in

Сөз өнеріне ғашық жан

Айыпберген Балтабайұлы – Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының тумасы. Құрылыс мамандығы бойынша инженерлік жоғары білімге ие болғанымен, шығармашылыққа жаны жақын, бірнеше кітаптың авторы және әлемге танымал қаламгерлердің туындысын қазақ тіліне тәр­жі­малаған аудармашы. Жиынға қатысқан ақын, драматург, ма­насшы Баянғали Әлімжанов жазушының жарыққа шыққан жаңа кітабы мен аударма өлеңдері жайында сөз қозғады. 

– Біздің ұқсастығымыз – еке­уіміздің де әкеміз Ұлы Отан со­ғы­сының ардагері. Ал өзіңіз құры­лыс­шы әрі ақынсыз. Жаңа кі­табыңыз «Сөз өнеріне ғашық жан» деп аталуы тегін емес. Және оның астары терең деп ойлаймын. Бұл атау – кітапқұмарлықтан, ғашық­тықтан туған. Өлең жазып қоймай, А.Пушкиннің, М.Лер­мон­товтың өлеңдерін аудар­ды­ңыз. Бұл әйгілі ақындардың өле­ңін Абай атамыз да аударды. Содан қалғанын сіз қазақ тіліне тәржімалап, ұлы ақын ізімен келе жатқаныңыз ұрпаққа мәңгі мұра болып қалмақ, – деді жазушы Б.Әлімжанов.

Айыпберген Балтабайұлы шы­ғармашылық жолын 1998 жылы бастаған. Ғылыми-іздену жұмыс­тарымен қатар айналыса жүріп, «Жүрек жылуы», «Назеркем», «Ғашықтар әні», «Сағыныш са­зы», «Жұлдызды ғұмыр», «Біздің Димекен», «Оңтүстік Әділханы», «Алтын қолды хирург», «Тағдыр», «Жан жылуы», «Сырласу мен мұңдасу», «Бақыт жолында» атты кітаптары мен «Бес томдық таң­дамалы шығармалар жинағы» жарық көрген. Енді солардың қа­тары «Сөз өнеріне ғашық жан» атты кітабымен толықты. Бұл кі­тапты жоғары баға­лаған жур­на­лист Қарашаш Тоқ­санбай ав­торды мерейтойымен құттықтап, ру­ханиятқа қосқан үлесі туралы да аз-кем сөйледі. 

– 2010 жылы «Ауыл ақыны» тақырыбында жазылған мақала бердім. Сонда әріптестерім де қызығып, кітаптарыңызды алып оқыды. Бұдан шығармашылық қуатыңыздың пісіп-жетілгенін көреміз. Ауылдан шыққан ақын­дарды қаламгерлер ортасына қосып, мерейін үстем етіп, қолдау білдіріп, жақсылықтарды ұрпаққа ұластырып отыруымыз керек. Көңілімізге жақсы ой ұялатып, ауылдың әдемі иісін, тазалығын әкеліп, аңсап отырған көңілге жылылық ұялатқаныңыз үшін ризалығымызды білдіреміз, – деді Қарашаш Тоқсанбай.

«Сөз өнеріне ғашық жан» кі­табы – А.Балтабайұлының ұзақ­жылдық еңбегінің жемісі. Жа­зушының аудармашылық еңбегі де ұлттық әдебиетімізге қосылған сүбелі үлес болып отыр. Қысқасы, бұл жиын – ауылдан түлеп ұшқан ақынның руханиятқа қосқан зор үлесінің, әдебиетке деген шексіз махаббатының айғағы болды. Жиында бас қосқан қаламгерлер қазақ руханиятына қосылған туын­дының авторына жылы лебізін айтып тарқасты.

С. БЕГІМБАЙ