Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермеков еді. Алаш арысы ұстаздық еткен жолда талай шәкірт тәлім-тәрбиесін көрді. Оның бірі – ғалым Савет Сағынтайұлы.
– Сіз Әлімхан Ермеков есімін алғаш рет қашан және қалай естідіңіз? Ол кісімен алғаш танысқан сәтіңіз есіңізде ме?
– Әлімхан Ермековтің есімін алғаш рет студент кезімде естідім. Жалпы, өзім математика тарихына қызығатынмын, қазақтың көрнекті математиктері туралы көп оқитынмын. Сол кезде оның есімі жиі кездесетін. Университет бітіргеннен кейін жас мамандарды түрлі орынға жұмысқа жіберетін. Бір күні деканымыз Тұрлыбек Келтенов кабинетіне шақырды. Барсам, жанында бір кісі бар екен. Сәлем бергеннен кейін: «Міне, мына кісі – қазақ халқының тұңғыш математигі, бірнеше кітаптың авторы Әлімхан Ермеков», – деп таныстырды. Сөйтсем, мені ұстазбен таныстыру үшін шақырыпты. Сосын: «Сағынтаев, сен техникалық университетке мұғалім болып барасың», – деді. Деканымыз өте тік мінезді, сөзін қысқа, бұйрық райда айтатын адам еді. Мен сасып қалдым. Жасым небәрі 22-де, психологиялық жағынан да дайын емес едім. «Бара алмаймын», – дедім. Себебі ол жақтағы талаптың жоғары екенін, білімді студенттердің көп екенін еститінбіз. Содан болар, бойымда қорқыныш болды. Сол кезде жанында отырған Ермеков: «Савет, қорықпа. Қазір сыртқа шығып сөйлесеміз», – деді.
Осылай мен Әлімхан Ермековпен алғаш рет таныстым. Сыртқа шыққан соң, ол кісі мені үйіне алып кетті. Ленин көшесімен жүріп бара жатып, маған жылы сөздер айтты. «Мен де алғаш Ташкенттегі Жоғары педагогикалық институтқа мұғалім болып барған кезде дәл сен сияқты қорыққанмын. Уайымдама. Сен кездейсоқ таңдалып тұрған жоқсың – факультеттің деканы мен мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағаларының ұсынысы», – деді. Сосын үйіне барып, шай іштік. Кейін өзі жетектеп жүріп, политехникалық институтқа ертіп барды. Кафедрадағы жауапты адамдармен таныстырып, жұмысқа орналастырып кетті. Сол кездесуден кейін ол кісіні көп көре алмадым. Сол кезде ойлап қарасам, Ермеков ағамыздың жасы 71-де екен.
– Әлімхан Ермековтің математикалық еңбектерінің бүгінгі ғылымға, нақты айтсақ, Қазақстандағы математика ғылымының дамуына қандай әсері болды деп ойлайсыз?
– Әлімхан Әбуұлының ғалым ретіндегі басты ерекшелігі қазақ математика ғылымының іргетасын қалағанында деп есептеймін. Себебі қазақ халқынан алғаш болып жоғары оқу орындарына арналған математика оқулығын жазған сол кісі. Оның жазған оқулықтары қазақ тілінде, бірақ латын әрпімен жазылған. Бұл еңбектерді өз көзіммен көрдім, түрлі конференция мен ғылыми жиындарда да осы туралы айтып жүрдік, кафедра деңгейінде де талқыладық.
Сонымен қатар Әлімхан Ермеков – қазақ тіліндегі алғашқы математикалық терминдер сөздігін жасаған адам. Әр ғылымның өзінің тілі мен сөздік қоры болатыны белгілі, сол секілді математиканың да тілін қалыптастырған осы кісі. Бұл өте үлкен еңбек. Оның ғылыми мұралары Қазақстандағы жоғары оқу орындарында шамамен отыз жыл бойы пайдаланылып келді. Өз басым, сол кісінің жолын жалғастырып, бүгінде техникалық университетте ұстаздық етіп жүрмін деп айта аламын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе.
– Ол кісінің қазақ жерінің тұтастығы жолындағы еңбегі ғылым мен саясаттың тоғысында тұрған тұлға екенін көрсетеді. Алаш және Ермеков. Оларды біріктірген идея қандай болды?
– Әлімхан Ермековтің саяси қайраткер екендігі тарихтан, әдебиеттен белгілі. Ол тек ғалым ғана емес, мемлекеттігімізді қалыптастыруға да үлкен үлес қосқан тұлға. Алаш қозғалысы арқылы ол қазақ елінің дербес мемлекет болуына бар күшін салды. Дербес мемлекет болу үшін, ең алдымен, оның өз тілі болуы керек. Ал тілдің өркендеуі – ғылымның сол тілде сөйлеуімен тікелей байланысты. Ғылым өз тілімізде дамыса ғана мемлекеттің негізі бекиді. Осы тұрғыдан алғанда, Әлімхан Ермеков сияқты ұлы тұлғалар бір жағынан ғылымда үлкен өзгерістер жасап жатса, екінші жағынан елдің тағдырына алаңдап, оны саяси деңгейде шешуге атсалысты. Алаш зиялыларын біріктірген де – осы ұлттық идея, тәуелсіз ел болу мұраты еді.
– Ермековтің ұстаз ретіндегі бейнесін қалай сипаттар едіңіз?
