Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы Рахила Тұрсынқызы Наралиева жаңа Ата Заңымыздың жобасы жаңа нормалар мен ережелерді мұқият пысықтау қажеттілігінен туындады деген пікір білдірді.
Оның айтуынша, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан, сарапшылар тарапынан түскен ұсыныстарды терең талдап, қоғамдық ашық талқылаулардың нәтижесінде туындаған.
– Жаңа Ата Заңымыз мемлекетімізде конституционализмді дамыту барысында сапалы бетбұрыс кезеңіне жол ашады. Ата Заңымыздың жаңа Преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары тұңғыш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Ынтымақтастық пен ел бірлігі, ұлтаралық, дінаралық келісім Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізгі іргетасы ретінде белгіленді. Еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігі, біртұтастық, аумақтық біртұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына енгізілді. Ал Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, қоршаған ортаға – табиғатқа ұқыптылықпен қарау секілді қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілді. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы деп жаңа Заң жобасы аясында бекітілді.
Ата Заңымыздың жаңа мәтінінде жаңа Жобаның басты идеясы білім мен ғылым, мәдениет, инновация болып саналады. Және де цифрландыру бағытына зор мән берілді. Ата Заңымыздың жаңа Жобасы еліміздің жарқын болашағы – мемлекетіміздің минералды ресурстары мен табиғи байлықтары емес, адами капиталмен және азаматтарымыздың жетістіктерімен, табыстарымен айқындалатынын көрсететін маңызды бетбұрыс болды. Конституцияның жаңа редакциясының басты ерекшелігі – адам құқықтарының бағдарлануы.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – Тәуелсіз еліміздің Ата Заңы, мемлекеттік құрылымның негізін қалыптастырушы маңызды да басты құжат. Сол себепті жаңа Конституция жобасы бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық рефендумда қабылдайды. Конституцияның жаңа Жобасында Преамбула, 11 бөлім, 95 бап бекітілу ұсынылады. Азаматтардан ұсыныстарды қабылдау қарқынды түрде жүріп жатыр: eGov және e-Otinish порталдары арқылы қабылдап жатыр. Конституциялық комиссияның жұмысы жалғасып жатыр, – деді Рахила Наралиева.
