Ол шығыс көршінің Тяньцзинь, Бейжің қаласында өзге ел басшыларымен бірге ШЫҰ саммитіне және ІІ Дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығының салтанатты іс-шарасына қатысты. Өз жұмыс кестесі аясында өзге де кездесу өткізді. Мемлекет басшысы айтқандай, бүгінде ҚХР – қазақ елінің тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы, мәңгілік стратегиялық серіктесі. Ал халықты байырғыдан ортақ тарих, сан-салалы байланыс пен өзара түсіністіктің мызғымас құндылықтары біріктіреді.
Өзара сауда көлемі екі еселенбек
Қазақстан мен Қытай лидерлері араға небәрі 2 ай салып қайта жүздесіп отыр. Бұл қытай-қазақ қатынасының деңгейі жоғары әрі ерекше сипатта екенін көрсетеді. Осының алдында, 2025 жылғы 17 маусымда еліміздің Астанасында Қ.Тоқаевтың төрағалығымен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өткен-тін. Оған ҚХР, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан басшылары да қатысты.
Бұл жолы 30 тамыздан 3 қыркүйекке дейінгі аралықты қамтыған, екі елдің дипломатиялық қарым-қатынас тарихындағы ең ұзағының бірі саналатын бұл ресми сапар Қазақстан Президентінің ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен жеке келіссөздерінен басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР лидерінің тікелей қолдауымен қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқанын зор ризашылықпен атап өтті. Соның нәтижесінде, 2024 жылы екі ел арасындағы тауарайналым тарихи рекордтық көрсеткішке – 44 миллиард долларға жуықтады. Еске салсақ, 2018 жылы Қазақстан мен Қытай басшылары болашақта екі елдің өзара сауда-саттығын 20 миллиард долларға жеткізу міндетін қойған болатын. Содан бері бұл жоспар екі еседен астамға асыра орындалды.
Қ.Тоқаев осы оң үрдіс биыл да сақталып отырғанын нықтап, экономикалық ынтымақтастық көрсеткіші ары қарай өсетініне сенім білдірді. Оған қосымша серпін беру үшін Мемлекет басшысы сапары аясында Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысына қатысты, шың елінің бірқатар ірі компания басшыларымен жеке кездесті.
– Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Ортақ ірі жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр. Биыл Қазақстанда Қытай туризмі жылы екенін ерекше көңілмен атап өткім келеді. Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын нығайтуға қолайлы жағдай жасалған. Соның жарқын мысалы – Қазақстанда «Лу Бань зертханасының» екінші және үшінші филиалы ашылды. Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығын ашу туралы шешіміңіз үшін Сізге зор алғыс айтамын, – деді Президент.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қ.Тоқаевқа ризашылығы мен ілтипатын білдіре келе, Бейжіңнің Қазақстан-Қытай жан-жақты әрі мәңгі серіктестігін тереңдетуге айрықша мән беретінін мәлімдеді.
– Халықаралық ахуал қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан бір-біріне әрдайым сенім артып, арқа сүйей алатын стратегиялық серіктестер! Екі ел тату көршілік және достық байланыстарға әрқашан бейіл. Біз ашықтық пен өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарынан айнымай, тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын құру бағытын ұстанамыз. Түпкі мүддеміз бен басты түйткілдерге қатысты мәселеде бір-бірімізге жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Сонымен қатар қазақ-қытай қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтеру үшін сан қырлы ынтымақтастығымызды кеңейтуге ниеттіміз, – деді Си Цзиньпин.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылды. Тауар айналымын ұлғайтудың және көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы саласында ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың маңызына назар аударылды. Мемлекеттер басшылары сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Айта кету керек, қос көрші арасындағы сауда-саттық көлемі қазіргі 44 миллиардтық ($43,8 млрд) межемен тоқтап қалмайды. Қазақстан мен ҚХР 2030 жылға қарай өзара тауарайналымды екі еселеуді жоспарлап қойды. Бұл туралы айтқан Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәлімдеуінше, осы биік мақсатқа жету үшін «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында шекара маңы саудасын дамытудың бірлескен іс-қимыл жоспары мен Жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырып, екі ел экономикасының өзара байланысын күшейтуге жол ашады.
Қазақстан шикізаттық емес экспортты және қосылған құны жоғары өнімдерді ілгерілету мәселесіне ерекше назар аудармақ. Осының алдында «Орталық Азия – Қытай» астаналық екінші саммиті аясында Сауда және интеграция министрлігі мен ҚХР Коммерция министрлігі электронды сауда саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған-тын. Сондай-ақ ірі қытайлық онлайн-платформаларда Қазақстанның ұлттық павильондарын кеңейту ұсынылды. Бұл келісім электронды сауданы жаңа деңгейге көтеріп, екі елдің өзара тиімді әріптестігін дамытуға ықпал етеді деп күтіледі.
