in

Маңғыстауда Каспий жағалауынан 100-ден аса итбалықтың өлексесі табылды

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауынан 112 итбалықтың өлексесі табылды. Бұл туралы облыстық Экология департаментінің мамандары мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ведомство мәліметінше, 3 қараша күні зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің қызметкерлері Ақтау тұрғындарының жағалауда жатқан итбалықтарға қатысты хабарламасынан кейін оқиға орнына тексеріс жүргізген.

«Балық инспекциясы басқармасымен бірлесіп, Асан елді мекенінен бастап Баутино мүйісіне дейінгі жағалау сызығына мониторинг жасалды. Нәтижесінде, Каспий итбалықтарының өлекселері табылды. Оның ішінде 39-ы –  Асан мен Форт-Шевченко қаласының жағажайы аралығында, ал 73-і –  жағажай мен Баутино мүйісі арасындағы аумақта анықталды», –  деп мәлімдеді департамент өкілдері.

Мамандар зертханалық талдау жұмыстарын жүргізу үшін теңіз суынан сынама алды. Оқиға туралы ақпарат 112 қызметіне жолданды.