in

Президенттік кадр резервіне іріктеу басталады

Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервінің форумында атап өткендей, «еліміздегі бизнес, ауыл шаруа­шылығы, қаржы, медицина, білім және басқа да секторларда табысты еңбек етіп жүрген адамдар жеткілікті. Нақты нәтижеге ұмтылып, тұтынушының қажет­тілігін өтеу үшін жұмыс істейтін осындай мамандардың әлеуетін жұмылдыру керек».

Бұған дейін 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге қатысуға жал­пы 60 мыңнан астам қазақстандық қызы­ғушылық танытты. Іріктеулер қорытын­дысы бойынша резервке 400 адам қа­­был­­данды. Бүгінде олардың 318-і жауап­ты қызметтерге тағайындалып, экономика­ның түрлі салаcында еліміздің дамуына өз үлесін қосуда. 

Атап айтқанда, 167-сі – орталық мемле­кеттік органдарда, 37-сі – жергілікті ат­қарушы органдарда, 62-сі – ұлттық ком­панияларда, 52-сі өзге ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ 39 резервші сая­си лауазымдарда, 3-еуі – «А» кор­пусының лауазымдарында, 2-еуі – Мәжіліс депутаты, 1-еуі мәслихат депутаты болып қызмет етуде.

Дархан Жазықбайдың айтуынша, биылғы іріктеудің басты ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады. Бұл әдіс салалар арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, нақты бағыттар бойынша үміткерлерді іріктеуді қамтамасыз етеді.

Іріктеу мемлекеттік аппараттың сала­лық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, инфрақұрылым, өнеркәсіп және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған орта, сыртқы саясат және инвес­тициялар; экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам сынды 6 негізгі сала бойынша жүргізіледі. Кандидат тіркелу кезінде көрсетілген салалық бағыттардың бірін таңдауы қажет.

Үміткерлерге қойылатын талаптар өзге­ріссіз қалады: іріктеуге жасы 35-тен ас­паған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс.

Құжаттарды қабылдау – 1-30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz ресми плат­фор­масында онлайн режимде жүзеге асы­рылады. Іріктеудің объективтілігін қамта­масыз ету үшін кандидаттардың дерек­тері жеке нөмір беру арқылы жа­сырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екені беймәлім болады.

Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау – тестілеу прокторинг жүйесімен, аудио және бейнефиксациямен өтеді, әділдік пен ашықтық қамтамасыз етіледі. Талаптарға сәйкес келетін барлық кандидат мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін баға­лаудан өтеді. Бұл ретте сандық тестілеуге әр салалық бағыт бойынша ең көп балл жи­наған кандидаттардың 50%-ы жіберіледі.

Ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі – кандидаттардың таңдаған салалық бағыттарына байланысты нақты проб­лемаларды шешу бойынша ұсыныс­тарын бағалауға бағытталған. Бұл кезең онлайн-режимде эссе жазу форматында өтеді.

Ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат – офлайн форматта, Пре­зидент жанындағы мемлекеттік басқару ака­демиясында өтетін бұл кезеңде үміт­кер­лер мінез-құлық индикаторлары және кәсіби құзыреттер бойынша топтық және жеке тапсырмалардан өтеді. Онлайн фор­мат­тағы жеке сұхбат кәсіби HR-менед­жер­лермен өткізіледі.

Сарапшылық комиссиямен әңгімелесу – арнайы комиссиямен сұхбаттасу түрінде жүзеге асырылады. Оның қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысына 100-ден аспайтын кандидат тізімі ұсы­нылады.

Ұлттық комиссия отырысының қоры­тындысымен үздік 50 кандидат Пре­зи­денттік жастар кадр резервіне қабыл­дана­ды.