– Әлімхан Ермековті өзімнің «ұстазым» деп есептеймін. Неге десеңіз, мен оның тікелей шәкірті болмасам да, өміріме бағыт берген, ұстаздық жолыма себепші болған тұлға – дәл сол кісі. Ол мені таңдап, университетке алып барды. Сол күні 402-аудиторияда бір топқа дәріс оқыды. Сол дәрісті өз құлағыммен тыңдап, ол кісінің білім беру мәнерін, тереңдігін көргеннен кейін, мен оны өзімнің оқытушым деп санадым. Одан бөлек, мен «Ермековтің ғылыми және педагогикалық жолын жалғастырып келе жатқан аз ғана математиктердің бірі – тіпті жалғызымын» деп есептеймін.
– Сіз үшін Әлімхан Ермеков қандай адамдық қасиеттерімен үлгі? Одан не үйрендіңіз?
– Бағана айтқандай, екеуміз көлікте жеке келе жатқан кезде: «менің өмірім өте қиын болды. 18 жылдай қиындық көрдім» дегені есімде. Қарап отырсаңыз, 18 жыл дегеніңізді кемі екі есе көбейту керек. Аз ғана уақыт әңгімелескендегі бір байқағаным, өмірдің сондай қатал тағдырын басынан кеше тұра адамгершілік қасиетін еш жоғалтпағандығы еді. Жастарға құрмет көрсетіп, менің өзіме «сіз» деп сөйлегені нағыз тұлға екендігінің дәлелі. Әр айтқан сөзі сондай жылы, инабатты естілетін. Білімінің асқар шыңын бойына дарытып адамның өз алдында шынайы ашылуына сеп болатынын тағы айтпасқа болмас.
– Бүгінде біз Алаш идеяларын жиі насихаттаймыз. Бірақ соны іске асыруда ғылым мен білімге басымдық беріліп жатыр ма? Ермековтің көзқарасымен салыстырғанда қазіргі ахуалды қалай бағалайсыз?
– Бұл кісілердің басты мұраты – тәуелсіздік еді. Ал тәуелсіздік деген – тек саяси ұғым емес, ол ең алдымен адамның білім мен ғылым жолындағы еркін дамуын білдіреді.
Кеңестік кезеңде біз білім ала алдық, бірақ ол білімнің кеңістігі шектеулі болды. Білім ордалары Алматы, Қарағанды секілді санаулы қалалармен шектелді. Ал егер білімді одан әрі тереңдеткіміз келсе, Ресейге баруымызға тура келетін. Демек, нағыз еркіндік болмады. Ал қазіргі заманда бізге әлемнің кез келген нүктесінде білім алуға мүмкіндік бар. Бұл – сол заманда шырқырап айтып кеткен Алаш арыстарының армандарының жүзеге асып жатқанының бір көрінісі.
– Егер Ермеков бүгін тірі болғанда, сіз оған қандай сұрақ қояр едіңіз?
– Ол кісіні көретін мүмкіндігім болса, менің жас кезімдегі, еш жетістігі жоқ, мүлде танымайтын баланы оқуға алып келгендігі үшін үлкен рақметімді айтар едім. Мені кезінде орнына қойып кеткен кезде маған үлкен сенім артты ғой. Қазір артқа қарасам, сол сенімді ақтадым ба деп өз-өзіме жиі сауал қоямын. Тіпті ол кісіге есеп берер едім. «Маған сеніп кеткен тілегіңіздің бірталайын орындадым ғой, ризасыз ба?» деп сұрар едім.
– Ермековтің ғылыми мектебі мен дәстүрін жалғастыру үшін не істеуіміз керек? Жастарды қалай қызықтыруға болады?
– Ғылымды қалай дамытамыз десек, негізгі ғылыми еңбектерді көп оқуымыз керек. Өз мысалымда математиканы айтатын болсам. Қандай да бір саланың ғалым деген атағын алатын болсақ, ол міндетті түрде өзінің ғылыми еңбегінде математиканың элементін қолданады. Тарих, философия деңіз, барлығында Ермековтің қолданған математикалық аппараттарының бір бөлігі бар. Онсыз ғылым жоқ.
Жалпы, мен математиканы ғылымдардың атасы деп есептеймін. Ғылыми технологияның дамуы үшін теориялық негізі осы жоғары математикада жатыр. Менің жастарға ылғи айтатыным, «техникалық оқуға көбірек түсіңдер» деймін. Дүниежүзінде кез келген бір оқу орнына тапсырарда міндетті түрде математикадан емтихан алынады. Сондықтан да бұл әлем мойындаған ғылым болып қала береді.
– Жалпы, әлімхантанушылар көп пе? Біз Ермековті толық тани алдық па?
– Көп пе, аз ба деп айту қиын. Әуелгі кездерде Ермеков ауыр сынақтарды басынан өткізгеннен кейін, оны жұмысқа алу, тіпті сөйлесу де біразына қиындық туғызды. Міне, сол уақытта Қарағандыдағы техникалық университетке академик Сагинов жұмысқа алады. Өмірінің педагогтық қызметін осы қалада бітірді. Әлімхан Ермеков есімі тарихта мәңгі қалады.
Көп білетін адам, көп білген сайын өзінің аз білетіндігін түсінеді. Сол сияқты біз Әлімхан Ермековтің еңбектері енді ғана шығып жатыр. Мүмкін бұл кісілердің методикалық еңбектерін әрі қарай жалғастырып, зерттеуіміз керек шығар. Қазақ халқының ғылымға деген көзін ашқан Ермековтің елеулі еңбегі әлі талай жыл айтылады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әсет Қали