in

Мемлекет тұрмысы жақсы көпбалалы отбасыларға қосымша жәрдемақы төлеуді тоқтатады

Тұрмысы жоғары көпбалалы отбасылар енді қосымша әлеуметтік қолдауға ие болмайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.

«Отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы табысы 4 ең төменгі күнкөріс деңгейінен асса, яғни, әр адамға шаққанда 200 мың теңгеден артық болса, бұл тұрмыс деңгейі жақсы отбасы болып саналады. Мысалы, 10 адамнан тұратын отбасы жалпы 2 миллион теңге табыс тапса, екі және одан да көп жылжымайтын мүлкі, екі және одан да көп автокөлігі болса, бұл санаттағы отбасылар, көпбалалы мәртебесіне қарамастан, қосымша қолдау шараларын ала алмайды», – деді министр Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысынан кейін кулуарда.

Сонымен бірге Светлана Жақыпова кейбір төлемдердің сақталатынын атап өтті.

«Жалпы, көпбалалы ана мәртебесіне байланысты төленетін барлық төлем сол күйінде сақталады, бұрынғыдай ала береді. Мәселен, 10 баласы бар көпбалалы отбасына берілетін ай сайынғы төлем 120 мың теңгеден астам, яғни әр балаға 15 мың теңге алуды жалғастырады», – деп түсіндірді министр.

 

Айта кеткен дұрыс, бұған дейін министрлік 6 баладан аз баласы бар көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақыдан айырылуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарған еді.