Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың “TURKISTAN” халықаралық газетінде “Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы” атты мақаласы жарияланды.
Мақалада Ұлттық құрылтай жайлы айтылды.
ХХІ ғасырда ұлтты қайта жаңғырту 2050 жылдарға көздеген бұлыңғыр меже емес, ол – орта мерзімде нақты қол жеткізуге болатын айқын мақсат. Бұл жолда ұлт өзін бір отбасы ретінде сезінуге тиіс. Бұл отбасыны ортақ құндылықтар және еліміздің ұзақмерзімді даму перспективаларына деген ортақ көзқарас байланыстыруы шарт. Ал мұны тек ұлттық диалог арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің жаңа институты – «тарих тағылымы мен жарқын болашақты» тоғыстыратын Ұлттық құрылтай дәл осы мақсатпен құрылды.
Ұлттық құрылтайдың 2022 жылғы маусымда өткен тарихи I отырысында ұлттық жаңғырудың негізі қаланды. Сол жиында Мемлекет басшысы: «Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту», деп, жаңа алаңның рөлін айқындап берді. Осылайша, ұлтымызға ұя болған қасиетті Ұлытау төрінде, қазақ хандарының атасы Жошы хан кесенесінің іргесінде тамырын тереңге жайған мемлекеттілігіміздің жаңа дәуірі басталды деуге толық негіз бар.
Қазақтың мәдени және тарихи дәстүрінен бастау алатын Ұлттық құрылтайдың форматы дала демократиясы институтының мәнін жаңғыртып қана қоймай, халықтың тарихи жадына, ғасырлар бойы сақталған әдет-ғұрпына табан тірейді. Мұның мәні тереңде жатыр. Бұл даңқты тарихты еске алу үшін жасалып жатқан символикалық шара емес. Ол – болашақтың келбетіне ұлы тарих арқылы қарауға мүмкіндік беретін қадам, – деп жазды Сенат Төрағасы