Сенаттор Дархан Қыдырәлінің айтуынша, ұлттық бірегейліктің тағы бір тетігі – дәстүр. Соның ішінде әр этностың дәстүр-салтына, тілі мен діні, отбасы, ұлттық мәдениетке деген құрмет.
– Кейінгі жылдары ұлтымыздың дәстүрге деген қызығушылығы еселене түскені анық. Бұқаралық мәдениетте, көпшілік санада бұрынғы дәстүрдің жаңарып кіруі ғана емес, жаңа дәстүрлердің қалыптасуын атап өтуге болады. Мысалы, Наурыз мерекесі жалпыазаматтық, этностық қатыстығына қарамастан, ортақ мерекеге айнала алды. Атаулы күндер қатарына қосылған «Домбыра күні» сияқты жаңа мерекелер де азаматтарымыздың жүрегінен орын тауып, қоғамдағы жаңа құндылықтарды орнықтыра түсті.
Заманауи ұлт құру саласындағы негізгі теоретиктердің бірі әлеуметтанушы Андреас Уиммердің зерттеуіне сүйенсек, ұлтты ұйыстыру үрдісінің негізгі факторы тілдік бірегейлік пен инклюзивті саяси институттар екен. Тіл бұл жерде негізгі коммуникациялық орта жасаушы болса, саяси институттар – этностарды интеграциялаушы алғышарттың бірі. Сондықтан бірегейлік туралы айтқанда тіл тақырыбына тоқталмай өте алмаймыз. Бұл ретте қазақ тілі ұлттың өзін-өзі қорғайтын ішкі иммунитеті болғаны белгілі. Әсіресе ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары халқымыздың саны 30% төмен түсіп кеткенде ұлттың өзін-өзі сақтау механизмі іске қосылып, зиялы қауым бастап тілді қорғау майданына жұмылды. Өйткені «сөзі өлген жұрттың өзі де өлетін еді». Тәуелсіздік алған 90-жылдары бұл қорқыныш басыла қоймады. Бір жағынан қазақтың саны әлі 40%-ға жетпеген болса, екіншіден «үрей ішке түсіп кеткен еді». Біздіңше, қазақтың саны 70%-дан асқан, өзге бауырлас этностар мен қазақ тілін қолданушыларды қосқанда 80%-ға жақындаған осы тұста бұл парадигма өзгеріп келеді. Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі этносаралық, халықаралық тілге айналды, – дейді ол.
Сенатор еліміздегі демография да қазақ тіліне жұмыс істеп жатқанын айтты. Мәселен, 2025 жылы мектептегі 1-сыныпқа 340 мың бала қабылданса, солардың 70%-дан астамы – қазақ тілінде білім алушы. Ал осы жылы мектеп бітірушілердің 77%-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуді қазақ тілінде тапсырған. Деректер көрсетіп тұрғандай, мемлекеттік тілдің дамуында демографиялық күштің үлкен екенін айқын байқауға болады. Жалпы, ұлт болып ұйысу үдерісіндегі демографиялық драйв үлкен әсер етуші қуатқа ие екені белгілі. Алдағы декададағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құбылыстарға белсенді қатысушы миллениал (1984–2000), Z-ұрпақ (2000–2015) және Альфа ұрпақ (2011/15-қазірге дейін) өкілдері Қазақстан халқының 67%-ын құрап отыр. Бұл тренд алдағы онжылдықта әлі де өз динамикасын сақтайтынына сенімді.
