Quartz сайты жариялаған хабарламаға сүйенген Aikyn.kz , АҚШ азаматтығын тез алу бағдарламасын түсіндіреді.
Әлемнің ауқатты 10 миллион адамына «алтын карта» сатып, АҚШ 50 трлн доллар пайда көрмекші. Фото axios.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Mandel Ngan
Дональд Трамп бай шетелдіктердің АҚШ-қа инвестиция құйып, 36,2 трлн мемлекеттік қарызын өтеуге көмектескенін қалайды. Бағдарламаға қатысты нақты мәліметтер әлі толық жарияланған жоқ.
Бейсенбі күні (12 маусым) Трамп әкімшілігі жаңа веб-сайтты іске қосты. Бұл сайт шетелдің ауқатты азаматтарын АҚШ азаматтығын жедел түрде алуға өтініш беруге ынталандыру мақсатында жасалған.
«Алтын карта» деп аталатын веб-сайтта аты-жөнін, шыққан аймағын, электронды пошта мекенжайын және отбасылық жағдайын көрсетуге арналған бөлім бар. Онда президент Дональд Трамптың ашулы келбеті бейнеленген алтын карта көрсетілген. Оның екі жағында Бостандық мүсіні мен қыран бүркіттің бейнесі орналасқан.
Сауда министрі Говард Лютник Fox Business Network арнасына берген сұхбатында 15 сағат ішінде https://trumpcard.gov сайты арқылы «алтын картаға» 25 000 адам өтініш білдіргенін айтқан.
«Біз сатуды (картаны – авт.) шамамен екі аптадан кейін бастаймыз деп үміттенеміз. Сіз дұрыс түсініңіз. Егер біз миллион (карта – авт.) сатсақ, миллион (адам – авт.) 5 триллион долларды құрайды. Егер біз 10 миллион сатсақ, мүмкін 10 миллион жоғары өнімді адамдар келеді… Бұл 50 триллион доллар. Бұл біздің қарызымыз толық өтеліп, үстінен 15 триллион доллар пайда көретінімізді білдіреді», – деген еді Трамп журналистерге өзінің министрлер кабинетінің отырысында.
Заңгерлер «алтын картаны» енгізу Конгрестің мақұлдауын қажет етіп, заңдық қиындықтар тудыруы мүмкін екенін айтуда. Фото qz.com сайтынан алынды
Трамп бұл бастама шетелдіктерге грин-картаға ұқсас тұрақты тұрғын мәртебесін беретініне сенімді екенін айтты.
«Бай адамдар біздің елге осы картаны сатып алып келеді. Олар бай болады, табысты болады. Көп ақша жұмсап, көп салық төлейді және көп адамды жұмысқа алады. Бұл өте сәтті бастама болады деп ойлаймыз», – деген еді Трамп ақпан айында.
Сауда министрі Говард Лютниктің айтуынша, бұл бағдарлама EB-5 визасының орнына енгізіліп отыр. EB-5 – АҚШ азаматтығына қол жеткізудің ұқсас жолы. Осы виза бойынша шетелдік инвестор кемінде 800 000 доллар инвестиция салып, кемінде 10 жұмыс орнын ашуы тиіс. Аталған визалық бағдарламаны алып тастау Конгрестің мақұлдауын қажет етуі мүмкін. Өйткені ол 2022 жылы қайта жанданған болатын.
«Алтын карта» бағдарламасына қатысты нақты мәліметтер әлі де толық емес. Заңгерлер болса болашақта карта заңдық қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін ескертуде.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.