Қытай тарапы қолдаған бағыттың бірі – өңірлік ынтымақтастықты дамыту. 2024 жылдың басынан Қазақстан ҚХР-дің Нанкин, Чэнду, Үрімші, Сиань, Чунцин, Гуанчжоу қаласында 6 сауда миссиясын ұйымдастырды. Министр А.Шаққалиев Қытайдың өзге ірі өңірлерінде Қазақстанның сауда өкілдігін ашу жоспары барын жеткізді. Мысалы, екі ел қазақстандық рапс майы, құрама жем ұны мен арпаны жалпы құны 45 млн доллар болатын көлемде жеткізу туралы нақты уағдаласты. Бұған қоса, қытайлық компаниялар қазақстандық қытырлақ нанға, табиғи шырынға және құрғақ түйе сүтіне қызығушылық білдірді.
Көлік-транзит саласы да екі елдің ынтымақтастығына қарқын береді. Бүгінде Қазақстан басты транзиттік дәліз ретінде Қытайдан Еуропаға баратын жүктің 85%-ға жуығын қабылдайды. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен Транскаспий дәлізі аясында 2030 жылға дейін жүк тасымалын жылына 10 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, тәуелсіздік алғалы Қазақстанға 26,4 млрд доллар қытайлық инвестиция тартылыпты. Қазір құны 66 млрд доллардан асатын 224 бірлескен индустриялық жоба іске асырылып жатыр, оның 67-сі толық аяқталған. Бұл – өзара сенім мен ұзақмерзімді серіктестіктің айқын көрсеткіші.
Инвестиция – ынтымақтастықтың берік тірегі
Өзара сауда-экономикалық әрекеттестіктің теңдессіз жоғарғы екпініне екпін қосылуы үшін Қ.Тоқаев қытай бизнесіне Қазақстанның инвестициялық әлеуетін өзі таныстырды. Ол 2 қыркүйекте Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің 8-ші жиынында сөз сөйлеп, екі елдің инвестициялық ықпалдастығы ұдайы кеңейіп келе жатқанына назар аудартты.
– Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Біз барлығына ерекше көңіл аударып жатырмыз. ҚХР Төрағасы, қадірлі досым Си Цзиньпин мырзамен бірге көпсалалы қазақ-қытай ынтымақтастығын дамыту үдерісін үнемі бақылап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ол қытай лидерімен өткен келіссөздер нәтижесін өте жоғары бағалай келе, төл ресми сапары тиімді, ойдағыдай өткенін қадап айтты. Президент Қазақстанда инвесторлардың құқығы мен мүддесін қорғау үшін қолайлы жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Осы мақсатта Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енгізілді. Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Бұл құрылым шұғыл шешім қабылдап, инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетеді. Биыл маусымда ҚХР Төрағасының Қазақстанға сапары барысында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, екі ел арасындағы визасыз режим де іскерлік байланыстарды кеңейтуге тиімді ықпал етеді. Қолда бар мүмкіндіктерді толыққанды пайдалану қажетін мәлімдей келе, ол өзара ынтымақтастықты жандандырудың бірқатар басым бағытына тоқталды.
– Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85%-ы біздің жеріміз арқылы өтеді. Биыл «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылады. Соның арқасында Қазақстан арқылы өтетін «Қытай – Еуропа» транзит дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігі 5 есе артады. Сонымен бірге Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін кеңейтуге барынша атсалысады. Былтыр осы бағыт бойынша 4,5 миллион тонна жүк өткізілді. Бұл – алдыңғы жылғыдан 62% артық. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Каспийдегі Ақтау және Құрық порты арқылы тасымалданатын жүктің көлемі белсенді түрде артып келеді. Бүгінде Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистика терминалы және Сианьдағы құрғақ порт қызмет етеді. Президенттің пайымдауынша, қытай компанияларының көлік-транзит саласындағы жобаларға қатысуына мол мүмкіндік бар.
