Жаз ортасы келгенде доллардың теңгеге шаққандағы бағамы тағы да қымбаттап, ұлттық валютаның құны құлдырай түсті. Қазақстан Қор биржасының (KASE) мәліметінше, кеше 1 АҚШ долларының орташа бағамы 533,61 теңгені құрады. Осылайша, шілде басталғалы ұлттық валюта шамамен 2,7%-ға немесе 14 теңгеге әлсіреді. Бұл – осы уақытқа дейін тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін мұндай күрт өзгеріс соңғы рет 2024 жылдың сәуір айында тіркелген болатын. Теңге бағамының «теңселуіне» не түрткі болды және бұл құбылысқа қаншалықты маңыз берген абзал?
Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, теңгенің әлсіреуі маусым айының ортасынан бастау алған. Ал шілде айының ортасында жағдай қайта ушығып, валюта бағамы тағы да төмен түсті. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, доллар бағамының күрт өсуіне нарықтың жаңа бюджеттік бағдарға шамадан тыс реакциясы себеп болған.
– Бұл бағдар макроэкономикалық көрсеткіштерді қайта қарау аясында жарияланды. Жаңа болжам бойынша доллардың орташа жылдық бағамы бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 13,7%-ға жоғары болды. Нарық қатысушылары бұл өзгерісті теңгенің әрі қарай әлсіреуіне жол берілгендей қабылдады. Соның салдарынан импорттаушылар, бизнес өкілдері мен қарапайым халық тарапынан кейінге қалдырып келген доллар сатып алуға деген сұраныс күрт артты. Ал шетел валютасының нарықтағы ұсынысы бұл сұранысты жаба алмады. Нәтижесінде, валюта бағамы бірден көтеріліп кетті. Орталық банктің мұндай жағдайда әдетте қолданатын түсіндіру шараларын уақытылы жасамауы (яғни, «сөздік интервенция» болмауы) нарықтағы доллар бағамының әрі қарай да өсе беретініне деген сенімді күшейтті, – дейді маман.
Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Үкіметтің доллар бағамы 540 теңге болады деген мәлімдемесі нарық қатысушылары үшін бағдар немесе белгі ретінде қабылданбауы керек екенін айтады.
«Бұл тек техникалық есеп үшін қолданылатын шартты көрсеткіш. Ол республикалық бюджеттің базалық сценарийін есептеу кезінде қолданылады. Мұнай бағасы 60 доллар деп алынған, ол да келесі 2026 жылға арналған. Бұл – Үкіметтің сақтықпен жоспарлау тәсілін көрсететін параметр. Қазір өздеріңіз білесіздер, мұнай бағасы шамамен 70 доллар деңгейінде», – деді Ұлттық банк өкілі.
Сонымен қатар ол маусым айындағы теңгенің әлсіреуіне әсер еткен екі басты себепті атады. Біріншісі –демалыс маусымының басталуы, екіншісі – түрлі тауарды шеттен әкелуді қажет ететін мемлекеттік инвестициялық жобалардың белсенді кезеңге өтуі.
«Ұлттық валюта нарығында шетел валютасына деген сұраныс тұрақты. Оған, әсіресе, маусымдық факторлар себепші болып отыр. Сонымен қатар жылдың екінші жартысында мемлекеттік бюджет қаржысының белсенді игерілуі, импортқа төлемдердің көбеюі және шетелге шығатын туризмнің артуы шетел валютасына сұранысты күшейтеді. Маусым айынан бастап импорт көлемі жыл басындағы орташа айлық деңгейден 25%-ға жоғары болған. Валюта биржасындағы сауда көлемі де орта есеппен 22%-ға ұлғайған», – дейді Әлия ханым.
Сондай-ақ оның айтуынша, нарықта шетел валютасының ұсынысы азайып, квазимемлекеттік сектор тарапынан жасалатын валюталық операциялар саны кеміген. Осыған байланысты кейбір кезеңдерде нарықта шетел валютасының жетіспеушілігі байқалып, бұл доллар бағамының өсуіне ықпал етуде.
Ұлттық банк өкілі сыртқы жағдайлар әлі де қолайлы екенін айтты: мұнай бағасы шамамен 70 доллар деңгейінде, әлемдік нарықта доллар индексі төмендеп жатыр, ал инвесторлар әлі де тәуекелге бейім активтерге қызығушылық танытуда. Алайда соңғы күндері валюта бағамының ауытқуына негізгі экономикалық себептерден тыс факторлар әсер етуде.
«Қазір байқалып жатқан теңгенің әлсіреуі қисынсыз деп санаймыз және нарықтағы бағам түзетілуі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Сондықтан шетел валютасын сатып алуға қатысты шешімдерді асықпай, ойланып қабылдаған жөн. Себебі болашақта бағам түзелсе, шығынға ұшырау қаупі бар», – деді Ә.Молдабекова.
Шілде айының басында Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамада сарапшылар бір жылдан кейін доллар бағамы 548,5 теңге болады деп болжаған. Дегенмен қауымдастық өкілі Рамазан Досов Ұлттық банк тарапынан жасалатын интервенциялар мен белгі беруші шаралар валюта бағамындағы күрт ауытқуды жұмсарта алады деген пікірімен бөлісті.
– Болашақта доллар бағамының өзгерісі бірқатар факторға байланысты болады: мұнай бағасына, серіктес елдердегі пайыздық мөлшерлемелерге, рубль бағамының динамикасына, ағымдағы есеп балансына, шетелдік инвесторлардың теңгелік активтерден кетуі немесе келуіне, импорт көлемінің өсуіне, мемлекеттік қаражаттың игерілуіне және т.б. байланысты. Егер импорт жоғары деңгейде қала берсе, ал экспорттың өсуі баяу болса, теңгеге қысым жалғасуы мүмкін. Дегенмен, мысалы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) үшін шетел валютасын сатып алуды уақытша тоқтату (әсіресе, шетелдік активтерді қайта бағалау жүргізілгенде және қымбат бағамен валюта сатып алудың қажеті жоқ кезде), квазимемлекеттік сектордың экспорттық табысын міндетті түрде айырбастап сатуын талап ету теңге бағамын тұрақтандыруға көмектесе алады, – дейді ол.
Қорыта айтқанда, қаржы нарығының құбылуы қалыпты үрдіс. Сондықтан сарапшылар мұндай толқуларды уақыт өте келе нарық өзі түзетіп, қалыпты деңгейде түсіреді деген пікірде.
Кәмила ДҮЙСЕН