in

Руханияттың дамуына ерекше көңіл бөлу керек – Премьер-Министр

Үкімет отырысында Премьер-Министр экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» Президент бастамасына енгізілген елжандылық пен экологиялық мәдениет құндылықтарын тәрбие бағдарламасына енгізуді тапсырды. Бұл туралы Үкіметте өткен отырыста айтылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Президентіміздің идеясы – “Таза Қазақстан” бастамасын табиғатты қорғау үшін ғана емес, сонымен қатар ойдың да, бойдың да тазылығын сақтап, адамның ішкі мәдениетін тәрбиелеу арқылы оны дұрыс өмір салтына айналдыру. Руханияттың дамуына ерекше көңіл бөлу керек. Айналаңдағы адамдарға, дәстүрлі құндылықтарға құрметпен қарау, қоғамдық жауапкершілікті дамыту және еңбекқорлық Мемлекет басшысының “Таза Қазақстан” бастамасын іске асырудың маңызды бағыттары болуы тиіс», –  деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет отырысында Премьер-Министр Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне жас ұрпақты экологиялық мәдениетке тәрбиелеуге қоғамды, қауымдастықтар мен бірлестіктерді белсенді тартуды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Ортақ іске бар күшті жұмылдыра отырып, отбасылық дәстүрлі құндылықтарды, қоғамдағы дұрыс мінез-құлықты, мәдени мұраларға ұқыпты көзқарасты, отаншылдық қасиеттерді сіңіруге тиіспіз. Аталған бағыттарды “Адал азамат” тәрбиелік бағдарламасында ескеру қажет», – деді Олжас Бектенов. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.