қайта қалпына келтіру де оңай шаруа емес. Құнды жәдігерлерді қайта жуып, тазартып, кептіріп, қалпына келтіруге кемі 4 ай уақыт кетеді. Содан кейін ғана оқырман назарына қайта ұсынамыз, – дейді кітапханашы Шолпан Сәдібекова.
Кітапхана қорында әлі де зерттеуді қажет ететін көне діни еңбектер қатары көп екен. Алайда оның көпшілігі толық зерттелмеген. Себебі өңірде құнды жәдігерлерді жете зерттеп, тұжырым жасайтын мамандар тапшы, қолдау да кемшін болып тұр. Кітапхана қызметкерлері құнды жәдігерлерге жете зерттеу жүргізу үшін арнайы жоба әзірленіп, мемлекеттен қолдау жасалуы тиіс екенін жасырмайды.
«Қорда сақтаулы тұрған құнды жәдігерлер толық зерттелген деп айту қиын. Бұл тұрғыда Құранның ескі нұсқасы жайында да мәлімет аз. Өйткені әрбір қолжазбаны оқып, тыңғылықты зерттейтін мамандар тапшы. Соның ішінде өңірімізде ескі парсы, түркі жазуын оқитын адам табу тіпті қиын. Бірқатар діни кітапты мешіттерге де апа-
рып, көне қолжазбаларды оқитын маман таппай жатамыз. Ескі жазуларды тәржімалап, тың мағлұматтар беретін кәсіби ғылыми аудармашылар болса көптеген құнды дерекке қанық болар едік. Сондықтан арнайы мемлекеттік жоба әзірленуі қажет деп ойлаймын. Бүгінде қордағы көптеген құнды жәдігеріміз қайта жаңғыртудан өткізуге сұранып тұр», – деп ойын білдірді бөлім меңгерушісі Гүлдерайым Досбергенқызы.
Жалпы, Сыр өңірі мен Ислам мәдениетінен сыр шертетін облыстық құтхана қорындағы көне қолжазбалар кешенді зерттеуге сұранып тұр. Бұл бірінші кезекте жаңа дерек көздерін ашып, еліміздің ежелгі діни мәдениетін жан-жақты талдап, саралауға мол мүмкіндік берер еді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы