in

Непал оқиғасы: өсектің қызуы өрттен де алапат

Америка 1945 жылғы 6 және 9 тамызда Хиросима және Нагасаки қаласына атом бомбасын тастап, ондаған мың адамды мерт қылды, Жапон империясын тізе бүктірді. Қазір ядролық қаруды қолданудың да қажеті жоқ. Жалған ақпараттың көмегімен тұтас мемлекеттерде төңкеріс ұйымдастырып, билігін ауыстыра алады. Еуропа, Азия және Африка континенттерінде сыналған бұл жойқын қару жуырда Непалда қолданылғанға ұқсайды.

Cambridge University зерт­теу­шілері ақпараттың, соның ішінде дезинформацияның, қауесеттің көмегімен онсыз да ашынған, іс басындағы билікке қаны қарая өшіккен халықтың арасына от тастау арқылы ұйым­дастырылған ХХІ ғасыр­дағы төңкерістерді «түрлі түсті революциялар» ретінде топтас­тырады және оны екіге бөледі. 

«Табысты болмағандары» қатарында Кэмбридж универ­ситетінің ғалымдары 2006 жылғы Беларусьтегі «Кекіре (гүл атауы, василек) революция­сын», Армениядағы 2008 жылғы бұқаралық наразылық акцияларын, 2009 жылғы және одан бертіндегі Ирандағы «Жасыл революцияны», Минскідегі «Плошча-2010» толқуын, Ре­сей­дегі 2011-2013 жылдардағы «Болотный революциясын», 2020 жылғы Беларусьтегі жаппай қарсылықты және басқасын атайды. 

Екіншісіне – «табыстыларына» 2000-2021 жылдардағы Югославиядағы «Бульдозерлік революцияны», 2003 жылғы Грузиядағы «Раушандар революциясын», 2004 жылғы Ук­раинадағы «Қызғылтсары революцияны», 2005 жылғы Қыр­ғызстандағы «Қызғалдақ­тар революциясын», 2005 жылғы Ливандағы «Самырсын револю­циясын», 2007 жылғы Мьян­мадағы «Запырангүл (шафран) революциясын», 2013-2014 жылдардағы Украинадағы «Еуромайданды», 2018 жылғы Армениядағы «Барқыт революциясын» жатқызады.

«Араб көктемі» деп жалпылама аталатын, жүздеген мың (кейбір бағалау бойынша 800 мыңнан көп) бейбіт тұрғынның өмірін жалмаған, 2010-шы жыл­дардың басында Таяу Шы­ғыс пен Солтүстік Африканың біраз елін қамтыған көте­ріліс­тер, билікке қарсы нара­зылықтар және қарулы қақты­ғыстар да осы қатардан табылады. Нәтижесінде, 2010 жылдың күзінен бері Тунисте, Мысырда, Йеменде революция болды. Сирияда азаматтық соғыс басталып, ақыры былтыр биліктің ауысуына әкелді. Йеменде азаматтық соғыс жалғасты, ел екіге бөлінді, мемлекет астанасы хуситтер қолында. Бахрейнде азаматтық бас көтерулер болды. Алжир, Ирак, Иордания, Марокко, Оманда бұқара­лық қарсылық акциялары өтті. Халық толқуы сол кезеңде Кувейтте, Ливанда, Мавританияда, Суданда, Джибутиде, Батыс Сахарада және өзгесінде тіркелгені айтылады. 

Бұл шиеленістер дезинфор­мацияға бола туындады деп сыңаржақ кетуге болмайды: наразылыққа биліктегілердің бассыздығы, саяси қуғын-сүргін, экономикалық дағдарыс және басқасы себеп болды. Бірақ көтерілістер әлеуметтік медианы пайдалану арқылы ұйымдастырылды: белсенділері жұртшылықты әлеуметтік желі, мессенджерлер көмегімен көтерді, осы құралдар ақпарат­тандыру мен байланыс үшін кең пайдаланылды. 

Ұқсас жағдай Непалда қайталанған көрінеді. Бұл жайында The Kathmandu Post шо­лушысы Аарати Рэй «Z ұрпақ көтерілісі кезінде  дезинфор­мацияның дүрбелең өртін қалай қаулатқаны хақында» деген тақырыптағы мақаласында ай­тады. Ол мемлекеттік құрылым­дарды дағдарыс кезеңінде қаптайтын жалған ақпараттар ағынынан қоғамды алдын ала қорғау тетіктерін түзуге ша­қыр­ды.

«Қыркүйектің басында елде бейберекетсіздіктер бастау ал­ғанда бүкіл Непалды девайс­тардың экрандары жаппай жарықтандырды. Бұрын саясатпен қақ-соғы жоқ, өз ісімен ғана айналысып жүрген адам­дардың өзі ынта-ықылас танытып, телефоны мен ноутбугіне көз алмай үңілді. Елде шын мәнінде не болып жатқанын білгісі келді, жаңалықтар таспасын секунд сайын жаңартумен болды. Қа­лыптасқан хаостың неге соқ­тырарын жедел білуге ынтық­ты», – деп еске салды Рэй ханым.

Оның айтуынша, адамдар шынайы ақпарат ала алмай, ақ тер-көк тер болып жатқанда, ин­­тернетте «параллельді дағ­дарыс» туындады. 8 қыркүйекте бейбіт тұрғындардың қазасы­мен, жаралануымен, жаппай вандализммен қатар қауесеттер дауылдай өршеленіп, ел арасында үрей мен дүрлігу туғызды. Жаңалықтарға деген құштарлық шегіне жеткен эмоциялармен қо­сылып, шындыққа жанас­пайтын хабарламалар үшін қо­лайлы орта, құнарлы топырақ түзді. 

«Халық толқыған апта дезинформация, зиянды ақпарат, пропаганда және дұшпандық тілі үшін өнімді кезеңге айналды. Ақпарат арналары не айтса, қоғам соған сенуге дайын отырды. Өйткені мұндай аумалы-төкпелі шақта ақылға сыймайтын, адам қиялы жетпейтін оқиғалар болатыны мәлім. Қаралым жинағысы келген кейбір Discord серверлері (топтары), Telegram арналар, әлеуметтік желіні пайдаланушылар нақты ақпаратқа өтірігін қосып, қойыртпақ жасап ұсын­ды. Олар мұның анық-қанығын тексеріп жатуға қоғамның уа­қыты да, ресурсы да жетпейтінін түсінді», – дейді CMR Nepal журналистика академиясының директоры және фактілерді тексеру бағытында IFCN сертификатына ие NepalFactCheck.org жобасының жетекшісі Уджвал Ачарья. 

Билік ең алдымен осы ақ­параттық соғыста жеңіліс тапты. Digital Rights Nepal ұйы­мының атқарушы директоры Сантош Сигделдің пайымдауынша, бұқараның цифрлық және медиасауаттылығының төмен­дігі, тексерілген дерек­көздердің, салмақты ақпарат құралдарының орамсыздығы және халықпен сайма-сай коммуникация жасай алмауы, Парламент пен Үкімет мүшелерінің журналистерге түсініктеме беруден басын ала қашуы және басқа факторлар ақыр соңында «көшелер үнінің» алып хорға, тасқынға айналып, ресми би­лікті «шайып» кетуіне септесті.  

С.Сигдел инфодемияның отына май құйған вирустық жалған ақпараттан бірнеше мысал келтірді. Оның арасында әскердің билікті басып алғаны, шенеуніктерді тегіс қырып салғаны, монархияның қайта қалпына келтірілетіні, Судан Гурунгтың Үндістан азаматы болып саналатыны және басқасы бар. Айта кетер жайт, The New York Times жазуынша, Непалдағы көтеріліске Непал­дың премьер-министрі Кхадга Прасад Шарма Олидің 4 қыркүйекте YouTube, X, Reddit, LinkedIn, WhatsApp, Facebook, Instagram сияқты 20-дан аса әлеуметтік желі мен сайтты бұғаттап тастауы түрткі-триггер болды. Халық бұғатталмаған Discord мессенджеріне көшті. Ондағы топтар «сервер» аталады. 

Көтеріліс күндері Hami Nepal қоғамдық ұйымының «Дискордтағы» сервері үкіметке қарсы наразылық шараларын үйлестіруші штабқа айналды және бірер күнде жазылушы­ларының саны 150 мыңға жеткен. Міне, Судан Гурунг дәл осы «Хами Непал» ұйымының негізін қалаушы және Непалда «зумерлер көтерілісі» аталған Z ұрпақтың қарсылық акция­лары­ның үйлестірушісі. Оны Үндістан азаматы деп «күстәна­лау», жала жабу арқылы кейбір күштер елге Үндістанның интервенциясы басталғандай көрініс тудыруға ниеттенді, Непалдың шығысы, оңтүстігі мен батысында созылып жатқан алпауыт көршісіне қарсы елді айдап салмақ болды. 

Масқарасы сол, Непалда қаптаған гу-гу сөзге қарапайым бұқара түгілі бұқаралық ақпарат құралдары да сеніп қалды. Мәселен, әлемдік беделді ақпарат агенттіктері наразы тобырлардың шабуылы және «көшбасшылар резиденциясын» өртеуі кезінде бұрынғы үкімет басшысының әйелі қаза тапқанын хабарлады. Кейін мұның өтірік екені анықталған: аурухана директоры Киран Накарми премьер-министр Джала Натх Кханалдың әйелі Рави Лакшми Читракардың тірі еке­нін, бірақ ауыр халде интенсивті терапия бөлімінде жатқанын растады. 

Сарапшылар елең-алаң шақ­та дезинформация мақса­тын­да ескі видеороликтер жаңа «ақпаратпен» қайта жарияланатынын, әлеуметтік желіде қау­е­­сет шын ақпаратпен ара­лас­тырыла берілетінін, ЖИ кө­ме­гімен ел басшылығынан бастап, кез келген адамның жалған бейне­үндеуін жасауға болатынын ескертеді. Бәсеке­лесінің алдын орап кетуге тырысатын дәстүрлі БАҚ та өсекті жанталаса таратуы мүмкін. Сондық­тан адамдар асығыс ой түймей, барынша абай болғаны жөн.

Digital Rights Nepal ұйымы­ның атқарушы директоры Сантош Сигдел қауесеттің тез жайылуына ресми дереккөздерден жедел ақпараттың болмауы да серпін бергенін еске салды. Непал үкіметінің өкілдері қашып кеткен жағдайда орнында қал­ған билік өкілдері – полиция, армия, жергілікті округ басшылары, мемлекеттік БАҚ ресми ақпаратты тым кешігіп берді әрі шектеулі, тым қысқа, егжей-тегжейсіз ұсынды. Бұл вакуумды жекелеген адамдар жалған жай-жапсармен толтыр­ған. Не­палдағы төңкерістің өзгелер үшін сабағы да осында.

Айхан ШӘРІП