in

«Токиодан асып кеттік»: Қазақстанда интернет сапасының өте нашар болуына байланысты шағымдар түсті

Осыдан екі жыл бұрын салаға жауапты экс-министр Бағдат Мусин “Қазақстан интернет сапасы жағынан Токионы асып кетті” деп жұртшылықты аузына қаратқан еді. Сол пікірі үшін де бұрынғы министр біраз күлкіге қалған. Өйткені сол уақыттағы интернет сапасы өте қуатты болды деуге келе қоймас. Бірақ жағдай содан бері әлі аса өзгере қойған жоқ. Себебі қазақстандықтар соңғы күндері байланыс пен интернеттің баяу жұмыс істеп тұрғанына шағымданып жатыр , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

4 қыркүйекте Activ/Kcell абоненттері байланыссыз қалған еді . Ал бүгін әлеуметтік желілерде “Қазақтелеком” интернетінің де тым баяу жұмыс істеп тұрғаны туралы жазбалар көбейді.

Желі қолданушылары: “Интернетке не болды? не мобильді интернет, не Wi-Fi істемейді”, “YouTube-қа не болды?”, “VPN көмектесті, бүгін YouTube-ты бұғаттап қойған сияқты”, – деп пікір білдіріп жатыр .

Дегенмен “Қазақтелеком” АҚ баспасөз қызметі интернет желісінде ешқандай ақау жоқ екенін хабарлады:

“Жүргізілген техникалық тексеріс қорытындысы бойынша, телекоммуникациялық желінің жұмысында ешқандай ақау анықталған жоқ. Деректерді беру желілері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр”, – делінген ресми хабарламада.

Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі YouTube платформасының Қазақстанда расымен әдеттегіден баяу жұмыс істеп тұрғанын мойындады. Қазір ақаудың себебі анықталып жатыр.

Айта кеткен жөн , YouTube-тағы ақаулар Қазақстанмен қатар Ресейде де байқалған. Е ң көп шағым 4 қыркүйек күні сағат 15:00-де тіркелді. Олардың ішінде Астана, Алматы, Петропавл, Мәскеу және Санкт-Петербург тұрғындары бар.