– Ұлтты ұйыстыра түсетін бірегейліктің тағы бір маңызды компоненті саяси мәдениет пен заң үстемдігі арқылы көрінеді. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптасып келеді. Сонымен қатар заң мен тәртіп үстемдігі мызғымас қағидаға айналды. Елімізде заң алдында бәрі бірдей. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке жол бермейді. Бұл тұрғыда Президент «жасампаз плюрализмді толық қолдаймыз, елге іріткі салатын радикализмге түбегейлі қарсымыз» деген қағидатты берік ұстанады. «Сингапур кереметінің» авторы Ли Куан Ю «Мықты елдерде элита өзгелерге өнеге көрсетіп, заңды алдымен өздері орындайды, ал әлсіз, әлжуаз қоғамдарда элита заңды бұзады», деген екен. Президент Тоқаев осы қағиданы қаперде ұстаса керек, саяси реформаларды әуелі өзінен бастады. Жақын туыстарын билікке әкелуге тыйым салып, партия төрағалығынан бас тартты, президенттік биліктің жекелеген тармақтарына шектеу салып, оңтайлы өзгерістерді жүзеге асыруда өзі өнеге көрсетті. «Тура биде туған жоқ» екенін айқын аңғартты. Ынсапсыз жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес, шетелге заңсыз кеткен қаржыны қайтаруға арнайы комиссия құру, олигархтардың үстінен іс қозғалып, тергеуге алынуы да халықтың сенімін еселей түсті.
Өткенге үңілсек, заң үстемдігінің философиялық негізі есте жоқ ықылым замандардан бастау алады. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру, адамдар арасындағы әлеуметтік қатынастарды реттеу, адамды адаммен теңестіруші – заң мен тәртіп. Әрине, тарихи кезеңдерде заң мен тәртіп үстемдігін дамытқан легализм мектебінің түрлі өркениеттерде (Ежелгі Қытай, Қосөзен, Ежелгі Эллин, Рим өркениеті) орталық идея тудырушы ағым болғаны анық. Бұл – жай тәртіп үшін қатал болу, билік құру үшін заң үстемдігі емес, одан да терең, қоршаған ортаны жүйелендіру, хаосқа тәртіп әкелу сынды фундаменталды қажеттіліктен туатын сұраныс. Бұл ретте «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды», деген Бауыржан Момышұлының сөздерінен дәуірлерден жеткен даналықты байқауға болады. Өйткені кезінде кесімді шешімдерін айтқан билердің үкімдері де қатаң тәртіпті қағидатқа айналдырған.
Ұлттық бірегейлікті қалыптастырып, орнықтыратын құндылықтарды тізбектей беруге болады. Олардың қатарында тәуелсіздік, құқық үстемдігі, қоғамдық диалог, азаматтық жауапкершілік, ғылым мен білімге ұмтылыс, қауіпсіздік сезімі және ұлттық мінезді қалыптастыратын еңбекқорлық, жасампаздық, экологиялық мәдениет, ізгі ниет, плюрализм сияқты құндылықтарды атап өтуге болады. Бұл ретте «Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады» деген Мемлекет басшысы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін қажетті құндылықтарды жүйелеп берді.
Қорыта айтқанда, қазір адамзат өркениет туралы толғам түсінігін қайта қарауда. Құндылықтар қайта таразыға түсіп, өркениеттер өзгеретін бұл сын сәтте біз де қарап қала алмаймыз. Осындай ауқымды өзгерістер заманында, тарихи кезеңде ел азаматтардың ішкі дүниесіне жақын, әсіресе демографиялық тұрғыдан жас ұрпақ доминант топтар үшін заманға сай ұстанымдар мен қағидаттар қалыптастыратын ортақ идеялар қажет екені белгілі. Әрине, қазіргі заманда бұрынғыдай монополияға сүйенген бір идеология құру мүмкін емес, алайда пазыл құрастыру үшін картинаны тұтас көре білу маңызды. Сондықтан саяси-әлеуметтік өзгерістерді түсіндіре алатын, жаңа сападағы саяси ұлт құратын жүйеленген дискурс ұсына алу, оны іске асыру керек. Осы бағытта орта державаға айналған еліміз үшін Президент ұсынған жоғарыда айтылған идеялар мен бастамалар бұлжымас бағдар болары анық. Ендеше, бағытымыз белгілі. Енді керегі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «бірлік керек, керектердің жолында жұмыс істеу керек». Осы ретте ұлтымыздың жаңа болмысы сәт сайын сақайса, күн сайын күшейсе, ай сайын алға озса деген арман да жоқ емес. Ол арман қамсыздықтан емес, қайраткерліктен, қамқорлықтан, уақыт пен ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен туған ортақ аңсар болса игі, – дейді Дархан Қыдырәлі.