in

Тоқаев Курчатов қаласына жаңа мәртебе берілетінін мәлімдеді

Ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инженерлік-техникалық кадрларды даярлау, ғылым қалашықтарын дамыту мәселелеріне назар аударып, Курчатов қаласына жаңа мәртебе беру туралы айтты, деп хабарлайды astana24.com Ақордаға сілтеме жасап.

"Білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға баса назар аударған жөн. Бұл ретте негізгі жауапкершілік жоғары оқу орындарына жүктеледі. Ұлттың зияткерлік қуаты дәл осы білім ордаларында қалыптасады.

Университеттер өз миссиясын адал атқарса, білікті мамандар мен кәсіби кадрлардың қатары арта түсері сөзсіз.

Бұдан бөлек, ғылым қалашықтарына және қарқынды дамитын қалаларға жаңа технология енгізуді жолға қоюымыз керек. Қазір Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр.

Инвесторларды осындай даму орталықтарына қаржы салуға ынталандыру қажет. Бұл да – Үкіметтің өзекті міндеттерінің бірі.

Тоқетерін айтсақ, алда атқаратын шаруа көп. Ширақ қимылдап, тиянақты жұмыс істеуіміз керек. Ғылым саласындағы күрделі мәселелерді мемлекет пен ғылыми қауымдастық күш жұмылдырып, бірлесе шешеді деп ойлаймын", – дейді президент.