Энергетикалық ықпалдастық – келесі басымдық
Атырау облысында қытайлық Sinopec компаниясымен бірлесіп, полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Оның өндірістік қуаты – жылына 1 миллион 250 мың тонна өнім. Зауыт құрылысына 7,4 миллиард доллар қаражат салынбақ. 2030 жылға қарай қытайлық CNPC қатысуымен Шымкент МӨЗ-ін жедел жаңғырту арқылы зауыт қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің мәліметінше, ҚМГ барлық бағытта қытай компанияларымен тиімді ынтымақтастық орнатты: «Биылдың өзінде геологиялық барлауда Sinopec компаниясымен БҚО-дағы Березовский кенорны, CNOOC-пен Атырау облысындағы Жылыой учаскесі бойынша келісімшарт жасасты. Ал CNODC компаниясымен бірлесіп, Каспийдегі Достық учаскесін зерделеу жұмысы жүргізілуде. Қытайлық серіктестер Атырау облысындағы Береке және Ұлытау облысындағы Шу–Сарысу сияқты басқа да перспективалы геологиялық жобаларға қызығушылық танытты», – деген А.Хасенов бұл тарапта жаңа инвестиция тартуға мол мүмкіндік барына сенімді. Себебі елде 15 шөгінді алабының ішінен тек 5-еуінде мұнай-газ өндіріледі. ҚМГ басшысы қытайлық компанияларды ірі жаңа учаскелерді зерттеуге шақырды.
Қазақстан жаңартылатын энергетикамен де айналысады: China Power International Holding пен China Energy сияқты жетекші қытай компаниясының қатысуымен бірқатар жоба қолға алынбақ. Энергетика саласындағы тағы бір маңызды жоба – Маңғыстау облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы. Қуаты 160 мегаватт болатын жоба China Huadian Corporation-мен бірге жүзеге асырылады.
Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсянмен бірге бейнебайланыс арқылы Жамбыл облысында жел генераторына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың алғашқы кешенін салтанатты түрде іске қосты.
Мұның сыртында Қ.Тоқаев атом энергетикасы саласына қытай технологиясын тартуға және осы бағытта білікті мамандар даярлауға мүдделі екенін жеткізіп, аталған саладағы ынтымақтастық мәселесі Си Цзиньпинмен кездесуде егжей-тегжейлі талқыланғанын хабарлады.
– Екі ел осы салада стратегиялық серіктес болуы керек деп уағдаластық. Біз бұл жұмысқа CNNC компаниясын тартуды көздеп отырмыз. SANY компаниясы да нарығымызда белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Дәстүрлі қуат көздерін дамыту – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолы, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан тау-кен металлургиясы кешенін дамыту үшін стратегиялық маңызды бірқатар жобаны жүзеге асырады.
– Бұл іске Қытайдың ірі компаниялары атсалысуда. Мысалы, Fujian Hengwang Investment-тің Жамбыл облысындағы 3 миллион тонна болат өндіретін металлургия зауытын салу жобасын атап өтуге болады. Jiaxin International Алматы облысындағы Бұғыты кенішінде вольфрам кенін өңдеу жобасын іске қосты. Құрылыс индустриясында қытайлық кәсіпкерлермен табысты байланыс орнады. China Glass Қазақстан үшін теңдесі жоқ шыны зауытын тұрғызды. Жақында Алматыда жылына 120 мың көлік шығаратын мультибрендті зауыт іске қосылады. Алматыда электробус шығаратын BYD зауыты құрылмақ, – деді Президент.
Ол ауыл шаруашылығы саласындағы тиімді ынтымақтастықты нығайтуға орасан зор мүмкіндік барын, ҚХР нарығы еліміз үшін өте маңызды екенін жеткізді. Қазақстан оған жылына 2 млн тоннадай астық экспорттай алады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу өнеркәсібін бірлесе дамыту да ерекше маңызды. Бұл тұрғыда Dalian Group-тің Ақмола облысында бидайды терең өңдейтін кәсіпорын ашу бастамасы толық қолдау тапты. Fufeng Group-тың Жамбыл облысындағы жүгері өңдеу жобасы құпталды. Зауыт өнімдері Қытай мен Еуропаға экспортқа жіберіледі. Қ.Тоқаев қытайлық кәсіпкерлерді органикалық және жоғары сапалы мал шаруашылығы өнімдерін шығаруға белсене қатысуға шақырды.
Мемлекет басшысы цифрландыру саласындағы Қытайдың жетістіктеріне тамсанды және осы бағытта тығыз байланысуға ниет білдірді. Қазақстанда цифрлық экономиканы дамытудың жүйелі шаралары қолға алынды. Биыл Қазақстанда аймақтағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды.
Қазақ-қытай іскерлік кеңесі қорытындысында жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойылды. Президенттің шың еліне бұл сапары Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаруға септігін тигізеді. Жетістіктің бәрі қос көршінің өзара сенімі мен түсіністігінің, татулығы мен серіктестігінің нығаюына әрі бейбітшілік пен тиімді ықпалдастық мүдделеріне жұмыс істейді.
Айхан ШӘРІП